Ақпарат
Армысың, Наурыз!
Армысың, Наурыз!
Салтымен Ата-Бабаның,
Жаңғырды жаңа заманым!
Тіршілік басы, о, Наурыз!
Қайырлы болғай қадамың!
Бұлдасам басым пұлысың!
Қасиетімнің ұлттық құнысың!
Өзіңсіз мынау қазақтың,
Көрген де күні құрысын!
Аңсап бір күтсем ардағым!
Аңсап бір күтсем ардағым!
Қолымды созсам арманым!
Тұманды түндер қапыда,
Көз жазып сенен қалғаным!
Өткен де күннің шатағы,
Батады жанға! Батады!
«Тарқады Наурыз!» — деген күн,
Шағылып тауы Бабамның
Жуылды-ау жаспен сақалы!
Заман да заман! Заман-ай!
Дау салып қайтем саған-ай!
Қамшысы қолда шолтаңдап,
Халқымның қалған сорыңа,
Шолақ белсендінің заманы-ай!
Еңтелеп үйге ене алмай,
Үлкенге сәлем бере алмай…
Көрісе келген көршімнің,
Ұсынған қолың сан қақтым,
Шын беріп тұр деп сене алмай!
Арыстан сынды өр кеуде,
Сұлап та түстің көлбеуге!
Көріспек қайда, кеш, бауырым!
Наурыз күн сенің жүзіңді,
Тырысып бақтым көрмеуге!
Көзімнің алды мұнар-ды…
Ұмыта алмаспын мен бұларды!
Наурызсыз өтті қанша жыл,
Тарқата алмай бір құмарды!
Таусылып барып амалым,
Қақырай жаздап қамалым,
дегенге, сірә, кім сенген
«Наурызым! Сені табамын!»
Наурызым! Байлық, берекем!
Өзіңмен ғана ел екем!
Береке, байлық сен жоқта,
Бойым жетпейтұғын жер екен!
Ақтарыла айтам ағымнан:
«Айырылдым ба, — деп — бағымнан!?»
Аңыраған шақта сен жеттің!
Мереке басы — о, Наурыз!
Сен келген күнің — ырыс, құт, —
ақ түйем қарны жарылған!
Көңілім — дария шалқыған!
Қорғасын жаным балқыған!
Сарғая күткен өзіңді,
Сәлем ал қазақ халқынан!
Сындырып сенсіз сағымды,
Байлаппын қолдан бағымды!
Аңғалдау халық бұл қазақ…
Кешірген болсаң, төрге шық,
Берейін түсіп тағымды!!!
Салтымен Ата-Бабамның
Жаңғырды қайта заманым!
Тіршілік басы, о, Наурыз,
Қайырлы болғай қадамың!!!
Айсұлу Қыдырбаева