Кино

Сергелдең

Жандос Құсайынов «Сергелдең» деген фильм түсіріпті. Мен оны режиссерлығынан бұрын кинотанушы ретінде танып қалған едім. «Jaqsy.kz» сайтында «Жақсы кино» рубрикасын жүргізді, әуелі. Сосын әлеуметтік желідегі жеке каналы арқылы жақсы киноларды екшеп, елеп, талдап-тануға талпынды. Өзіндік орамды тілімен, орайлы ойымен иіріп алатын еді. «Кино туралы Жандос не деп жатыр?» екен деп интернет жүйесіне енсек, «Жақсы киноға» да бір соға кететінбіз. Кейінгі сәт Жандос қызықты талдауын сиреткен. Кейін тіпті доғарғандай. Әсілі, кино талдаудың емес, кино түсірудің машақатты, қиын ұйығына батып кетсе керек.

«Сергелдеңді» «Асыл арнада» түсіріпті, Жандос.
Марқұм ақын-зерттеуші Әмірхан Балқыбек бауырым айтатын еді: «Есейген сайын көркем өмірден – шынайы өмірге ауып бара жатқандаймын» деп. Ондағысы – көркем әдебиеттен гөрі эсселер, ғұмырнамалар оқу қызығы артып бара жатқанын меңзегені еді. Мен де сондай күйді кешетін едім. Ғұмырнамалық дүниелерді іздеп жүріп Ресейдің «Время» арнасынан тамашалайтынмын. Өзім ұстаз тұтатын режиссер А.Тарковскийдің сөзі жадымда: «Өмірде болған нәрседен ешбір қиялдан туған нәрсе оза алмайды» деген. Оған әбден көзім жеткен. Сан тұлғалардың басынан өткен сан оқиғалар – шынайы оқиғалар ерекше елітіп, соны шығарманың соқпағына түсіріп жіберетін. Дегенмен, «Времяда» есімі ел кезген тұлғалар жайлы сөз қозғалып, болмысы кейіптелетін. «Асыл арна» негізінен кішкентай адамдардың ғұмырын зерттейтін бағытты таңдапты. Бұл – менің тақырыбым. Мені қызықтыратын дүние. «Берекелі шаңырақ», «Шуақты аналар» бағдарламасының кейіпкерлері жұрт назарындағы тұлғалар емес-тін, бірақ тұтас өрілген мына қоғамның бүйірін жапқан бір-бір кірпіш-тін. Зертесеңіз, сан батпан салмақты қайыспай көтеріп, қаймықпай алға қараған дара жандар екенін таныр едіңіз. Ғұмыр жолына үңілсеңіз, үлкен шығарманың мазмұнды кейіпкерін ажыратар едіңіз.
Қош. Әңгіме Жандостың түсірген киносы жайында. «Асыл арнаның» Бас директоры, әйгілі айтыскер, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Мұхамеджан Тазабектің идеясы желісі бойынша түсірген «Сергелдең» фильмі турасында. Фильм – бүгінгі таңдағы өте өзекті, шамның шынысындай нәзік тақырыпты қозғапты. Дін туралы. Дін туралы болғанда, «асыра сілтеп, ашамай артқан» адасқан ағым – радикалды діни көзқарастағы жандар жайлы. Дәстүрімізді, дәстүрге сай дінімізді реформаламақ болып тыраштанған, «менікі – дұрыс, сенікі – бұрыс, менікі – ақ, ал, сендерді еліктіріп жүргендер ақымақ» деп жөнге жүгініп, санаға салып, ақылға артудан қалған адасқандар турасында фильм. Әрине, айрандай ұйыған қоғамда әлгіндей сыңарезу адамдардың соңынан ерген адамдар іріткі тудырары хақ. Тіпті, әлгіндей ойларымен қасиетті дініміздің шырайына селкеу салып, жұртшылық көңіліне «исламафобия» түсінігін түзіп жіберуі де мүмкін.
«Кино түсіру – көлденең сырық ұстап, керілген арқан үстімен жүрумен бірдей» дейтін ұстазымыз Сатыбалды Нарымбетов. Иә, солай-ау. Әрі кетсең – асып кетесің, бері толқысаң – жетпей қаласың. Былай аусаң – примитивтің ауласына кетесің, былай аусаң – әсіре көмкеруге ұшырайсың. Ал дінге қатысты фильм түсіру – мың есе қиын. Өте қиын. Сіз арқан бойымен емес, қылдың үстімен жүруіңізге тура келеді. Сан толқисыз. Сан шайқаласыз – ары асып, бері кетуіңізге құқыңыз жоқ. Қақ маңдайдағы шолпандай жарқырап тұрған хақ дінге – хас ақиқатқа жетуге тиістісіз. Бағытыңыз – айқын, қадамыңыз сенімді болуы керек.
Бұл жолда фильм авторы адаспапты. Басты жетістігі – оқиға желісінің шымырлығында. Тұтастығында. Бір эпизодтың құйрығы келесі эпизодтың басын басып жатады. Шебер жымдасқан. Тығыз өрілген. Бір оқиға – екінші оқиғаға жетелеп, бір дүниеден – екінші дүние суырыла шығып, жалт етіп қашып, бел асып ұзап та кетпей, көз ұшында сумаңдап, саумалдай тартып сізді еліктіріп, желіктіріп отырады. Зеріктірмейді. Ритмі – ретті, қалыбы тұтас. Оған себеп: фильм жанры күңіренген трагедия да емес, егілген мелодрама да емес. Фильм – комедиялық элементтерді көбірек пайдаланып, комедиялық ситуацияларды кіріктіре отырып, мазмұнын байытқан. Мазмұнын байытып қана қоймай, сол ситуациялар арқылы кейіпкерлердің мінезін ашып, жанын зерттеуге талпынған.
Фильмнің кей эпизодтары тұтас бір миниатюралық мазмұнымен ерекшеленіп тұр. Мысалға, мына бір оқиғаны алайық. Бас кейіпкер асыра діншіл Бейсенбайдың жары жабық, жабығыңқы өмір сүреді. Бейсенбай оған тіпті далаға жалғыз шығуға да тыйым салған. Жас келіншек жүкті. Қыс ортасында құлпынайға аңсары ауады. Жерік болады нақтырақ айтсақ. Оның бұл халі Бейсенбайды ойландырмайды. Бұл айтып көрген, жолдасы: «Біз тақуаларша өмір сүреміз деп айтпап па едік, сен құлпынай дейсің» – деп зекіп тастаған. Бұл оның ендеше неге тәтті сусынға құмарлығын тыймайтынын сұрайды. Күйеуі енді мұндай күпір сөйлегенін қоймаса, «талақ» беретінін айтып, доқ көрсетеді. Келіншек үнсіз қалады. Жас келіншек құлпынай аңсап қиналады. Құлпынайдың суретін салады отырған жерінде. Құлпынай бейнелі салпыншақ та тағып алған пәтер есігінің кілтіне. Құмарланып оны иіскеп қояды. Ақыры аңсары жеңіп, келіншек дүкенге келеді. Сөреде мұздатылған құлпынайды көргенде көзі шырадай жанады. Дереу бір қорапша мұздатылған құлпынайды сатып алып үйіне асығады. Үйіне жетуге шыдамы жетпей, аулаға ене қорапшаны асыға ашып, бір құлпынайды таңдайына тастап жіберіп, рахаттана талмайды. Сол кезде үйіне бір жәшік сүйікті тәтті сусынын көтеріп келе жатқан күйеуін көріп шошып кетеді де… қолындағы құлпынай толы қорабын қоқыс жәшігіне тастай салады. Сонымен бірге алданышын, үмітін де қоқыс жәшігіне тоғытқандай болады келіншек. Өз пәтеріне қарай құстай ұшады. Қайтсе де күйеуінен бұрын жетуі керек, болмаса, рұқсатсыз шыққаны үшін жазаланбақ…
Болмаса, фильмнің басындағы бас кейіпкерлердің бірі – Асқар журналистің қызметім өседі деген сеніммен барып, өзінің «бет бояушыдан өсірген» әкімші қыздың бұл үміт етіп отырған бас редакторлыққа тағайындалып кетуі оқиғасын алайық. Бұл да етегін тұйықтап жіберсе, бір шағын шығармаға жүк. Бұлар менің есіме О/Генридің шымыр әңгімелері сюжеті мен Италия кинодраматургі Тониньо Гуэраның миниатюраларының оқиғасын еске салады.
Фильмде кемшілік те жоқ емес. Кейіпкерлерді сомдауға еліміздің белді театрларына еңбек етіп жатқан, біраз кинотуындыларда, сериалдарда жарқ етіп көрініп жүрген тәжиірбелі актерлар шоғырланыпты. Астана «Жастар театрының» ең сақа актері – Бейбіт Құсанбаев, тәжірибелі актер, кезіндегі «Бауыржан-шоу» сауық театры арқылы көрерменге таныс – Алмат Сақатов, Белді театр және кино актеры – Сафуан Шаймерден, Ғ.Мүсірепов атындағы Жастар және балалар театрының актері – Мақсат Сәбитов, осылардың бәрі фильмдегі жүкті жұмыла көтеріп жүр. Дегенмен, шатқаяқтап кететін тұстары да жетерлік. Актерлердің ойын мәнері театрға тән пафос пен кино әртісіне тән байыптылық шекарасында қалып қойған. Қос бағыттың да шегіне жете алмағандықтан, ойындарында шынайылықтан гөрі шарттылық көбірек. Әсіре діншіл Бейсенбайды сомдаған актер кейіпкерін ішін назардан тыс қалдырып, біржақты сыртқы бейнесін – ұрдажық қалпын кейіптеген. Бұл тұлғаның бәсі кемуіне әкеп соқтырған. Оның ойынына сұмдық пен қулықты басшы етіп алғанда тұлғасы жұмырлана түсер еді. Бас кейіпкер (антипод) күшейгенде, екінші басты образ – Асқар журналист те тұлғалана түсер еді… Бұл біздің ойымыз, әрине. Автордың өз уәжі бары анық. «Ат құлағынан ақсамайды» дейді халқымыз. Біз алдыға тартқан кемшін тұстар шығарманың өн бойы қуатына нұқсан келтіре алмақ емес.
Бастысы, фильм – ақ пен қараны ажыратып көрсетер сүбелі дүние. Толқын төңкерген дауылды күні бағыт нұсқар бағдаршам іспетті.

Данияр САЛАМАТ,
режиссер, драматург

27.11.2017. Қазақ әдебиеті.

Осы айдарда

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *