АқпаратТаңдаулы

Роза Мұқанованың сырлы әлемі

Тұран Астана Университеті жазушы, драматург, ҚР Мемлекеттік сыйлығының иегері Роза Мұқановамен онлайн кездесу ұйымдастырды

Ф.ғ.к. доцент Алтынай Асқарова ұйымдастырған кездесуде оқытушылар, магистранттар мен студенттер әдемі өрілген әдеби әңгімеге құлақ қойып, жазушы-драматургпен еркін сұхбаттасуға мүмкіндік алды.
Оқырмандарға «Мәңгілік бала бейне» етене таныс, бұл осы шығармаға қатысты сұрақтардың көп болғанынан белгілі. Театрларда 18-19 жыл бойына аншлагпен жүргені де, 2000 жылы Сатыбалды Нарымбетов ағамыз түсірген «Қызжылаған» көркемфильмі де көптің есінде. Осы жерде жазушы Роза Мұқанованың: «Мәңгілік бала бейненің өзі саяси тақырып, егер тәуелсіздігімізге қол жеткізбеген болсақ, «Мәңгілік бала бейне» театр сахнасына қойылмайтын еді, қазақ жеріндегі полигон туралы жазылмайтын еді. Тәуелсіздіктің берген бақыты – ұлттың трагедиясын айта алдық. Мәңгілік бала болып қалған тек Ләйла емес, бұл жерде «мына ұлтты мәңгілік бала қалыпта ұстау керек» деген үлкен империялық саясат, «бұл халықтың санасын да, өсімін де, тілін де, рухын да қалыпқа салып, өсірмеу керек» деген үлкен идеологияның жұмысы жүріп жатқан кезең болды» деген пікірі ой саларлық.
2005 жылы тәуелсіз драматургия номинациясын жеңіп алған «Мысықтар патшалығы» қашан сахналанады екен? деген сұрақ көрерменнің көкейінде жүргені анық. Өйткені ол шығармада да біздің қоғамның бет-бейнесі, ахуалы бар екенін білеміз. Роза апай бұл турасында: «Мысықтар патшалығында жазылып кеткен жайлардың бәрі 2015-2018 жылдары шыға бастады. Ол шығарма қойылмады да. Сол кезде «Начнем с понедельника» деген газет пьесаны бөліп-бөліп басты, бірақ театр бұған дайын емес еді. Болат Атабаев осы шығарманы қоям деп жүргенде Германияға кетті. Бәлкім, сіз бен біз көрмесек те, кейінгі буын «мемлекетіміз қалыптасу кезеңінде осындай кезеңдерден өткен екен ғой деп ой жүгіртер» деген ойлар болады. Біздің трагедиямыз – тақырыпқа басқаша келетін, астарлы оймен келетін, болашаққа ой салатын дүниелердің жолы ауыр болады» деп ойын білдірді.
«Шығармаларыңыздың ішінде ең ұнайтын кейіпкер қайсысы»? деген сұраққа жазушының жауабын келтіре кетейік. «Өзіме трагедиясымен, кемеңгерлігімен, кемелділігімен, әйелдік азабымен Сарра ұнайды. Сарра қателік жасады, оның Ажарға жасаған қиянатына ешқандай кешірім болмайтындай, бірақ Сарра сол өзінің қиянаты үшін өмір бақи Хақтағаладан кешірім сұраумен, азап шегумен өтті. Ол дүниеге ұрпақ әкеле алмаған әйел. Ажар ұрпақ әкелді, сонда әйелдік қызғаныш, әйелдік әлсіздік болғанменен жасы үлкейгенде Сақ пайғамбарды дүниеге әкелген ғой, сонда «Сарра, сен сәбилі боласың» деген хабарды естігенде ол қуана да алмайды. Ол өз жазасын өзі кеседі. Жай ғана әйел емес, ұлы әйел, өз мінін, сұлулығын білетін әйел, бірақ осының бәрі ол үшін азапқа айналған. Ибраһим пайғамбарды ғажап сүйгені соншалық, «сенде үмбет болуы керек, сен мені тастауың керек, қартайған мені таста, саған сұлу Ажар лайық» деп алып, сол жолда да өзі азап шегеді. Арпалыс, тұңғиық жұмбағымен Сарраны сондай жақсы көрем. Мен осы кісінің образын жасауда қиянат жасаған жоқпын ба деп те ойладым. Бұл да жазушылардың бір азабы» дей келіп жазушы Р.Мұқанова осы жерде Ғабит Мүсіреповтың айтқан әңгімесінен үзінді келтірді. Роза Мұқанованың осы сәттегі суреткер жауапкершілігі туралы айтқаны да есте қалатындай тәлімді әңгіме десек болар. «Суреткер жауапкершілігі деген бар, кейіпкерің тарихи тұлға болса олардың болмаған нәрсесін болды деп, жасамаған күнәсін жасатып қойған жоқсың ба, ол үлкен жауапкершілік. Сондықтан мен Сарраны жазғаннан кейін қиянат кетіп қалмады ма екен деп ойладым, оның тарихта Макбет сияқты қатыгездеу болғаны рас, менің оны жібіткім келді, әйелдік кемеңгерлігін көрсеткім келді, сөйтіп отырғаннның өзінде қателік кетпеді ме деген ой болды, өйткені ол жай әйел емес, пайғамбардың таңдауындағы әйел ғой деп алған қаламақымды алып Меккеге жол тартып, арнайы Құран оқыттым» деп ағынан жарыла әңгімеледі жазушы-драматург.
«Әлеуметтік-гуманитарлық және тілдік пәндер» кафедрасының меңгерушісі Гүлназ Төкенқызы жазушы Роза Мұқанованың шығармаларына тоқталып, өзінің оқырман ретіндегі жүрекжарды лебізін білдірді. Ф.ғ.к. доцент Гаухар Рахымбаева жазушыдан тасада қалып қойған тарихи тұлғалар жайлы шығарма жазу жоспарын, Фариза апай туралы жазбас бұрын түс көргені жайында кеңірек баяндауды сұрады, сондай ақ, «Шығармаларынан қаламгерді жазушылық тұрғысынан танимыз, сіз өмірде күнделік жазасыз ба? Күнделіктер арқылы сізді адам ретінде ішкі жан-дүниеңізді танып, жақындай түсеміз бе деген ой ғой» деп, күнделік туралы да сұрағын қойды. Роза Мұқанова: «Бізде тарихи тұлға көп, соның бірі Кенесары. Оны мен басқаша көремін. Кенесары — халқы қолдау көрсете алмаған, ірі қолбасшы, қаһарман. Мұхаңның Кенесарысы фильмде де, драматургияда да болуы керек трагедиялық тұлға ғой» дей келіп, бұдан әрі Фариза пьесасының жазылуы туралы бір үзік сыр айтты. Ал, күнделік туралы сұраққа «Толстойды оқып отырып, «Отец Сергий деген өзі екен ғой» деп таңырқаймыз, Чеховта да солай, жазушының шеберлігі күнделіктен бастау алып жатады, адам ретіндегі табиғатын, тұрмыстағы мінезін күнделіктен көреміз, Бірақ қоғамдағы көзқарас басқа, көп ақын-жазушылар күнделікті жариялауға шығара бермейді. Мұрағатта, әдебиет және өнер бөлімінде болғанда біраз күнделіктер оқыдым, Күләш Байсейітова, Бауыржан Момышұлы атамыздың күнделігін оқыдым. «Менің күнделігім мен дүниеден өткеннен кейін 25 жылдан кейін ашылсын» деген апаларымыздың қорын көрдім. Демек ол қоғам үшін, замандастар үшін қажеті жоқ еді» деп жауап берді Роза апай. Оқырман осы тұста ерлі-зайыпты қаламгерлердің күнделік жазу ерекшеліктері туралы да естіп, білді.
«Зар заман» ақындарын,Толстой шығармаларын, Тәкен Әлімқұловты, Цвейгті жақсы көретін, Мұхаммед пайғамбардың хадистері мен Әл Бұхаридың ойларын сүйіп оқитын Роза Мұқанова қаламгер мұраты жайында, тарихи тұлғалар мен өнер иелеріне тағзым турасында да ой өрбітті. Мысалы, «Патша қатын У» ¬- атақты актриса Фарида Шәріповаға ұнаған, қытай дәстүрін білетін актриса жазушыға сол рольді орындауға дайын екенін айтады. Екі арада уақыт жылжып, актриса дүниеден өтеді. Драматург оның өтінішін орындауға үлгермей қалады. Елу жыл билік жүргізген қытайдың билеуші әйелінің тақтан бас тартар кезіндегі күйзелісін атақты актрисаның соңғы сәтінде өз өміріне айналдырып жібергенін естігенде жазушының өзі таңғалады. Сөйтіп жүрген кезде актриса Гүлжан Әспетова «Мен қашанғы сахнада жүреді дейсің, маған арнап жазшы» деп өтініш айтып, драматург осының алдындағы өкінішін ақтайын деп ойлайды. Бұл Роза Мұқанованың Рабғұзидің «Қисса-сул-Әнбиясын» аударып, сондағы Ибрагимнің әйелі Сарра образы көптен ойында жүрген кезі, шығарма тез жазылады. Оны Гүлжан апайдың шәкірті Сая керемет ойнап шығады. Бопай ханымды жазар кезде Лейло Ханинго Хақназар ұсыныс жасаған екен, Бопай ханымды жазу үшін драматургке ұзақ ізденуге тура келген. «Бес ай азап шектім» дейді өзі.
Осы жерде оқырманға, театр сүйетін жұртқа айта кетейік, «Бопай ханым» мамырдың 14-15-і күні жаңа ғимаратта қойылады. Жазушы-драматург Роза Мұқанованың айтуынша, бұл пьесада Бопайдың трагедиялық тұлғасы көрінеді. Әбілхайыр қайтыс болғаннан кейінгі Бопайдың келуі, билікте Нұралыны хан сайлау, екі жақтағы үлкен алпауыт мемлекеттің ортасындағы хандықтың құлауға келе жатқан кезеңі, тақталас, Барақ кезеңі қамтылады.
Жадыра Шамұратова

Осы айдарда

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *