ДенсаулықТаңдаулы

Баламен көктемгі серуен

 Көктем – жан-жануар мен адамзаттың жанын жылытып, табиғат-ананың бусанып жататын ерекше ғажайып жыл мезігіл емес пе? Күннің нұрын әсіресе балалар асыға күтері анық. Ендеше, балаға ерекше қуаныш сыйлайтын  көктемгі серуенде нені ескерген дұрыс?

Күн жылынысымен адамдар да бір серпіліп, сергіп қалары рас. Өзіміз де бала күнімізде «Жылғалардан су ақты» деп, өлең жаттап, еріген мұздарды тамашалап, мәре-сәре боп қалатын едік қой. Алайда, көптеген аналар осындай бір өліара кезеңдегі серуендерден қашқақтап-ақ бағады. Көктемнің салқыны жаман болады деп есептейтін аналар, бөбекті ертелі-кеш серуендеткеннен гөрі, мейлінше үйде уақыт өткізгенді жөн санайды. Көктемнің шуақты күндерін қалай пайдалануға болады? Алғашқы жылымықта далаға шыққан бала немен айналысқаны жөн? Ең алдымен есте болатын нәрсе — сіз қаласаңыз да, қаламасаңыз да балдырған міндетті түрде  саз балшыққа түседі. «Болмайдының» ар жағында не бар? Неге болмайды?». Бұл сұрақтарға бала әрдайым өз бетінше жауап іздейді. Және оған өзі көз жеткізбейінше тынбайды да. Сондықтан, далаға шыққанда сабырлы болуға, балаға себепсіз ұрсып, көңіл-күйін бұзбауға дайын болыңыз. Шындығында да, батпақты езіп кешіп жүру қандай тамаша! Бала үшін одан артық ойын бола ма? Ал сазды батпақтан әртүрлі нәрселердің пішінін жасауға болады.

Бақылаймыз да пайымдаймыз

Егер сіз бөбегіңіздің батпақты балшылдатып босқа таптағанын қаламасаңыз, мұны қалай пайдалы іске жарату керек екендігін көрсетіңіз. Ол жерді қазып ойнағысы келсе, ағаштың астындағы құрғақтау жерді қазуға рұқсат етіңіз. Ал су кешкісі келіп жатса да уақа емес, арыққа қалай қағаз-қайық жіберіп ойнауға болатынын көрсетіңіз. Қашықтықтан басқарылатын ойыншықтарды да көктемгі серуенге алып шығуға болады. Көктем – қашықтықтан басқарылатын ұшақ пен тікұшақтармен рйнауға ең ыңғайлы мезгіл.

Балаға тәжірибе жасауға тыйым салмаңыз, бұл оның болашақта өзіне өзі сенімсіз болып өсуіне әкеліп соғуы мүмкін. Тіпті балдырған үйге үсті-басы малмандай болып қайтса да, ол шешімді өзі шығарып үйренгені дұрыс.

Баланы ерте дамыту бағдарламасы тұрғысанан алғанда да көктемгі серуеннің орны ерекше. Баланы жетектеп көшелермен, саябақтармен жүріп өтіңіз, оған ағашьтардың алғашқы бүршіктерін, бүршікті жарып шыққан жапырақтарды, көрсетіп, көктемде қандай түстердің болатындығы туралы түсіндіруге болады. Құстардың ұя салғанын көрсетудің өзі бір тәрбие. Балаға өз қолымен құстың ұясын жасатып, оны үй маңынга іліп қойсаңыз тіпті, тамаша! Онда бала табиғатқа қамқорлық жасауды үйренеді. Және бұл қылығын өзі жасауға қатысқан ұя әрдайым еске салып отырады.

Балаға мұндай өзгерістердің  неліктен болатынын түсіндіріп,  «жыл мезгілі»            туралы түсінік беріңіз.  Қыста неліктен қалың киінетімізді, көктемде қалай киінуге болатындығын айтыңыз.

Даладан қандай да бір затты таңдап, күнделікті онда болған өзгерістерді бақылатыңыз. Мәселен, көктемгі серуен кезінде балаға егістік жеріндегі қарды көрсетіңіз, қазір ол жерді қар басып жатқанын, ал бірнеше күннен кейін жер қарайып, одан әрі алғашқы көк шығатынын айтыңыз.

Мұндай қарым-қатынас кезінде баланың дүниетанымы мен қатар, тіл байлығы да арта түседі.

Күн бұлтты болған күннің өзінде көктемгі серуеннен бас тартпаңыздар. Әр күн қуаныш әкелсін, әр күн сайын баланың белсенділігі арта түссін, өзін бақытты сезінсін!

Көктемгі серуенге не киген жөн?

 Көктемгі серуенге киетін киімнің жөні бір бөлек. Тіпті үлкен кісінің өзі кейде не киерін білмейді. Күн қызып тұрады, жер болса сыз, ал жел ызғарлы. Баланы көктемгі серуенге тоңып та қалмайтындай, ыстықтап та кетпейтіндей етіп киіндіре білудің маңызы зор. Артық киімнің өзі балаға тез суық тиіп қалуының кепілі болуы әбден мүмкін. Егер бала қатты терлеп кетсе көктемнің салқыны бірден «ұстай алары» анық. Балдырғанның тоңған-тоңбағанын арқасы мен желкесін ұстап білуге болады. Егер баланың арқасы сап-салқын болып тұрса, дереу киіндірген жөн. Ал егер ыстық та дымқыл болса, артық киім киіп алды деген сөз. Далаға шығар алдында алдымен өзіңіз киініп, баланы шығар алдында киіндірген абзал. Сонда бала серуен алдында терлеп үлгермейді.

Сонымен…

Бір жастан асқан, далада өз бетінше жүгіріп ойнай алатын балаға көктемгі серуен үшін төмендегідей киімдер қажет:

Жеңді футболка, лосины, жұқа тоқыма колготки.

  • Таза мақтадан және жүннен тоқылған шұлық.
  • Синтепон немесе флис салынған жұқа комбинезон. Қазіргі кезде мембранды матадан тігілген киімдер сұранысқа ие. Олар су өткізбейді, әрі жеңіл де жылы, денеге ауа өткізштігі жақсы, баланың қатты терлеп кетуіне жол бермейді. Мұндай комбинезондар баланың еркін жүріп-тұруына жақсы.
  • Бас киім.
  • Аяқ киім. Олар да мембранды болса құба-құп, алайда ол қымбатқа түседі. Ең абзалы —көктемге арналған резіңке етік. Олар жүн немесе тоқыма астарлы болып келеді. Мұндай етікті тоқыма шұлықтармен киген жөн.
  • Жейде, джинсы, сарафан, жабық бәтіңке немесе туфли. Бұл киім күн жылып, жер қарайғанда керек болады. Жер қызғанша жабық бәтікемен жүрген абзал.
  • Жұқа бас киім мен күртеше. Мұны анасы өзімен бірге алып жүріп, салқындап кетсе балаға кигізе салуға ыңғайлы. Күртеше жел тұрып кетсе жақсы қорған бола алады. Ал жемпір ыстық болғанымен желден қорғай алмайды. Күн ысып бара жатса шешіп ала саласыз.
  • Сулық. Ол аяқ астынан жаңбыр құйып кеткенде таптырмас құрал. Мұндай сулықпен сіздердің көктемгі серуендеріңіздің шырқын ештеңе де бұза алмасы анық.

 

Дұрыс таңдау

Егер бөбегіңізге көктемгі серуенге арналған киім алмақ болсаңыз, мына кеңестерімізді есте ұстаңыз:

  • Киімнің матасы міндетті түрде жеңіл болуы керек және киімдердің қай-қайсысы да бөбектің қиымылын шектемеуі керек. Киімдердің матасы кір көтерімді, тез жуылатын болса құба-құп. Мұнай күнге синтетикадан жасалған күртешелерді де алуға болады, олар тез жуылады, ұзақ киіс береді, оның үстіне сыртқы киімді бәрібір жалаңаш денеге кимесіміз анық қой.
  • Киімдердің түймелері мен сыдырмаларына мән беріңіз. Бала жұлып тастамас үшін бұлардың мықты, сапалы болғаны дұрыс.
  • Күртешелер мен шалбарлардың жеңдері мен балақтары көмкерулі болғаны дұрыс, сонда баланың жан-жағынан жел кеулемейді.
  • Балаға «өседі ғой» деп, үлкен киім алмаңыз. Біріншіден, бала бәрібір келесі көктемге дейін аз дегенде бір, тіпті, екі өлшемге дейін үлкейіп кетеді, ал үлкен киім балаға серуендеуге үлкен кедергі жасайды.

Күндеріңіз шуақты, серуендеріңіз сейілді болсын!

Арқас.кз

 

Осы айдарда

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *