Әдебиет

Бейбіт Сарыбай. Мода – 2016

(романтикалық мұңлы-комедия)

Қала шетіндегі ықшам ауданның тұрғыны Манасова Кәмилә таныстарынан көйлек іздеп жүр. Ол осы ықшам аудандағы орта мектепте қазақ тілі мен әдебиетінен сабақ береді. Міне, бес жылда бір келетін мода, ой, модасы несі, сайлау жақындап қалды. Кеше мектеп директоры барлық мұғалімді жинап алып, қатаң түрде тапсырған.

— Егер кімде-кімнің жауапты көшесінен адам аз келетін болса, сол адам жұмысымен қош айтыса берсін. Ал, қоштасқыларың келмейді екен, жұмыс істеңдер…- деген.

Кешіріңіз, дәл мына заманда ешкімнің жұмысынан айырылғысы келмейді. Ал, әділет дегеннен үміттерін әлдеқашан үзген тұрғындар сайлауыңа айдаса келмейді. Не істеу керек? Әрине баяғы жоспарды іске асыру керек. Ол қандай жоспар еді? Бір мұғалім бірнеше рет кіріп, дауыс беруі керек. Әркімнің атынан, әртүрлі киіммен… Лажы болса, әртүрлі түрмен. Жалаңбас жүргендері болса, мүмкіндігінше әртүрлі шаш үлгісімен. Міне, нөмірі 99,9 орта мектебінің ұстаздар қауымы Б жоспарын іске асыру үшін, көйлек іздеу жұмысын бастап кеткен. Кәмилә да осы мақсатпен қаланың арғы басы мен бергі басын шарлап, шауып жүр. Қалқамандағы кластасы, Дорожниктегі жеңгесі, Орбитадағы әпкесі, Құлагердегі құдашасы дейсіз бе, әйтеуір бәрін аралап шықты. Тіпті Развилкадағы ренжісіп қалған группаласына да соқты. Бірінікі үлкен, бірінікі кіші болып қалады. Енді бірінікі құйып қойғандай тура. Не керек сөйтіп жүріп төрт-бес көлектің ретін келтірді. Өзінің іліп алар төрт көйлегі бар. Сонымен сегіз адамның атынан кіруге толық мүмкіндік табылды.

Сайлау күні көйлектерінің бәрін үтіктеп, ретке келтіріп, мектептің жанында тұратын Әркен ағалардікіне апарып қойды. Шетінен киіп, дауыс беруге сақадай-сай.

Сайлау басталды. Алғашында өзінің көйлегімен кіріп, өз атынан дауы беріп шықты. Әрине Братан партиясынан түсіп жатқан Мейірсіз Қайырсызұлы Қайырымсызовқа. Екінші көйлегін ауыстырып келіп, Тәуелсіздік көшесі 24 үйде тұратын Тұрықбаева Қадишаның атынан беріп шықты. Үшінші көйлекті киіп, басына әдемі қалпақ киіп, көзіне көзілдірік тағып, тағы да кіріп шықты. Бұл жолы Ассамблеяның 16 жылдығы атындағы көшенің 96 үйіндегі Каримова Венераның атынан дауыс берді. Әрине Братан партиясынан түсіп жатқан Мейірсіз Қайырсызұлы Қайырымсызовқа. Бәрі жақсы, бәрі сәтті. Бірақ, анау бақылау комиссиясында отырған жас жігіт бұған біртүрлі ішіп-жеп қарайтын сияқты ма, қалай өзі. Әшейін бақылау комиссиясының адамы болса бір жөн екен-ау,.. қарсы жақтан түсіп жатқан үміткердің сенімді өкілдерінің бірі екен. Ол да тегі қыз көрмегендей. Ол жігіттің ішіп-жеп қарайтынындай бар. Біздің Кәмилә осы мектептегі ең жас, ең әдемі мұғалималардың бірі. Шынын айтсақ, ол жігіт те Кәмиләға ұнаңқырайтын сияқты. Басы бос па екен-ей… Құрсын, онда нең бар Кәмилә, жұмысыңды білсейші, жаным-ау.

Так, енді төртінші кезек. Кәмилә төртінші көйлекті киіп, төртінші мәрте мектепті (нөмірі 99,9 сайлау учаскесі) бетке алып келе жатты. Бақылау комиссиясындағы жігіт сыртта темекі шегіп тұр екен. Бұл оның жанынан өтіп бара жатқанда ана жігіт биязы дауысымен:

— Алдыңғы киген көйлектеріңізге қарағанда мына көйлек сізге әдемі тұрады екен…-деді.

Кәмилә тілін жұтып қойды. Табаны жерге жабысып қалды. Ақырындап жігітке қарады. Жігіт:

— Да, больше идет,-деп орысшалап қосып қойды.

Кәмилә жігіттің бетіне жәудіреп қарады. Жігіт тек тұрмай тағы да:

— Имандай шыным, алдыңғы үш көйлегіңізге қарағанда мына көйлегіңіз өзіңізге сұмдық жарасады екен. Осы көйлегіңізбен жүре беріңізші,-деді.

Кәмилә енді тұра берудің жөні жоқ екенін біліп мектептің ішіне кіре жөнелді. Кірген бетте дауыс беретін жаққа қарай емес, мектептің артқы жағына шығып кететін кочегарканың есігіне беттеді. Сол есікпен шыққан күйі футбол алаңын кешіп өтіп, айдалаға маңып бара жатты. Енді не болар екен? Білмеймін.

 

Осы айдарда

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *