АймақТаңдаулы

Нарынқол ауылына бір жылда 1200-дей тұрғын қайтып оралған

Алматы облысының Райымбек ауданына Нұрлан Құдайбергенов әкім болып тағайындалды. Ол бұған дейін Еңбекшіқазақ ауданы әкімінің бірінші орынбасары лауазымын атқарған. Жаңа әкімді аудан активіне облыс әкімі Амандық Баталов таныстырды, — деп хабарлайды Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Облыс әкімі алдымен аудандық мәслихаттың кезектен тыс VIII сессиясына қатысып, депутаттармен жүздесті. Бұған дейін Райымбек ауданына басшылық еткен Жолан Омаровтың басқа жұмысқа ауысуына байланысты Нарынқол өңірінің әкімі қызметіне халықпен жұмыс істей білетін, тәжірибелі маман Нұрлан Құдайбергеновті лайық деп тапқанын, бұл кандидатураға ҚР Президенті Әкімшілігінің келісімін алғанын айтты. Өз кезегінде депутаттар Н.Құдайбергеновтің Ж. Омаров бастаған істерді соңына дейін сапалы жеткізетініне сенім білдіріп, дауыс берді.

Аудандық Мәдениет үйінде актив жиынымен жалғасқан кездесуде облыс әкімі жаңадан құрылған Райымбек ауданында соңғы 1 жылдың ішінде іргелі істер атқарылғанын атап өтті.

—  Райымбек ауданы – шекараның шебінде тұрған аудан. Сондықтан бұл жаңа ауданның стратегиялық маңызы зор. Шекараны әскер ғана күзетпейді, оны халық күзетеді. Шекарадағы елді мекеннің жарығы жарқырап, тіршілігі қайнап жатса, халық күзетеді деген сол. Осыны ескерген Елбасы тарихи шешім қабылдап, ауданды қайта құрды. Бұл көреген шешімнің оң нәтижесін аз ғана уақытта көріп отырмыз. Нарынқол қайта түледі. Осы бір жылдың ішінде аудан орталығына 1200-дей адам тұрақты тұруға келген, соның ішінде туған жеріне қайтып оралған жастар да бар. Мамандарға жағдай жасап, баспанамен қамтуға көңіл бөлініп отыр. Өткен жылы 20 тұрғын үй бердік. Тағы 80-нен астам тұрғын үй саламыз, соның 33-інің құрылысы биыл басталады. Картоп өсіруге арналған техникалар алынды, жаңа техниканың тілін білетін мамандар тартылуда, картоптың жаңа сортты тұқымын сатып әпердік, соның арқасында биыл өнім шығымы мол. Қазір облыстың аудан, қалаларын көгілдір отынмен қамту қарқынды жүріп жатыр. Алдағы уақытта Кеген, Нарынқол өңіріне де газ тартамыз деген жоспарымыз бар. Жолан Омаровқа Алматы маңындағы үлкен аудан сеніп тапсырылды. Еңбекшіқазақ сияқты халқының саны көп ауданда, ел ішінде қызмет жасаған Нұржан Құдайбергенов өзінің жиған тәжірибесіне, іскерлік қабілетіне сүйеніп, Райымбек ауданына мықты жетекші, білгір басшы болады деп сенім білдіремін. Біз қандай жетістікке жетсек те, ең алдымен елдің ауызбірлігімен жетеміз. Халық — қашанда кеңесші, артық-кеміңді айтып, жөн сілтеп, жол көрсететін таразы. Сондықтан елмен етене жұмыс жасағанда ғана іс өнімді болады — деді А. Баталов.

Жиында бірқатар азаматтар мінбеге шығып, Райымбек ауданы жаңадан құрылғалы елдің еңсе тіктеп, іргесі бекіп келе жатқанына қуаныштарын жеткізіп, Елбасының атына алғыстарын айтты. Мәселен, ардагер Медетхан Абировтың айтуынша, аудан қайта құрылардың алдында бір ғана Нарынқол ауылында 347 үйдің есік-терезесі шегеленіп тұрған. Бүгінде сол баспаналардың бәрінің дерлік иелері бар.  Ал «Мирас» шаруа қожалығының басшысы Марат Себдайыров Нарынқолдың картобы жуырда Мәскеуде өткен халықаралық көрмеге қойылып, Нұр-Сұлтан қаласындағы жәрмеңкеде қызу саудаланғанын мақтанышпен жеткізді. Сол сияқты өз сөзінде аудандық жастар ресурстық орталығының жетекшісі Медет Байжұма бір жыл ішінде ауданға 200-ге жуық жас маман келгенін, соның 50-ге жуығы жас мемлекеттік қызметші екенін атап өтті. Осылайша тілек білдірген әрбір азамат ауданда атқарылған іргелі істер үшін облыс басшылығы мен аудан әкімі Ж. Омаровқа ризашылықтарын айтып, жаңа әкімге Райымбектей батыр бабаның есімін иеленген ауданның атына кір келтірмей жұмыс істеуіне тілектестігін білдірді.

 

Осы айдарда

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *