Өз сөзім

Қайтар жолда

Түнде түсімде тағы да дәу атамды көрдім.
Сәні мен салтанаты жарасып батыстағы жәрменкеден қайтып келе жатқан беті екен. Жанында бір топ нөкері бар. Арасында қамқа тон кигендері де, ішік тон кигендері де жүр. Атамыз әлемге сөзін жүргізіп отырған тұстасымен үзеңгі жолдас болып, терезесі тең, керегесі кең отырып, еркін сөйлесіп, сөз жарыстырып, ой өрбітіп қайтқан екен. Келелі кеңес үстінде көптеген келісімдер жасаған көрінеді. Жүзінен жеңіске жеткен адамның қуанышын байқауға болады.
Ақ ордасын тіккен Сары арқасына жүріп бара жатып, жолай, өзінің туып-өскен өлкесі Жетісуға ат шалдырайын деп шешкен екен. Алты қанат ақ орданың төріне жайғасты. Жайғасқан бетте бір жас жігіт құмған мен легенін ала жүгірді. Бекбай шалдың бауырмал баласы екен. Атасының қолына су құйды. Атасы қолын шайып болып, «көп жаса, өс, өркенде» деп бата берді. Жағалай отырғандар Бекбай шалдың баласы өсетін болды деп топшылады. Өзімен бірге ақ ордасына ала кетуі де бек мүмкін. Атамыз шай ішіп отырып әңгіменің тиегін ағытты. Әңгіменің бәрі сол тұстасымен өткен кездесу жайында болды. Тұстасына көңілі толып қайтыпты.
— Қанша немерең бар десем, тоғыз немерем бар дейді. Менің он немерем бар дедім,-деп бір күліп алды. Ол кісі жымиса күліп, күлсе ішегі түйілетіндер қарқылдап бір күліп алды.
— Айтыңдаршы, алпауыт елді басқарып отыр демесеңдер, менен асып тұрған түгі жоқ, ә-деді.
— Ой, сізге жету қайда…- деп шу ете қалды.
— Бұл бұл ма, бұған дейінгілері де сізден көп төмен еді ғой. Бұнысы бар, үлкен кіші пұшығы бар, кілінтіні бар, қара бала абамасы бар, бәрінің жабылып жүріп жеткен жеріне, сіз бір өзіңіз-ақ жеттіңіз ғой,-деді бір кісі сауаттырақ сөз айтып.
— Они же все однаразовые… Сиз кайталанбайтын тулгасыз-деді, мұртынан күлген қара жігіт.
— Қайткен күнде де бақытты заманда өмір сүріп жатырмыз ғой,-деді, ақ шашты қара бала ескі сөзін қайталап.
Шай үстіндегі мақтау мен мадаққа, жарасымды қолпашқа толы әңгіме қызған шақта дастархан басына ет келді. Басты осы шаңырақтың бүгінгі бас иесі болып отырған Есен-саулық деген жігіт ағасы әкелді. Атамыз ол кісіге де батасын берді. Сөйтіп Бата ал кісінің немересі де бата алды.
Атамыз өзіне қаратып қойылған басты алып, шетінен кесіп ауыз тиді де, қалған мүшелерін айналасындағыларға тарата бастады.
Мұрынды ішкі істер министріне берді.
— Басқа-басқа, сенің мұрның иіс сезу керек, аса сақ бол,-деді.
— Үй артында кісі бар деген, тың тыңдауда алдыңа жан салма,-деп, құлақты кесіп алып, бағанағы қара торы мұртты жігіттің қолына ұстатты. Екінші құлақты финполдың бастығына берді.
Екі көздің бірін бас прокурорға беріп, бірін жоғарғы соттың төрағасының алақанына салды. Тілді Ақпарат министріне берді. Таңдайды ән десең әннің, сөз десең сөздің жілігін шағып, май ішкен өңділеу келген сақалды жігітке жегізді.
Не деген көреген кісі. Ханда қырық қісінің ақылы бар деген рас екен. Бәрін осылай рет-ретімен таратып берді де, толық мүжілген басты білім минстрінің қолына ұстатты.
— Миын алып же…-деді.
Осынысы жөн болды-ау деп ойладым. Ішкі бір күдік те жоқ емес. Бірақ, не бопты атам келе жатқан тентек қой соятындай сорлы ел емес едік қой деп қоям.
Ет желініп болған соң ас қайырып, бәрі орындарынан тұрды. Шайға дейін сейілдеген де жөн. Жұрттар сыртқа беттеп бара жатқанда ұзын бойлы, сарғыш өңді бір жігіт қана орнынан тұрмады. Осы үйдің ерке күйеу баласы екен, төс мүжіп отырды.
Сыртқа шыққаннан кейін не әңгіме болды, ол жағын анық білмедім. Өйткені түсімнің тура сол жеріне келгенде оянып кеттім. Сондықтан көрмеген нәрсені айта алмаймын. Ол ұят болады.

Бейбіт Сарыбай

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *