Қоғам

Батыс Қазақстанда ауылға бөлінетін несие екі есе көбейеді

Қазақстан Республикасы «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының төралқа төрағасы Тимур Құлыбаев Батыс Қазақстан облысына жұмыс сапарымен келіп, облыстық кәсіпкерлер палатасы өңірлік кеңесінің отырысына қатысты.
Кеңестің басты тақырыбы – Батыс Қазақстан өңіріндегі кәсіпкерліктің дамуы, жергілікті кәсіпкерлер кездесетін түрлі қиындықтарды шешу жолы, бизнес бастамаларды мемлекеттік органдар тарапынан қолдау мәселелері болды. — Өңірде 1 мамырдағы мәлімет бойынша, 38,6 мың кәсіпкерлік нысан жұмыс істеп тұр. Бұл өткен жылғыдан 4,5 пайызға артық. 113 мың адам шағын және орта кәсіпкерік саласында жұмыс істейді. Осы сектордың өзінен 52 млрд. теңгеден астам салық түсті. Облыс бюджеті 185 млрд. теңгені құрайды, соның 53 млрд. теңгесі шағын және орта кәсіпкерліктен түседі. Өткен жылы өңірде 1,4 трлн. теңгенің өнімі өндірілді, бұл 2016 жылғы көрсеткіштен 150 млрд. теңгеге артық деген сөз. Біз бұл нәтижелерге мемлекеттік қолдаудың және кәсіпкерлердің белсенділігінің арқасында қол жеткіздік. Кәсіпкерліктің дамуына кедергі келтіретін тосқауылдар, тексерістер азайды. Биыл Елбасының тапсырмасымен «Президенттің бес әлеуметтік бастамасы» бойынша ауылға бөлінетін шағын несие көлемі екі есе көбейді. «Бастау» жобасы бойынша былтыр бес ауданда кәсіпкерлік негіздеріне 938 адам оқытылса, биыл 12 аудан мен Ақсай қаласында оқыту көзделген. Осының өзі кәсіпкерлікті жаңадан бастаған ауыл тұрғындарына үлкен көмек болады деп ойлаймын. «Бизнестің жол картасы» бойынша 830 жоба мемлекеттік қолдауға ие болды, — деді Батыс Қазақстан облысының әкімі Алтай Көлгінов өңірдегі қалыптасқан ахуал туралы. Өңірдегі бизнес бастамаларды қолдау мәселесінде «Атамекен» өте үлкен жәрдем беріп отыр. Өңірдегі кәсіпкерлер палатасы директорының мігндетін атқарушы Сәкен Кариннің айтуынша, кәсіпкерлер тарапынан жыл басынан бері бизнесті қорғау туралы 100-ден аса шағым түскен. Оның басым бөлігі оңынан шешілген. Былтырғы және биылғы бірінші тоқсанды қоса алғанда кәсіпкерлердің 160 млн теңге көлемінде мүліктің құқығы қорғалған.   – Бес жыл бұрын жұмыстың басым бес бағыты белгіленді. Соның бірі – кәсіпкерлердің құқығы мен заңды мүдделерін қорғау. Бұл бағытта бірқатар жұмыс атқарылды. Бас прокуратурамен кәсіпкерлердің құқығын қорғау бағытында тұрақты негізде жұмыс жасалуда, кеңестер құрылды. Біз заңдылықтардың сақталуын қарап қоймай, сұрақтардың қайдан туындайтынын зерттеп, меморгандардың кәсіпкерліктің дамуына кері ықпал ету мүмкіндіктерін азайту үшін тиісті заңнамаларға өзгерістер енгіземіз, — деді Тимур Құлыбаев. Жиында өңірлік кеңес мүшелері, «Отделстрой» ЖШС-ның директоры Валентина Михно өңірде инженерлік инфрақұрылым бойынша электрондық карта құру, кәсіпкер Валерий Крылов «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы шеңберінде несие пайыздарын субсидиялау, «Шағын бизнес орталығы» заңды тұлғалар бірлестігінің директоры Шолпан Жұматаева Астана қаласының тәжірибесі негізінде көше саудасын ұйымдастыру, «Х. Қапанов атындағы халықаралық гимназия» ЖШС-ның директоры Хайдар Қапанов жеке балабақшаларды жан басына қарай қаржыландыру, «ОтауАлан» ЖШС-ның директоры Ляна Тұрсынова мектеп жанындағы асханаларда оқушыларға ыстық тамақ ұйымдастыру, «Медцентр» ЖШС-ның директоры Рафхат Истаев жеке емхананы мемлекеттік қаржыландыру мәселелеріне байланысты сауалдар қойып, тиісті жауап алды. — Біз Ұлттық палата құрылғалы өткен бес жыл бойы өңірлердегі кәсіпкерлер палаталарымен тұрақты жұмыс істеп келеміз. Мемлекеттік құрылымдар және бизнес өкілдерімен бірге шағын және орта бизнесті дамыту мәселесімен алдағы жұмыстарды да ақылдасып отырамыз. Бүгінгі жиында ортаға салынған барлық мәселе Ұлттық палатаның алдағы жиынында күн тәртібіне алынатын болады. Жергілікті әкімдіктер әрдайым бізге қолдау білдіреді, әріптестік туралы келесімдеріміз бар. Ендеше кәсіпкерлікті қолдау жалғаса береді, — деді Тимур Құлыбаев қорытынды сөзінде.

Қазбек ҚҰТТЫМҰРАТҰЛЫ, «Егемен Қазақстан»

Осы айдарда

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *