М.Әуезов атындағы Қазақ Мемлекеттік академиялық драма театрының аға буын артистері ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасының мәдениет саласындағы мемлекеттік стипендиясының иегерлері атанды. Бұл туралы театрдың баспасөз қызметі хабарлады.
Театр іргетасын қалаған корифейлердің көзін көрген, олардың ізін жалғап, дәстүр сабақтастығының сақталуы үшін еңбек етіп жүрген театр абыздары, орта буын актерлер мен жас буынға қашанда ақылшы болып, өмірдегі және өнердегі тәжірибелерімен бөлісуден жалыққан емес.
Мемлекеттік стипендиямен марапатталған өнер майталмандары: Қазақстанның Еңбек Ері, КСРО және Қазақстанның халық артисі Асанәлі Әшімов, Қазақстанның халық артисі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Сәбит Оразбаев, Қазақстанның халық артистері: Зәмзәгүл Шәріпова, Есмұхан Обаев, Нүкетай Мышбаева, Торғын Тасыбекова және Қазақстанның еңбек сіңірген артистері: Баян Имашева, Меруерт Өтекешова.