Театр

 «ROMEO & JULIET» АЛҒАШ РЕТ ҚУЫРШАҚТАР БЕЙНЕСІНДЕ

Махаббат бар жерде машақатқа да орын табылады. Әулет пен тобырдың кесірінен қаншама махаббатқа толы тағдырлар құрбан болды. Бұл – ықылым заманнан бері келе жатқан адамзаттық ахуал. Ағылшынның ұлы драматургі, ақын Уильям Шекспирдің әйгілі «РОМЕО мен ДЖУЛЬЕТТА» оқиғасын суреттейтін трагедиясы елімізде алғаш рет қуыршақтар бейнесінде 84 жылдық тарихы бар Алматы қаласының Мемлекеттік қуыршақ театрында  24-25 қаңтар күндері аралығында көрерменге жол тартпақ. Қойылым режиссері – Дина Жұмабаева, суретшісі – Юля Чернова, балетмейстері – Анна Цой, қуыршақтарды жасаушы шебер – Николай Проскурин. Спектакль +18 жас ерекшелігін құрайды.

Аталмыш қойылымдағы басты кейіпкерлер Ромео мен Джульеттаны сахналау үшін жас өнерпаздар, Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының «Драма актері» мамандығының 3 курс студенттері Амангелдіұлы Ғалым мен Төребай Салтанат 50-ге жуық жас таланттар бақ сынаған кастингтен арнайы өтіп, театрдың көркемдік кеңесі мүшелері әрі режиссер шешімімен басты рольдерге бекітілді.

Шырғалаңға толы бұл қойылым адам бойындағы қанды кек пен қызғанышты, менменшілдік пен пендешілік сынды қасиеттерді жеңген мөлдір махаббат туралы болмақ. Ромео мен Джульетта тек қана ескі көзқарастар мен қатынастарға қарсы шығып қана қоймай, олар жаңа өмірге үлгі болды. Олардың арасын қастық бөле алмады, оларды махаббат қосты. Бұл махаббат сұлулыққа сүйсінуден туындады, адамның ұлылығына деген сенімнен және онымен өмірде қуанышты бөлісуге тырмысуынан туындаған.

Бүгінде кішкентай бүлдіршіндерден тыс ересектерге арналған кешкі қойылымдарды да сахналап, жаңа форматқа көшкен өнер ордасы әлемнің классикалық туындыларын қуыршақтар бейнесінде сөйлетіп, ұлттық қуыршақ театры өнеріне жаңа тыныс сыйлауда. Бұған дейін сахна төрінде көрерменмен қауышып, республикалық, халықаралық фестивальдерде сыншылар тарапынан жоғары бағаға ие болып, қанжығасын жүлделі орындармен майлап жүрген «Ана жүрегі» (авт. Е.Ионов, реж. А.Зайцев), «Ана-Жер Ана» (авт. Ш.Айтматов, реж. Д.Жұмабаева), «Медея» (авт. Еврипид, реж. А.Салбан) сынды ересектерге арналған қойылымдар қатары енді «Ромео мен Джульетта» шығармасымен толыспақ.

Спектакльде бір артист бірнеше рольді сахналап, көрерменге өзгеше қырларынан танылуға асық. Мәселен: актриса Сақтағанова Арай – леди Капулетти, леди Монтеки, Розалина; актер Құлназаров Шохан – Лоренцо пірәдар, Тибальт, синьор Капулетти, синьор Монтекки; актриса Байырбекова Арайлым – күтуші және актер Камалов Мақсат – Меркуцио, Эскал, Парис, Балтазар, Бенволиоға жан беріп, таңғажайып қуыршақ бейнесінде үн бітірмек.

Мемлекеттік қуыршақ театрының ұжымы Алматы қаласынының тұрғындары мен қала қонақтарын ғажайыпқа толы қуыршақтар әлеміне бірге саяхат жасап, өнер сүйер жандардың жанына рухани азық сыйлап, көңіл пердесін әсем күйге бөлеу үшін аталмыш премьераны бірге тамашалуға шақырады!

Гүлім КӨПБАЙҚЫЗЫ

 

Осы айдарда

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *