Бейнелеу өнері

Портрет – адамдар өмірі

Майлы бояумен салынған Абай, Жамбыл, Мұхтар Әуезов, Мұқағали Мақатаев сынды біртуарларымыздың қайталанбас бейнесін кенеп арқылы келер ұрпаққа аманаттап келе жатқан қылқалам шеберлері аз емес. Сондай айтулы суретші, бүгінгі қазақ бейнелеу өнерінің көрнекті өкілі, портрет жанрының шебері, ұстаз – Тоққожа ҚОЖАҒҰЛ. Күні кеше Алматдағы Орталық мұрайжайда суретшінің «Үнсіз музыка» атты көрмесі ресми түрде ашылды. Көрген жанның жандүниесін ерсілі-қарсылы ағыстарға салатын көрмені арнайы барып көріңіздер.

– Адамға қай өнер болса да тегін берілмейді ғой, біреуге әкенің қанымен, ананың сүтімен сіңеді. Ал кейде қажырлы еңбекпен, маңдай термен келеді. Сіздің бейнелеу өнеріне деген құштарлығыңыз қалай басталды?
– Хантәңірінің етегінде, Байынқол өзенінің жағасында қарапайым отбасында дүниеге келдім. Туып-өскен жерімнің табиғатының кереметтігі, адам жанына ерекше әсер беретін сұлулығы мені бейнелеу өнеріне алып келді. Әрі арғыаталарымыз да өнерден құр болмаған, елге танымал қолөнерші болған екен. Сол кісілердің осы қасиеттері бізге де дарыған секілді. Менен үлкен әкпем бармағынан бал тамған аспаз және өте шебер қолөнерші. Басқа бауырларым да ағаштан, темірден күнделікті тұрмысқа қажетті бұйымдарды жасайды. Солардың ішіндегі бейнелеу өнеріне бейімі мен болдым.
– Сіз қазақтың көптеген айтулы тұлғаларының бейнесін сомдадыңыз. Солардың ішіндегі ең алғашқысы Мұқағали Мақатаевтың портреті көрінеді. Ақиық ақынныңтұлғасын жазуыңызға не түрткі болды?
– Біздің Қаратоған ауылының қалыпты бір тіршілігі бар. Жаз кезінде мектеп оқушылары колхоздың жұмысына көмектесетін. Мен де басқалар секілді Қысаң деген жердің төменгі жағындағы алқаптарды суғаруға баратынмын. Нұрәсіл Қойшиев деген бригадир ағамыз су бұрады. Сол кісі берген тапсырманы бұлжытпай орындауға тырысатынбыз. Былайынша қаталдау болғанымен, ол кісі өнерге жақын, жаны таза адам еді. Бірде түскі астан соң, судың жағасында, көк майсаның үстінде жатып, «Сарыжайлау» әнін шырқады. Дауысы керемет болатын. Бәріміз сүйсініп тыңдадық. «Мына әннің музыкасы Нұрғиса Тілендиевтікі, ал сөзін Мұқағали Мақатаев деген өзіміздің Қарасаздың жігіті жазған», – деді. Мен Мұқағали ақынның есімін алғаш рет сол кезде естідім. Ол – 1976 жыл болатын. Міне, содан бастап, Мұқағалидың поэзиясы, оның болмысы, жандүниесі мені баурап алды. Мұзбалақ ақынның өзгелерден ерекшелігі – өмірдің барлық қырын зерттеп, түсініп, тіпті әртүрлі философиялық ойларын оп-оңай, қарапайым тілменжеткізе салады. Мен оның өлеңдерін жаттап, әр жерде мәнерлеп оқуды әдетке айналдырдым. Сол бір кездерде Мұқағалидың «Өмір өзен» атты жыр жинағы шықты. Кітаптың сыртқы мұқабасында ақынның графикалық бет-бейнесі салынған портреті бар еді. Мен соны бірінші көшіріп салдым. Оны үлкейтіп, үйдің қабырғасына іліп қойдым. Абай Құнанбаев, Сәкен Сейфуллин, Жамбыл Жабаев және т.б. ірі-ірі тұлғалардың суреттерін салып, сақтап қоятынмын. Соның алғашқысы Мұқаң болды.
– Ол кезде жасыңыз нешеде еді?
– Шамамен 8-9 сыныпта оқитынмын. Ауыл адамдары мені суретші бала деп атай бастады. Мектептегі безендіру жұмыстарына да белсене араластым. Аудан орталығында өткен көрмелерде менің салған суреттерім жүлделі орындарға ие болды. Тіпті ағаштан ойып, домбыра жасап, бетін тарихи мәні бар суреттермен әрлеп, аудан орталығындағы Мәдениет үйіне бергенмін. Мектептен соң,1979жылы Абай атындағы Қазақ Ұлттық педогогикалық университетінің «Көркем сурет графика» факультетіне оқуға түстім. Сол күзде біз ауылшаруашылық жұмысына қатыстық. Қыркүйек айының орта шенінде әкем дүниеден озды. Хабарды естіп, ауылға барғанымша әкемді жерлеп қойыпты. Әкемнің қайғысы ауыр тигені соншалықты оның келмеске кеткеніне өзімді сендіре алмадым. Құдды әр жерде жүргендей елестейтін. Ол кісі кеткеннен соң мен өз-өзімді қайрап, бар күшімді жиып, есеюге тырыстым. Бұрынғы қайырылмайтын, қырсық мінезімді жеңіп, әр нәрсеге байыппен қарауды үйрендім. Осылай уақыт өтіп жатты.
Бірінші курста үйрену сабақтары болды да, екінші курсқа көшкенде портрет жанрын оқытты. Мен іштей неге өз әкемнің тұлғасын жасамасқа деп бекіндім. 1981 жылы қысқы семестрге келгенде әкемнің портретін жазып әкелдім.Міне, осы кездерден бастап мен портрет жанрына аса зор мән бере бастадым. Осы аралықтарда Мұқағалидың бейнесін қайта жасауды ойлап жүрдім. Өйткені, сол кездерде бүкіл жастар Мұқағалидың, Қасымның, Қадырдың, Тұманбайдың, Шахановтың өлеңдерін жатқа айтып жүретін. Бір күні аудиторияда отырып, бірімізден соң біріміз өлең оқыдық. Сонда бір курстас жігіт: «Мұқағалиды барлығың меншіктеп алғансыңдар. Ал шын мәнісінде оның бір өлеңін басынан аяғына дейін оқитын біреуің жоқ», – деп намысыма тиді. Мен ойланбастан оның бірнеше өлеңін жатқа оқып бердім. Одан кейін Мұқағалидың суретін ағашқа күйдіріп салдым да жан-жағын гүлдеп, аяқ жағына «Егер де халық өзін ұмытпаса, бақұл бол, халқың сені ұмытпайды» деп жаздым. Осы жұмысты қатарластарым да, мұғалімдер де жақсы бағалады. Кейіннен ол суретті Нарынқол орта мектебінде «Қазақ тілі» және «Қазақ әдебиеті» пәндерінен сабақ беретін Әбдірасыл Сұлтанқұлов деген ұстазға сыйға тарттым. Үшінші курста оқып жүріп, «Менің анамның портреті» атты туындымды жаздым. Оны ұстаздарым өте жақсы деп, әдістемелік қойылымға алды. Кейіннен Тоқтабай Асқарбайұлы деген мұғалімім: «Сен әлгі шығармаңды өзің қайтарып ал. Келешекте көрмеге қоясың», – деді. Сол ағамыздың кеңесіне құлақ асып, анамның суретін өзіме сақтап қойдым. Ол туындым 1987 жылы Алматыдағы республикалық көрмеге қатысты. Оның артынша Мәскеудегі Бүкілодақтық көрмеде болып, сол жақтың көркемсурет дирекциясы сатып алды. Ал төртінші курсқа көшкенде Мұқағалидың қырынан қарап отырған суретін майлы бояумен жасадым. Оны қазіргі «Ұлан» газетінің бас редакторы Дүйсен Мүсірәліұлына сыйладым. Мұқағалидың шығармашылығына деген сүйіспеншілігімнен болар, үнемі оның портретінің нобайын жасап жүретінмін. Үш жыл Жамбыл педагогикалық институтында қызмет істеп, 1987 жылы өзім оқыған қарашаңыраққа оқытушы болып жұмысқа келдім.
1988 жылы еді. Студенттердің қысқы каникулында Мұқағалидың бейнесін салуды жоспарладым. Мен оның әр кездегі фотосуреттерін жинап жүретінмін. Бұл портретті де сол фотосуреттердің негізіне салмақшы болдым. Сөйтіп жүргенде түсімде Мұқаңды көрдім. Екеуміз бір үйде кездесіп, әңгімелесіп отыр екенбіз. Мен: «Аға, Сіздің суретіңізді салайын деп едім, қалай қарайсыз», – деймін. Сөйтсе Мұқағали ақын салалы саусақтарымен үстелдің үстін ақырын ғана тырсылдатып отырып: «Дамылда жаным, дамылда, Бақытты сол бір шағыңда…», – дейді. Бір кезде екеуміз сыртқа шыққан екенбіз, ол кісі: «Сен ол жұмысты Қарасазға апара бер. Мен айналып кеп көремін», – деді де ғайып болды. Менің көз алдымда әлгі кісінің бет-бейнесі, ойлы көзі, толқындала артқа қарай қайырылған шашы дәл өңімдегідей болып, анық сақталып қалды. Ақынның фотосуреттерін негізге ала отырып, портретін тез арада салып шықтым. Жұмысты аяқтаған соң, Мұқағали Мақатаевтың көзін көрген үлкен ақын-жазушыларға көрсеттім. Олар өте жақсы бағалады. Осы еңбегімнің нағыз бағасын берген ағамыздың жұбайы Лашын жеңгеміз еді. Менен: «Сен ағаңды көріп пе едің?», – деп сұрады. Мен: «Ол кісі дүниеден озғанда, мен жетінші сыныпта оқып жүргенмін. Көрмедім», – деп жауап бердім. Сонда Лашын жеңгеміз: «Мұқағалидың бейнесін салам деушілер көп болды. Бірақ сенікі ағаңың нағыз өзі болыпты», – деді. Ал сол жұмысымды 1991 жылы Мұқағали Мақатаевтың туғанына 60 жыл толған мерейтойында музейіне апарып тапсырдым. Кейіннен ақынның «Қарасазға апарып бер» дегені осы екен ғой деп ойладым. Ағамыздың жары сол тойда маған ризашылығын білдірді. Бірақ мен оны сату үшін немесе пайда табайын деп емес, өзімнің ақынға деген құрметімнің белгісі ретінде жасадым. Одан кейін Жамбылдың, Қарасай, Мұхтар Әуезов және т.б. бабаларымыздың суретін саларда да аян түстер көрдім. Сол себепті олардың бейнесін де еш қиналыссыз жасап шықтым. Жалпы шығармашылығымнан бөлек, жеке өміріме қатысты жағдайларды да көбіне түс арқылы біліп отырамын.
– Сіз ұстаздық еткелі де отыз жылдан асыпты. Одан тыс қоғамдық жұмыстарға да белсене араласасыз. Әрі ғылымға да терең бойлаған адамсыз. Осы уақыт аралығында шығармашылығыңыз шетте қалып қоймады ма?
– Өмір деген аламан бәйге секілді. Бәйгеде кейбіреулер алғашқы кезде жарқ етіп шықса, бірі орта шенінде көрінеді. Ал кейбіреулері жарыстың аяғына қарай ашылады. Сол секілді бейнелеу өнерінде де көздеген мақсатыңа сүрінбей, талмай жету өте қиын. Ол үшін бүкіл өміріңді сарп етуің де мүмкін. Дер кезінде өз жолыңды тауып, өмірдегі бағыт-бағдарыңды нықтап алуың қажет.Өнерде болдым-толдым деп айта алмайсың. Өйткені, өзің таңдаған өнердің тереңіне бойлаған сайын, әлі де үйрену керек екеніңді, білгеніңнен білмегеніңнің көптігін аңғарасың. Сыни көзқарас қашанда адамды ала өкпеліктен, даңғазалықтан, көрсеқызарлықтан сақтайды. Сол себепті әр кезде өз-өзіме сыншыл көзбен қараймын. Дұрыс айтылған сын адамның өсуіне, кемелденуіне оң әсерін тигізеді. Тіпті, хас жауың айтып тұрса да, соның сөзіне құлақ салған дұрыс. Уақыттың тығыздығын, әрбір минут, секундтың да қымбат екенін соңғы кезде қатты сезініп жүрмін. Күнделікті жұмыс барысында балаларға сурет салуды үйреткеніммен, былайғы кезде жеке шығармашылығым көбіне сырт қалып қояды. Қолым қалт ете қалғанда өзімді сынау үшін айнаға қарап тұрып, акварельмен өз суретімді саламын. Жалпы, бейнелеу өнерінде майлы бояумен жұмыс жасағаннан гөрі акварельмен сурет салған күрделілеу келеді. Себебі, майлы бояуды ақырын қырып алып тастауға немесе үстінен қайта жағуға болады. Ал акварельмен салынған сурет бүлінсе, еш түзетуге келмейді. Сондықтан да акварельмен жұмыс жасау барысында көз, қол, ми үшеуі қатар жұмыс жасауы керек. Сурет өнерін игеру екінің бірінің қолынан келмейді. Сол себепті мен бұл өнерді құдіреті күшті Алланың маған берген сыйы, басыма қонған бақ деп түсінемін.
– Жақында «Үнсіз музыка» атты жеке көрмеңізді өткізбекші екенсіз. Бұл көрмені ұйымдастырудағы мақсатыңыз не? Ол несімен ерекшеленбек?
– Біріншіден халыққа, екіншіден өз-өзіме есеп беру мақсатында «Үнсіз музыка» атты көрмені ұйымдастырып отырмын. Көрмеге елу шақты портреттер қойылады. Әр қайсысының өз тарихы бар. Жалпы адам өмірі портреттерден тұрады. Бейнелеу өнерінің музыкаға ұқсастығы бар. Себебі суретшінің жазған еңбегін көрген адам да, музыканттың туындысын тыңдаған тыңдарман да қай ұлттың өкілі болса да бірден ұғынады, түсінеді. Сол музыканың, сол суреттің тереңіне үңіле алады. Ол туралы айтып та, аударып та қажеті жоқ. Міне, бейнелеу өнерінің құдіреті, оның сиқыры осынысында деп ойлаймын. Кезінде мен жайында Жарас Сәрсек деген ақын жігіт «Үнсіз музыка» атты мақала жазған. Одан бері біраз уақыт өтсе де мен осы көрмені солай атадым. Әсілінде өнер адамдары, ақын-жазушылар экраннан, баспасөз құралдарының бетінен жиі көрініп жатады. Ал суретшілерді іздеп, насихаттайтын адамдар бірен-саран ғана кездеседі. Бейнелеу өнері елімізде кенже дамығаннан соң болар, ел-жұрт көрмелерге аз жиналады. Алайда шын өнерді, әдемілікті, сұлулықты іздейтін жаны таза, білімі мен парасаты келіскен жандар бар.
– Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан
Гүлім Нұрланқызы.

Қазақ әдебиеті.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *