Аймақ

Жаңа Райымбек ауданында жұмыс басталды

Елбасы Жарлығымен Алматы облысының Райымбек ауданының әкімшілік құрылысына өзгеріс енгізіліп, орталығы Кеген ауылы болатын Кеген ауданы және орталығы Нарынқол ауылы болатын Райымбек ауданы болып қайта құрылған болатын. Қазір жаңа аудандағы ұйымдастыру жұмыстарының алғашқы кезеңі аяқталып, Райымбек ауданының әкімдігі Нарынқол ауылына көшіп, жұмысын бастады.

Өткен сенбіде облыс әкімі Амандық Баталов Кеген және Рай­ымбек аудандарына жұ­мыс са­парымен барып, өңір тұрғын­да­рына екі ауданның жаңадан та­ғайындалған әкімдерін таныстырды. Тиісінше, жаңадан ашыл­ған Райымбек ауданының әкімі болып Жолан Омаров тағайындалса, Кеген ауданын басқару міндеті Талғат Баеділовке жүктелді. Сондай-ақ облыс басшысы Нарынқол ауылындағы әкімшілік басқару орталығы мен қызмет көрсету орындары ор­наласатын ғимараттардағы жөн­деу жұмыстарымен танысып, бірқатар ескертпелер айтты. Ал аудан әкімінің аппараты уақытша ғимаратқа қоныстанып, жұ­мысын бастады. Осылайша облыстағы он жетінші ауданның орталығында тіршілік көрігі қыз­ды. – «Темірді қызған кезінде соқ» дегендей, Президент Жар­лы­ғы шыққан күннен бергі санау­лы уақыт ішінде аудан орта­лы­ғын көшіруге қатысты қыруар жұ­мыс атқарылды. Ең бастысы шекараның шебіне аудан орта­лы­ғы қоныстанды. Жас, іскер әкім тағайындадық. Енді өңірдің ты­нысы ашылып, ауыл көркеюі ке­рек. Облыс әкімдігі тарапынан барлық көмек, қолдау жасалады. Жаңа аудан ауылға жастардың қайтып келуіне ұйытқы болуы тиіс. Енді Нарынқолда бизнес дамып, жаңа жұмыс орындары ашылады, – деді аудан тұрғындарымен кездескен облыс әкімі Амандық Баталов. Шекаралық ауданды дамытуға қатысты жоспарды жүзеге асыру өңір­дегі ауыл шаруашылығының өрісін кеңейтеді. Негізінен мал өсіріп, картоп егумен даңқы шыққан Нарынқол аймағының еңбеккерлері үшін жарқын бола­шақ жақын. Әсіресе картоп ша­руа­шылығын демеп, қолдау жа­сау Нарынқол топырағында өн­ген өнімнің облыс, қала берді елі­міздің сұранысын өтейтіндей мүм­кіндікке жол ашады. Биылғы жы­лы картоп егістігінің көлемін арт­тырып, 110 мың гектарға жет­кізу міндеті тұр. Жалпы, жаңадан ашылған аудан­да жасалатын жұмыс ауқы­мы үлкен. Нарынқолдағы ғи­ма­ра­т­тар мен нысандардың бар­лығы дерлік күрделі жөндеуді қажет етеді. Ауылдың жолдары да сын көтермейді. Жастар мен тұр­ғындардың туған ауылына ора­луына да жағдай жасау керек. Ол үшін баспана мен басқа да мәдени-спорт нысандарының есі­гі ашық болуы тиіс. Мұнсыз ше­ка­радағы ауылдың шамы самала­дай жарқырамайтыны аян. Ел ке­л­е­шектен үмітті. Нарынқолдың на­ғыз дәуірлеу кезеңі туады деп сенеді. Айтпақшы, осы сапарында Амандық Баталов Нарынқол ауылында жаңадан 50 үй салына­ты­нын айтты. Баспана қыз­мет­керлерге арнап тұрғы­зылады. Бұл – ауданға жастарды, білікті ма­м­ан­дарды тартудың бірегей жо­лы.

Қалмаханбет МҰҚАМЕТҚАЛИ, «Егемен Қазақстан»

Осы айдарда

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *