Қызық...

Нарынқол – Москва бағыты…

Жердің бір жеріндегі біздің ауылдықтардың бір жырғап қалатыны осы кез. «Қараша, желтоқсанмен сол бір екі ай».

Отын түскен, шөп жиналған, егін орылған, кәртүшке қазылған. Мектептегі мұғалімдер мен аурухананың аз ғана қызметкерлерінен басқалардың көктемге дейінгі ермегі дивиди. Қарға оранған ауыл мүлгіген тыныштыққа енеді. Көмір сататын жүк көліктерінің гүрілі ғана естіледі. Әкімнің ақ нивасы Шыңғыс Айтматовтың шығармасындағы пойыздай батыстан шығысқа қарай, шығыстан батысқа қарай жүйіткіп бара жатады. Алда байғұс-ай, шаруасы көп шығар. Бұл ауылда иттер де бейсауат үре бермейді. Алақандай ауылдың азғантай адамдарын бәрі тұтас танып алған.

Кешқұрым Әшәләй Жәкөштікіне соғады. Кешегі алып кеткен дивидидің дискін әкеп беріп, орнына басқасын алмақ. Құры тұрмай, езулеріне шылымдарын қыстырған қалпы, кеше көрген киноларының әсерімен бөліседі. «Сонша азапты жеңіп келіп, соңында не за что өліп қалды иә»,-дейді. «Айтпа!». Кетіп бара жатқанда ескертеді: «Өткен жолғы диск сызылып кетіпті, мынаны байқашы, ішінде әлі көріп үлгермеген екі кином бар».

Тып-тыныш жатқан ауыл адамдарының көктемге дейінгі ендігі тірлігі осы бір тыныштықты бұзып алмай, бірін-бірі қонақ қылып, Құдайдың берген несібесінің берекесін кетіріп алмай жеу ғана.

Бұл ауылдың адамдарының бір жырғайтын кезі осы кез дедік. О не жырғау? Кәртүшке сату! Кәртүшке сортталған. Кәртүшке төрт топта сортталады. Бармақтай ұсақтарын бөлек алып қалады. Оны қыста ірі қараға береді. Жем есебінде. Одан ірілері, жарым жұдырықтайлары – тұқымдық. Оны әбден құрғатып, ұраның түпкіріне төгеді. Одан кейінгі бұжырлары мен, қазғанда күрек кескендері бергі бөлікке салады. Ең әдемілері, ірілері сатуға алынады. Жаз бойғы еткен еңбек, төккен тердің жемісін жегізетіні де осы. Біреулер қыста, көктемде, қымбаттағанда сатамыз деп ұраға салса, енді біреулер бірден қапқа қаптайды. Қапқа қаптағандардың өзі екі топқа бөлінеді. Біреулері осы ауылдан алатындарға-ақ сатады. Енді біреулері қалаға апарып өздері сатады.

Біздің Жекен биылғы жылы қалаға апарып сататындардың қатарынан болды.

– Қашанғы жем боламыз әкең, бес-он теңге болса да қымбатқа өтеді, өзім апарам, – деген.

Ертең жолға шығамын деген күні жүк таситын жеке көлігі бар ауылдасының мәшинесіне қырық мөшек картобын басып, өзі моншаны сақырлатып жағып, жақсылап түсіп алды. Моншадан шыққан бетте шәй ішіп отырып әйелінің керекті заттарды жазған тізімін оқыды.

Балаларына керекті киім-кешектен бастап, азық-түлікке дейін тұтас жазыпты. Арасында өзін де ұмытпапты. Ватсабы бар сотка, халат, орамал, сүйретпе. Тізімді оқып болғасын мырс етіп күлді. Күлді де:

– Төу, бір мәшине кәртүшкемен барып, бір мәшине тауармен қайтады екенмін ғой,-деді.

– Ауылдан алсақ қымбатқа түседі. Ақыр бара жатырсың, сол жақтан әкел,-деді.

Ертең ерте тұру керек. Екеуі төсектеріне жата кетті. Балалары әлдеқашан ұйықтап қалған екен. Ұйықтамай жүрген Берген деген кіші ұлы ғана.

– Әке, маған автомат, камаз, конструктор әкеп бер,-деп қыңқылдап жүр.

Қырық мөшек картоп әкелген Жекеннің саудасы сәтті болды. Жүк тасушы жігіттің де жақсы таныстары бар екен, соларға тұтасымен бірақ сатты. Сауда сақал сипағанша деген рас екен.

Картобын сатып, сартылдатып ақшасын санап алған Жекен осы қалада тұратын кластасына хабарласты. О немеде іші пысып жатқан біреу ме, жетіп-ақ келгені. Келген бетті:

– Керек-жарағыңды ертең түгендеп, ертең аламыз, бүгін жақсылап отырайық, біздің үйге қонасың,-деді.

Екеуі бірден досының үйіне тартпай, «Саяхаттың» маңындағы ортаңқол кафелердің біріне кірді. Бұл идея Жекенге де ұнаған. Үйде отырып ішіп-ақ жүр ғой, бір келгенде кафені де көру керек қой. Оның үстіне шашлыкқа да аңсары ауып жүрген.

Екеуі кірген бетте даяшы келіп тапсырыс алды. Досы билікті өз қолына алған. Көлемі құшақ толтырарлық дәптерді парақтады дейсің. Арасында бұдан не қалайсың деп сұрап еді, сен не қаласаң сол болады да дегендей қылды. Досы тапсырысты беріп болды да:

– Сыраңды жылдамдатып жібер,-деді.

Бетіне көбік тұнған сары сыра жедел жетті. Екеуі соғыстырып, тартып жіберді. Бір ұрттағанда-ақ орталанды.

Әйелінің: «Жекен, қалада ішпе, барыңнан айырылып қаларсың, үйге кеп бірақ іш»,-деген ескертпесі жайына қалды. «Көп ішпеймін ғой, қазір сәлден соң, досымның үйіне барамын, не қауіп» деп өзін-өзі демеп қойды.

«Көп ішпеймін, сәлден соң,..» дегендері жайына қалыпты. Бұлар біразға шапқан көрінеді. Екеуі де қызыңқырапты. Жекен масқа таяу. Бір кезде үстелге басын қойған күйі қор ете қалды.

Досының қалтасындағы ақша кафемен есеп айырысуға ғана жетті. Қалған-құтқаны метроға ғана жетеді екен. Бір шетінен жер астындағы жүйіткіген көліктің кереметін көрсін деп метроға отырмақ болды. Бекетке дейін сүйемелдеп апарды. Түнгі салқында есін жиятын шығар деген үміті ақталмады. Сол сүйемелдеген күйі метроға кіргізіп, бос орынның біріне отырғызды. Өзінің де әл-дәрмені құрыса керек, сылқ етіп отыра кетті. Шараптың буы мен шаршағандығы жанындағы Жекенді ұмыттырып жіберді. Өзінің түсіп жүрген станциясына жеткенде өзі ғана түсіп қалды. Жекен кете барды.

Метро көлігі сылқ етіп тоқтағанда бұл басын жанында тұрған ұстағыш темірге ұрып алып оянды. Есі кіресілі-шығасылы. Тұманданған санасы ештеңені ажыратып болар емес. Қашан ұйықтады, қайда оянды, мынау не өзі? Бәрі де белгісіз. Есіне ештеңе түсер емес. Өмірі көрмеген көлігі. Пойызға ұқсайды. Бірақ, төсектері жоқ. Барар жеріңе отырып баратын пойыздар да болғаны ғой сонда. Пойызы несі, Құдай-ау. Мен мұнда неғып отырмын. Жыларман болды. Айналасында өңшең таныс емес адамдар. Бәрі де теріс қараған қалпы, пойыздан түсіп бара жатыр екен. Бір-екі орыс пен тағы бір-екі өзге ұлт өкілін көріп қалды. Қазақ көргенде қуанып кетіп, жанына жақындап барып, батылсыздау үнмен: — Бұл қай жер деп сұрады?

Асығыс адам: — «Москва»!-деп қысқа қайырды да түсіп кетті.

Москвасы несі? Бұл сенер-сенбесін білмей аңтарылып тұрып қалды. Елдің бәрі баспалдақпен көтеріліп бара жатыр. Көзін уқалап жіберіп қайта қарады. Міне, ғажап, адамдардың аяқтары қимылдамайды. Бірақ бәрі де бірқалыпты көтеріліп барады. Енді есіне түсті, бұндай өзі қозғалатын баспалдақты кинодан көрген. Бұндайлар шет елдерде ғана болатын шығар деп ойлайтын. Сонда шынымен Москвада жүргені ме? Бірақ, қазақтардың да қарасы көп сияқты. Несі бар, Алматыда орыстардың көптігі сияқты, Москвада да қазақтар баршылық шығар. Қатардағы әдеміше қыздан: — Бұл қай жер?-деді. Француз әтірін себінген қыз да бұның ішімдік сасыған күлімсі иісінен жиіркеніп:

– «Москва»!-деп, тақ ете қалды.

Бір емес, екі адам Москва деді. Алдайтындай, әзілдейтіндей олар бұның танысы, құрдасы емес. Демек, Москва! Міне, ғажап! Басы жетер емес. Сонда ол қалай келіп жүр бұнда!

Ана екеуінің «Москва» дегені – «Москва» дегені ғой. Солардың шалағай жауабының кесірі емес пе, мынаның миын айналдырып жіберген. Нарынқолдан кеше келген бұ байғұс бекеттің атын айта салғанға түсіне қоятындай метроңды білуші ме еді. Ойпырмай, әшейінде әр бекет сайын қаңқылдап айтып тұратын қондырғының тілі неге байланып қалды екен, ә?. Әлде өз-өзіне келе алмай отырғанында бұ байғұс оған назар аудармады ма екен. Назар аудармағаны ғой.

Иә, Жекен досы екеуі Алматы қаласындағы Райымбек батыр мен су жаңа Назарбаев көшесінің қиылысындағы бекеттен мінген. «Райымбек» бекетінен. Шалағай жауап беретін қалалықтардың тілімен айтқанда «Райымбектен». Жолдасы «Байқоңыр» бекетінен түсіп қалған. Сол баяғы ішкіліктің кесірінен. Соның салдарынан сарсаң болып отырысы мынау.

Бұл сыртқа шығып, басы айналып біраз тұрды. Қолында ұялы телефоны да жоқ. Жатқа білетін жалғыз номері әйелінікі еді. Соған хабарласпақ болды. Мән-жайды түсіндірмесе болмайды. Ол енді біреулерден өтінгісі келді. Бірақ, метроның соңғы пойызымен «Москваға» жеткен Жекенге түннің бір уағында кім телефонын бере қояр екен.

Өтіп бара жатқан еңгезердей бір орысқа әскердегі үйренген шалажансар орысшасымен «можна ваш телефон минуточку» деді. Ана орыс бұның ешқандай да қауіпсіз емес екенін, қауіпсіз болғанда да өзіне қауіп төндірерлік қауқары жоқ екенін, адасып жүрген міскін екенін біліп, ұялы телефонын ұсынды. Ұсынып тұрып: — Только, не долго,-деді.

Бұл қарбаласып әйелінің номерін тере бастады.

– Алло.

– Алло, Зәмзә бұл мен ғой, Жекен.

– Әй, не болды саған, даусың біртүрлі ғой.

– Мен… мен… адасып…

– Адасқаны несі?

– Адасып Москваға кетіп қаппын. Осы қазір ғана пойыздан түстім.

– Не дейді мына жынды. Ей, сен ішкенсің ба? Ішіп алғансың ғой. Мен саған не дедім?

– Иә, аз ғана ішкенмін. Содан… Оянсам, Москвада жүр екенмін.

– Ой, ит алқаш-ай. Ақша қайда?

Осы аралықта ол сонау Мәскеуде адасып жүргенінде әйелінің өмірлікке серттескен күйеуін ойламай, ақшаны уайымдағанына өкпелеп те алды. Әйелі мазасызданып барады?

– Ей, ақша қайда деймін мен саған.

Шынында ақша қайда? Жекен қолын бірден кіндігінен төмен қарай бұтына тығып жбірді. Ух, тұр екен. Әйелі қалтаңа салсаң жоғалтып аласың деп, ішкиімге кең қылып қалты тігіп берген. Жекен барлық ақшаны соған салып алған.

– Ей, немене тіліңді жұтып қойдың. Ақша қайда!

– Бұтымда.

– Түгел ме?

– Түгел.

– Түгел болса, есіңді жиып, тез қайт.

– Қайтіп қайтам?

– Қалай барсаң, солай қайт.

– Мен қайтіп келгенімді білмеймін ғой…

– …

Осы аралықта әңгіменің созылып бара жатқанына жүйкесі шыдамаған орыс Жекеннің қолынан телефонын жұлып алды да кете барды. Бағанадан бері жыларман болып тұрған Жекен енді жылап жіберді. Өксіп жылады. Дүниеде осындай да қорлық болады екен ғой. Шеткеріде тұрған сәкілердің біріне отыра кетті.

Осы аралықта, Жекенді пойызға ұмытып, өзі Байқоңырдан түсіп қалған досы жер бетіне шыққан бетте такси ұстады. Бірден осы Мәскеу бекетіне тартты. Өйткені досының соңғы аялдамаға дейін оянбасын білген. Жеткен бетте анау жерде еңкілдеп жылап отырған досын көрді. Жүгіріп жетті де, оның иығына қолын салып:

– Ух, жолдың бәрі пропка, әрең жеттім ғой,-деді.

Аң-таң болған Жекеннің аузына сөз түспеді. Қуанған мен қорыққан бірдей деген.

– Сен немен келдің?-деді бар болғаны.

– Таксимен.

Не дейді, Құдай-ау. Жекен есін жия алар емес.

Осы сәтте анооу Нарынқолдың түкпіріндегі бір ауылда Зәмзәгүл «Жекен Москваға кетіп қапты» деп, ауылды шулатып жатқан…

Бейбіт Сарыбай

 

 

 

Осы айдарда

1 thought on “Нарынқол – Москва бағыты…”

  1. 😂😂😂😂бүгіндікке от души күлдім ғой. Керемет жазылған әңгіме екен..

    Ответить

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *