АймақАқпарат

Алматы облысының Райымбек ауданында жас мамандарға — 109 тұрғын үй

 

Алматы облысы Райымбек ауданы Нарынқол ауылында жас мамандарға 109 тұрғын үй салынуда. Соның ішінде 20 жалгерлік үй салынып бітіп, пайдалануға берілген. Ал 89-ы биылғы жылы салынады. Осы атқарылған жұмыстардың сапасымен облыс әкімі Амандық Баталов ауданға жасаған сапары барысында танысты, — деп хабарлайды Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Аудан тұрғындары Мемлекет басшысының сарабдал шешімімен шекаралық аймаққа ерекше көңіл бөлініп, Нарынқол жаңа ауданның орталығы болғанына және мұндағы атқарылып жатқан жұмыстарға деген қуаныштарын жасырмады. Жұмыс нәтижелері бір жылға жуық уақыттың ішінде көріне бастады. Жолдар жөнделді, жарықтандыру жүргізілді, тұрғын үйлер салынды, балалар алаңдары мен спорттық алаңдар пайда болды, ең бастысы ауданға жастар орала бастады. Елбасының Жарлығы шыққаннан бергі уақытта ауданға 700 адам қоныс аударған. Сондықтан жас мамандарды баспанамен қамту ең маңызды мәселелер қатарында. 20 жалгерлік үйдің құрылысына облыстық бюджеттен 395,3 млн. теңге бөлініп, бүгінгі күні бұл үйлер пайдалануға берілген. Осы үйлерді аралап көріп шыққан облыс әкімі үйлердің қасбет қабырғаларының және қақпаларының түстерін өзгертуді ескертті. Жалпы үйлердің салыну сапасына көңілі толатынын айтты. Екі жас отбасының шаңырағына кіріп, құттықтаған облыс басшысы оларға телевизор тарту етті.

 

Амандық Баталов жергілікті тұрғындармен әңгімелесу барысында ауданға жұмыс сапарының негізгі мақсаты ауданды дамыту туралы тапсырмалардың орындалу барысымен танысу және кейбір істердің баяу жүріп жатуының себебін анықтау екенін айтты. Сондықтан облыс әкімі мұнан кейінгі сапарын аудан орталығында құрылысы жүріп жатқан, күрделі жөндеуден өткізіліп жатқан әкімшілік ғимараттарда, құрылыс нысандарында жалғастырды.

Алдымен өткен жылдың желтоқсанында пайдалануға берілген тұрғын үймен біріктірілген учаскелік полиция пунктіне атбасын бұрды. Мұнда полиция қызметкерінің жұмыс істеуіне барлық қолайлы жағдай жасалған. Еске салсақ, жалпы Алматы облысында өткен жылы осындай тұрғын үймен біріктірілген 167 УПП салынған болатын, бұл жұмыс әлі де жалғасып келеді. Облыс әкімі жөндеу жасалған жергілікті полиция бөлімшесінде де болды. Қазір мұнда кадрлар жасақтау жүріп жатыр. Амандық Баталов берілетін 89 үйдің ішінен полиция қызметкерлеріне де үй беруді қарастыру керектігін атап өтті. Сол сияқты Нарынқол шекара завставасының да қызметімен танысты.

Өңір басшысы басқа да әкімшілік ғимараттарының құрылыс жұмыстарын көрді. Мәселен, 1968 жылы салынған аудан әкімдігінің ғимараты жаңғыртудан өткізілуде. Мердігер ұйым өкілінің айтуынша, барлық жұмыстар биылғы жылдың мамыр айында бітеді.

Прокуратураның жаңа ғимаратының жобасы облыс әкімі тарапынан мақұлданбады. Облыстық сәулет және қалақұрылысы басқармасымен бірлесіп, ауданның ауа райы жағдайын ескере отырып жаңа жоба дайындап, көрсетуді тапсырды.

Аудандық архив және Азаматтарға арналған үкімет ғимараттарының жобасы бірқатар өзгерістер енгізілгеннен соң мақұлданды. Сол сияқты Амандық Баталов биылғы жылы маусымда құрылысы аяқталатын сервистік әкімдік ғимаратының жаңғырту жұмыстарын да көрді.

Бір ауысымда 250 адам қабылдайтын емхана құрылысының дайындық жұмыстары қарқынды жүруде. Бұл жобаны да облыс әкімі жіті қарап шықты.

Амандық Баталов аудан, қала әкімдерінің жаңа ауданға көмек көрсету туралы өз тапсырмасын қалай орындағандарына баға берді. Мәселен, Іле, Көксу, Ескелді аудандары көп қабатты тұрғын үйлердің шатырларын ауыстырып, жөндеп берген. Кейбір үйлерде мұндай жөндеу жұмыстары әлі де жалғасуда. Облыс әкімі Райымбек ауданының әкімі Жолан Омаровқа тиісті органдармен бірлесіп, Нарынқолдағы көп қабатты тұрғын үйлерді түгел толыққанды зерделеп шығуды тапсырды. Сондай-ақ, олардың қасбеттерін жөндеуді, шағын қазандықтар салып, орталықтандырылған жылыту жүйесіне қосуды «Өңірлерді дамыту» мемлекеттік бағдарламасы арқылы атқару тетігін қарастыру керектігін айтты. Егер үйлер апаттық жағдайда болса, оларды сүріп тастап, болашақта орнына жаңа үй салуды да ойластыру қажет.

Облыс басшысы балалар ойын алаңдары мен спорттық алаңдардың сапалы, талғаммен салынғанын атап өтті. Мысалы, Алакөл ауданы жалпы алаңы 800 шаршы метр болатын, барлық қажетті инфрақұрылымы бар балалар ойын алаңын салған. Сол сияқты Талдықорған, Қапшағай қалалары мен Панфилов ауданы да осындай алаңдармен аудан тұрғындарын қуантқан.

Райымбек ауданының мәдениет үйінде аудан активімен кездесу өткізіліп, фойеде есептік көрме ұйымдастырылды. Аудан әкімі Жолан Омаров 2018 жылғы ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы баяндап, 2019 жылғы іргелі инвестициялық жобаларға тоқталды. Атап айтқанда, биылғы жылы «Дархан» шаруа қожалығы Сарыжаз ауылдық округінде 1 мың басқа арналған мал бордақылау алаңын ашады. Жобаның жалпы құны – 100 млн. теңге, 12 жұмыс орны құрылады. Сол сияқты Жамбыл ауылдық округінде де 400 басқа арналған, жалпы құны 36 млн. теңге тұратын бордақылау алаңы пайда болады. «Лабасы-А» кооперативі де 12 жұмыс орнын құруды жоспарлап отыр.

Ауданда алтын өндіру жобалары да бар. Мәселен, алтынды тәжірибелік-өндірістік өндіру мен бағалау ісінде мамандандаған «Gold Production» ЖШС биылғы жылдың көктеміне қарай алтын өндіре бастауды жоспарлап отыр. Бұл жұмыстар Жамбыл ауылдық округінде жүзеге асырылады, инвестиция сомасы – 8 млрд. 649 млн. теңге. Жобаны жүзеге асыру барысында 2019-2026 жылдары 60-тан 80 адамға дейін жұмыспен қамту жоспары бар. Тағы екі компания – «СКН» және «Нарынқол Голд» ЖШС-лары да алтын іздеумен, өндірумен айналыспақ. Инвестицияның жалпы көлемі 3 млрд. теңгеден асады. Жобалар 2019-2020 жылдары іске асырылады.

Райымбек ауданының туризмін дамыту ісі де көңіл қуантады. 2019-2020 жылдарға арналған жобалардың ішінде «Ретай» экоауылы, «Шыңдал-сан» эко-туристік және халықаралық аң аулау демалыс орны және т.б. бар. Мұнда 200-ге жуық жұмыс орнын құру, 500 млн. теңгедей инвестиция тарту жоспарланған.

Картоп өсіру ісі де назардан тыс қалған жоқ. Жалпы өткен жылы 5655 га жерден 113 269 тонна картоп жиналған.

