АймақАқпаратТаңдаулы

Балқаш ауданы өткен жылы Біріккен Араб әмірліктеріне, Түркіменстан мен Өзбекстанға ет экспорттаған

Облыс әкімі Амандық Баталов Балқаш ауданына жасаған жұмыс сапары барысында Бақанастағы әлеуметтік және өнеркәсіп нысандарын аралап, аудан әкімінің есеп беру жиынына қатысты, — деп хабарлайды Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Облыс басшысының алғашқы болып атбасын бұрған нысаны – «Жасұлан» балабақшасы. Ресми өкілдер балабақша ішін аралап, музыка залында кішкентай бүлдіршіндердің концертіне қол соқты. Салынғанына 38 жылға жуықтаған балабақша ғимараты 2017 жылы күрделі жөндеуден өткізілген. Бүгінде жаңарған кейіпке енген балабақшаның қызылды-жасылды көрнекті безендірілуі, ішкі жабдықталуы жаңа балабақшадан бір де бір кем емес. 240 балаға арналған мектепке дейінгі тәрбие нысанында 40 тәрбиеші еңбек етеді. Биылғы жылы ауданның кішкентай бүлдіршіндерді балабақшамен қамту деңгейі 100 %-ке жетеді.

Осы сапарында Амандық Баталов аудандық орталық ауруханаға да барды. Мекеменің бас дәрігері Дәурен Иманалиевтің айтуынша, 1986 жылы салынған аурухана ғимараты осыдан үш жыл бұрын ағымдағы жөндеуден өткізіліп, жылу жүйесі, терезелері жаңартылып, сыртқы қабырғалары жылу сақтағыш материалдармен қапталған. Десе де қазіргі жай-күйі күрделі жөндеуді қажет етеді. Мұнда 100 төсектік тәуліктік стационар, 20 төсектік күндізгі стационар бар. Ауруханада 300-ден астам медицина қызметкерлері жұмыс істейді. Ғимараттың күрделі жөндеу жұмыстарының жобалық-сметалық құжаттары әзірге мемлекеттік сараптамаға жіберілген. Облыс әкімі А. Баталов аурухананың жекелеген бөлімдеріне ғана күрделі жөндеу жасамай, кезек-кезегімен барлық бөлімдеріне жөндеу жүргізуді тапсырды. Бұл ретте республикалық бюджеттен бөлінетін қаржыны күтіп отырмай, облыстық бюджеттен 300 млрд. теңге қосымша қарастырып, сол қаржыға күрделі жөндеуді бастау қажеттігін айтты. «Шалғай жатқан аудан болғасын, тұрғындар заманауи аппаратуралардың қызметі үшін өзге қалаларға жүгірмеуі керек, сол үшін аурухананың материалдық-техникалық базасын нығайтуға да қолдау көрсетеміз», — деді А. Баталов.

Сондай-ақ ресми қонақтар «Өтес» ЖШС күріш өңдеу зауытында болып, өндіріс орнының жұмысымен танысты. Шикізат қоймасын, дайын өнімдер қоймасын, өңдеу цехтарын аралап көрді. Кәсіпорын директоры Дүйсенбек Нұрлановтың сөзіне сүйенсек, негізінен күріш өңдеп шығарумен айналысатын нысанда қазір 12 адам еңбек етеді. Жобалық қуаты күніне 3 тонна күріш шығаруға қауқарлы зауыт 2018 жылы 400 тонна күріш, 100 тонна дән жармалары мен 80 тонна күріш ұнын өндірген. Мұнда Германияның өндірістік құрылғылары орнатылған.

Осы күнгі сапарында облыс әкімі А. Баталов аудандық Мәдениет үйінде өткен аудан әкімі Ғалым Тоқпейісовтің тұрғындар алдында есеп беру жиынына қатысты.

Алдымен фойеде қойылған көрмені аралап, ауыл шаруашылығындағы іргелі нысандар «Жақсылық» шаруа қожалығының, «Бірлік» агрофимрасы» ЖШС-ның, «Динара» өндірістік кооперативінің, «Dinara Ranch» агрофирмасы» ЖШС-ның 2018 жылғы жұмыс нәтижелерімен танысты. Сол сияқты ауданда ашылған 2 ІТ сыныпта тәлім алатын оқушылар өздері құрастырған роботтарының мүмкіндіктерін көрсетті.

Жиында аудан әкімі Ғ. Тоқпейісов 2018 жылғы өңірдің дамуы мен 2019 жылға межеленген міндеттері туралы кеңінен айтып берді. Баяндамашының берген есептік мәліметтеріне қарағанда, өндіріс өнімінің көлемі 1,4 млрд. теңгені құраса, ауыл шаруашылығында бұл көрсеткіш 23,7 млрд. теңгеге жетіп, 103,7 % көрсетіп отыр. Аудандағы 1,7 мың шағын кәсіпкерлік субъектілері 16,7 млрд. теңгенің өнімін өндіріп, олардан 0,5 млрд. теңге салық түскен. Балқаш өңірінде 449 жұмыс орны құрылып, жұмысқа орналасу мәселесімен жүгінген адамдардың 85,1 %-і, яғни 1013 адам екі қолға бір жұмыс тапқан. Аудан өткен жылы Біріккен Араб Әмірліктеріне, Түркіменстанға, Өзбекстанға ет экспорттаған. Бұл жұмыстың қарқынын биыл үдете түспек.

Жиында жарыссөзге шыққан «Жақсылық» шаруа қожалығының басшысы, Еңбек Ері, Олимпиада чемпионы Жақсылық Үшкемпіров, Балқаш аудандық ақсақалдар алқасының төрағасы Бақыт Сқабаев, № 1 Жамбыл атындағы орта мектептің математика пәнінің мұғалімі Татьяна Фазылова өз сөздерінде ауданда атқарылып жатқан істердің оң нәтижесін халық көріп отырғанын тілге тиек етіп, аудан әкімінің жұмысына қанағаттанарлық деп баға берді.

Аудан тұрғындарынан негізінен мүгедектерді, көп балалы аналарды тұрғын үймен қамту, Бақанас ауылының жолдарын жөндеу, әлеуметтік көмектер туралы сауалдар қойылды. Аудан әкімі Бақанаста 2019 жылы 20 тұрғын үй салынатынын, ол үйлерді беру кезінде халықтың әлеуметтік әлжуаз топтары да ескерілетінін айтты. Бұл орайда облыс әкімі А. Баталов 2019 жылы берілетін 20 үймен қатар тағы 20 үйдің құрылысын бастауды тапсырды. «Демографияға үлес қосып, қазақтың санын өсіріп отырған – көпбалалы аналар. Оларға барлық жағдайды жасауымыз керек. Сондықтан олардың мұқтаждықтарына жәрдемдесіп, жағдайларына қолдау көрсету — бірінші кезектегі мәселе», — деді А. Баталов. Сонымен бірге Бақанастағы көшелердің жөндеу жұмыстарына бөлінген қаржының аз екенін айтып, облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасына қосымша қаржы қарастыруды тапсырды.

Өзінің қорытынды сөзінде  облыс әкімі Амандық Баталов облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуындағы игі қадамдар мен жемісті нәтижелерге тоқталып өтті. Соның ішінде ауыл шаруашылығында қант қызылшасы, жүгері, картоп өсіру, ириигациялық жүйелерді жөндеу, ірі инвестициялық жобалар жайлы кеңінен баяндады. Балқаш ауданының облыс дамуындағы үлесін айта келе:

— Осы жиынның алдында аудандық аурухананы көріп шықтым. Республикалық бюджеттен берілетін қаражат бөлінгенге дейін облыстық бюджеттен қосымша 300 млн. теңге бөліп, күрделі жөндеуін бастайтын боламыз. Ғимараттың қабырғасынан басқасының барлығын түгелдей жаңартып, жаңғыртатын боламыз. Әсіресе, Балқаш сияқты шалғай ауданның халқы денсаулығын түзеуге басқа өңірлерге сабылып жүрмейтіндей жағдай жасауымыз керек. Ауданға табиғи газ келеді. АГТС салынды. Енді ауылішілік желілерді тартуды жылдамдату керек. Бақанастың ішінде ғана емес, жан-жақтағы ауылдарға да тартуды қазірден жоспарлап, іске кірісу керек. Ауданға инвесторлар тартып, жаңа өндіріс орындарын ашу керек. «7-20-25» бағдарламасындағы үлестеріңіз әзірге төмен. Сол бағытта алда ауқымды жұмыс талап етемін. Бұл іске әлеуетті кәсіпкерлерді тартып, ойластырыңыздар. Ет экспортының көлемін одан әрі арттыруды тапсырамын. Алда егін егу науқаны бар, дайындық осы бастан болуы керек. Су тасқынының алдын алу шараларын да естен бір сәт шығармаңыздар. Өткен жылдың көрсеткіштері жаман емес. Елбасымыз бізге үлкен міндеттер жүктеп отыр. Сол ауқымды жұмысты бірлесіп атқарамыз, бұл ретте Ғалым Тоқпейісовтің басшылығымен Балқаш ауданының үлесі мол болады деп ойлаймын, — деді А. Баталов.

 

Осы айдарда

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *