Әдебиет

«Қазіргі заманғы сөз энергиясы» атты Еуразиялық әдеби форум өтеді


Қазақстан Жазушылар одағы ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен Елбасымыздың «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында 2018 жылдың 20-21 қыркүйек күндері аралығында «Қазіргі заманғы сөз энергиясы» атты Еуразиялық әдеби форум өткізгелі отыр. Аталған форум Елордамыздың 20 жылдығына арналады.

Форум Еуразия халықтарының көркем әдебиетін танымал ету, ұлттық мәдениет өкілдерінің арасындағы байланысты нығайту, бірыңғай еуразиялық әдеби кеңістікті қалыптастыру, сондай-ақ, жастар арасында таланттарды анықтау мақсатында өткізіледі.

Дәл осындай ауқымды форум 1973 жылдан бері араға 45 жыл салып Елордамыз Астана қаласында өтпекші. Бұл биылғы жылдың интеллектуалдық ресурстарды жинақтайтын және халықаралық ынтымақтастық пен мәдени сұхбаттарды дамытуға арналған ең ірі әдеби жобасы болмақ.

XXI ғасырдағы жаһандық мәдениеттің күн тәртібіндегі мәселелері сөз болатын форумға Еуразия құрлығының түкпір-түкпірінен шет ел қаламгерлері (Ұлыбритания, Германия, Қытай, Ресей, Түркия, Латвия, Венгрия, Польша, Молдова, Армения, Украина,  Болгария, Моңғолия, Азербайжан және өзге де мемлекеттер) қатысады.

Форум аясында белгілі жазушылар мен әдебиет сыншыларымен топтасқан конференциялар, дөңгелек үстелдер және шығармашылық кездесулер, кітап көрмесі мен секциялар ұйымдастырылады.

Әдебиет тынысын зерделеуге арналған форумды өткізу еліміздің әлемдік әдеби кеңістіктегі интеграциясына мол септігін тигізіп, мәдени байланыстың өрістеуіне жол ашпақ. 

Форум бағдарламасы: 

20 қыркүйек

Сағ.10.00 де форумның салтанатты ашылу рәсімі және «Әдебиет және жаһандық мәселелер», «Аймақтық әдебиеттердің дамуы» тақырыптары бойынша пленарлық отырыс, «Заманауи Еуразиялық әдебиет» кітап көрмесі.

Өтетін орыны: Тәуелсіздік Сарайы Тәуелсіздік даңғ. 52. 

21 қыркүйек

Сағ.10.00 мен 13.00 аралығында 4 секция бойынша:

1.«Жаңа заман поэзиясы: көтеретін негізгі тақырыптар мен мәселелер»,

2.«Жаңа заман прозасы: көтеретін негізгі тақырыптар мен мәселелер»,

3.«Драматургияның өзекті мәселелері»,

4.«Қазіргі аударма ісінің хал-ахуалы» тақырыптарында басқосулар.

Қосымша: Форум аясында Қазақстан Жазушылар одағы мен Иран жазушыларының қауымдастығы арасындағы ынтымақтастық меморандумға қол қойылады.

Өтетін орыны: «Hilton Garden Inn Astana»  қонақ үйі,  Қабанбай батыр даңғ. 15.

Қазақстан-Ресей қаламгерлерінің кездесуі өтеді. (ҚР Ұлттық Академиялық кітапхана, Достық көшесі 11). 

Осы айдарда

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *