Агроөнеркәсіптік кешен – Жетісу облысын дамытудағы негізгі басымдықтардың бірі. Өткен 7 айдың қорытындысы бойынша ауыл шаруашылығында өндірілген жалпы өнім көлемі 1,9% артып, 132,8 млрд. теңгені құрады. Облыс көлемінде АӨК-ні қолдау шараларына биыл 27,3 млрд. теңге бағытталса, соның 23,8 млрд. теңгесі – субсидий. Жалпы өңірде ауыл шаруашылығы техникаларын жаңарту, отандық тұқым шаруашылығын дамытуға бағытталған жұмыстар тұрақты жүргізіліп келеді. Бір ғана Сарқан ауданының өзінде жыл басынан бері шаруалар жалпы сомасы 1,6 млрд. теңгеге 90 арнайы техника сатып алған, — деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.
«Душкин С.Н.» шаруа қожалығы мемлекеттік қолдау мен фермерлердің тынымсыз еңбегінің арқасында Сарқан ауданындағы ірі тұқым шаруашылықтарының біріне айналған. 2002 жылы құрылған ШҚ арпаның 1, 2 ,3 репродукциялы жоғарғы сортты тұқымдарын өндірумен қатар ауыл шаруашылығы техникаларының заманауи түрлерінен автопарк жасақтаған, бұл техникалардың басым бөлігі гизингімен сатып алынған.
Тұқым шаруашылығымен айналысқан 7 жылдың ішінде қожалық өндіріс көлемін 10 есеге ұлғайтқан. Жыл басында тұқым өсіруге 200 гектар бөлінсе, қазір оның көлемі 2000 гектарға жетті.
Бас агроном Виктор Стежкиннің айтуынша, шаруашылық өзін бірінші репродуктивті арпа тұқықымен толық қамтып отыр. Екінші репродукциялы тұқым бүкіл облыс көлемінде сатылады. Бір жылда оның басым бөлігі, яғни 6 мың тонна арпа Текелі қаласындағы «Суффле Қазақстан ашытқы зауытына» өңдеуге жөнелтіледі. Зауыт өз тарапынан өнімнің әр тоннасының 10%-ын субсидиялайды. Тұқымның бір бөлігі ауданның қажеттілігі мен жергілікті фермерлік шаруашылықтар үшін қалдырылады. Жалпы арпа 1720 га жерді алып жатыр. Мұнда күнбағыс та өсіріледі, оның аумағы — 566 га. Шаруашылықтың егістік алқабы — 2300 га.
- Ауыл шаруашылығын жаңартып тұрмаса, оны ілгерілету қиын. Сондықтан заманауи агротехнологияны енгізіп, техникаларды жаңартып отыруға тырысамыз. Бұл жағынан мемлекет бізге көп қолдау көрсетті. Минералды тыңайтқыштар субсидияланады, жанар-жағар майды арзандатылған бағамен аламыз, техниканы лизингіге сатып алдық. Соның арқасында біздің шаруа қожалығы тұрақты дамып келеді. Өнім шығымы тиісті деңгейде, агротехнология мен ауыспалы егістің арқасында ауа райына оншалықты тәуелді емеспіз. Мысалы, биыл арпаның әр гектарынан 35-40 ц өнім алдық, гектарынан 20 ц күнбағыс жинаймыз деп жоспарлап отырмыз, — деді В. Стежкин.
Жалпы шаруа қожалығының материалдық-техникалық базасы көңіл толарлықтай. Өзінің астық қырманы, қоймалары, таразылары, 11 тракторы мен 3 комбайны бар, оған лизингіге алған америкалық тракторлар мен «Massey Ferguson» маркалы комбайндарын, «Jonn Deer» маркалы тракторларын қосыңыз.
— Мәселен, «Jonn Deer 9420 R» тракторы егіс алқабында барлық жұмыстарды атқаруға қауқарлы – жер қазады, топырақты қопсытады, топырақты деңгейлейді, тұқым себеді, егістік қабатын тереңдетеді, тіпті дөңес жерлерде де тоқтаусыз жұмыс істейді. Олар электронды басқарылады, бұрынғыдай рөлді ұстап отырудың қажеті жоқ. Сондықтан мұнда көпке белгілі тракторшы маманның орнын басқа кәсіп иесі басқан. Заманауи тракторлар мен комбайндарды операторлар басқарады. Қысқасын айтқанда, мұндағы жұмыскерлер бәрін өз беттерімен үйренді. Әрине, алғашқы әліппесін техниканы ұсынған компаниялар түсіндірді, ал одан әрі өздері дамытып әкетті. Жергілікті оқушыларды экскурсияға шақырып тұрамыз, олар аграрлық бағытта қандай мамандар қажет екенін тәжірибе жүзінде көріп қайтады, — деді қожалықтың бас агрономы.
Шаруашылық орналасқан Ақтұма ауылында 3300-дей адам тұрады. «Душкин С.Н.» ШҚ ауылдың 47 тұрғынын тұрақты жұмыспен қамтып отыр. Ал маусым кезінде олардың саны 60-тан асады. Орташа айлық жалақылары — 200-250 мың теңге. Тегін тамақтанады. Өздерінің күнделікті қажеттіліктері үшін фермерлер азын-аулақ ірі қара ұстайды. Қызметкерлеріне сыйақы береді, тіпті маусымда үздік жұмыс істегендерге шетелде демалуға жолдама да беріп тұрады.
Шаруа қожалығының басшысы Сергей Душкин ауданның қоғамдық өміріне белсене араласады, ауылдастарының әлеуметтік мәселелерін шешуге қолдау көрсетеді. Сарқан ауданы әкімдігінің мәліметінше, Сергей Николаевич өз қаражатына жергілікті мектепке қажетті музыкалық аспаптар сатып әперген, спорт зал салуға 700 мың теңге бөлген, сол сияқты мешіт құрылысына қаржылай көмек берген, әлеуметтік әлжуаз отбасының балаларына тұрақты түрде қолдау жасайды. Бірақ ол қайырымдылық істерінің жария болғанын қаламайды, оны өзінің азаматтық парызы, туған жерінің алдындағы перзенттік парызы деп түсінеді.
Әкесінің ісін балалары жалғастырып келеді. Ұлдары Юрий мен Евгений Душкиндер – тәжірибелі комбайншы-операторлар, осы үздіктер қатарында олардың әріптестері Владимир Стежкин мен Жанат Нүсіповті де атауға болады. Олар жермен жұмыс істеудің кереметтігін, оған қоса қазіргі «ақылды» техникалармен жұмыс істеудің артықшылығы мол екенін айтады. Ауыл шаруашылығы техникасының ішінде кондиционері, сенсорлы басқару панелі, GPS-навигаторы бар, ал мұның бәрі бүгінгі жастарға бөтен емес дейді олар. Бұл жұмысшылар жаңадан келген мамандарға білгенін үйретуден жалықпайды.
Жалпы биыл «Душкин С.Н.» ШҚ лизингіге құны 341,5 млн теңге болатын 14 бірлік ауыл шаруашылығы техникаларын сатып алды, соның ішінде тіркемелері бар 5 трактор да бар. Ал Сарқан ауданы көлемінде 7 айда шаруалар 1 млрд. 595 млн. теңгеден асатын сомаға 92 ауыл шаруашылығы техникасын сатып алған.