Көрменің таныстырылымы аяқталғаннан кейін облыс әкімі Амандық Баталов аудан активімен кездесу өткізді.

— Сіздермен жүздесіп, атқарылған жұмысты және алдағы жоспарды талқылау үшін арнайы келдім. Қазір ауданда инфрақұрылымды қалпына келтіру, әкімшілік ғимараттарды және әлеуметтік нысандарды жөндеу мен салу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бұл істерді жылдамдату керек. Кейбір бағыттарда баяулық байқалады, қарқынды азайтуға болмайды. Президенттің Жарлығы шыққанына бір жылға жуық уақыт болды, нақты тапсырмалар берілді, солардың барлығын сапалы, өз уақытында аяқтау керек. Өзімнің бірінші орынбасарыма айына бір рет ауданға шығып, тапсырмалардың орындалу барысын қадағалап тұруды тапсырамын. Бұл ретте жаңа аудандағы істер жұмыс барысында күнделікті бақылауда болуы тиіс. Облыстың аудан, қалаларының әкімдері көмектесті. Мысалы, кейбір аудандар балалар алаңдарын, спорттық алаңдар салып берді, кейбіреуі үйлердің шатырларын ауыстырып берді, бірақ кәсіпкерлерді тарта отырып, бұдан да ауқымды жұмыстарға қол ұшын созуға болар еді. Текелі қаласының, Ақсу ауданының әкімдеріне бүгінге дейін ешқандай көмек көрсетпегендері үшін екі есе жүктеме тапсырамын. Нарынқол дамыған, көркі көз тартатын аудан орталығына айналуы керек. Сол себепті де мен бүгін кейбір ғимараттардың жобасын қайта қарауды тапсырдым. Ұсақ-түйек детальдарына дейін талғаммен ойластырылуы керек. Жұмыс сапасына ерекше мән бере отырып, белгіленген мерзімде бітіруге күш салынуы тиіс, — деді өз орынбасарлары мен облыстық басқармалар мен департаменттер басшыларына тапсырма бере отырып А.Баталов.

Бірінші кезекте әкімшілік ғимараттар мен әлеуметтік нысандарға қатысты мәселе сөз болды. Амандық Баталов әрбір нысанның – емхана, дене шынықтыру-сауықтыру кешені, аудандық және ауылдық әкімдіктер, ТЖ, архив, прокуратура ғимараттары, Азаматтарға арналған үкімет және т.б. нысандардың пайдалануға берілетін мерзімін нақты белгілеп берді. Сол сияқты облыс әкімі жастармен кездесуінде айтылғандай, әрбір аудан орталығы мен қалаларда жастарға қызмет көрсету орталығы салыну тиістігін еске салды:

— Талдықорғанда мұндай орталық бар. Бізге тағы 19 орталық салу керек. Эскиздік жобасын дайындаңдар, келісуге ұсыныңдар. Биылғы жылды Елбасы Жастар жылы деп жариялады. Жастардың жұмыс істеуіне қолайлы жағдайлар қарастырылған Жастарға қызмет көрсету орталықтарының құрылысына қатысты жұмыстардың барлығын биылғы жылы бітіруіміз керек, — деді А. Баталов.

Ауданды одан әрі дамыту жоспарларын талқылай отырып, картоп сақтау қоймаларының құрылыс жүргізу, әлеуметтік жобаларға бөлінетін грант санын ұлғайту, интернет сапасын жақсарту туралы ұсыныстарды қолдайтынын айтты. Сонымен қатар негізгі пульті аудандық полиция бөлімшелеріне келіп тоғысатын бейнебақылау жүйесімен қамту, ауданды табиғи газға қосу жұмысын ойластыру мәселелерін де тапсырды.

Жиын қорытындысында:

— Жалпы ауданда жұмыс жақсы жүріп жатыр. Әлі де атқарылатын іс көп. Мемлекет қолдауының арқасында біздің мүмкіншіліктеріміз мол, барлық қажетті көмекті көрсетеміз. Қолға алынып жатқан жобалардың сапасы бірінші кезекте талап етілетін болады, — деді А. Баталов.

Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Осы айдарда

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *