АқпаратКино

Әлемге танылған Әміре туралы көркем фильм көрерменге жол тартты

Қазақ елінің рухани-мәдени өмірін­де ерекше уақиға – ұлтымыздың ұлы әншісі, әйгілі өнерпаз Әміре Қашаубаевтың туғанына 130 жыл толуына орай түсірілген көркем фильм көрерменге жол тартты. Елорда мен Алматы кино­театрларында қазақтың біртуар әншісі туралы «Әміре» фильмінің тұсауы кесіліп, жалпыұлттық прокатқа шықты. ХХ ғасыр басында қазақ әншісінің дауысы Еуропа төрінде шарықтаса, бір ғасырға жуық уақыт өткенде Әміре бейнесі кино тілімен көрерменді жауламақ, Әміре салған әндердің әсерімен халық қайта қауышпақ.

Музыкалық тілде жоғары тенор деп аталатын Әміре дауысы – табиғаттың қазақ халқына тарту еткен сирек сыйы. Бұл дауыс сезімінде сәулесі, көкірегінде көзі бар адамды бейтарап қалдыра алмайды. Әміре даусының мінсіз сұлулығы ғасырларда ғана қайталанар ерекше құбылыс. Қай әнді орындаса да сазы мен сырын жүрекпен жеткізетін Әміре Қашаубаев біртуар дарын иесі, сегіз қырлы бір сырлы өнерпаз болған. Асқан әншілігімен қоса виртуоз домбырашы әрі шебер актер ретінде танылған ол ғажайып адами тұлғасымен де халық құрметіне бөленді.

1925 жылы Парижде өткен ЭКСПО көрмесінде «Ағаш аяқ», «Қанапия», «Үш дос», «Жалғыз арша», «Қос ­балапан» және басқа әндерді орындап, 2-ші бәйгемен қоса күміс медаль жеңіп алған әнші өз талантымен әлемдік өнер жұлдыздарын тамсандырды. Сол кезде «Париж апталығы» газеті мен «Ле мюзикаль» журналы оның ­сирек кездесетін талант екенін жазса, Сорбонна университетінің профессоры Перно фонографқа Әміренің орындауында бірнеше ән жазып алған. Әміре Қашаубаев 1927 жылы сәуір айында арнайы шақыртумен Мәскеу консерваториясының залында қазақ әндерін тамылжыта шырқады. Сол жылы Германияның Майндағы Франкфурт қаласында өткен Халықаралық музыкалық көрмеде концертке қатысып, қазақтың халық әндерін әлемге паш етті. Оның орындауындағы әндер дүниежүзі мәдениетінің ірі өкілдері Ромен Роллан, Анри Барбюс тарапынан жоғары баға алған. «Әміренің әні «темпераменттің» шеңберіне сыймай, біз құтылуға асығатын өктемдіктен үстем барып, өзінің биік деңгейіне жайғасады. Төрт тондық жүйеге негізделетін ноталық жазуымыз бұл құбылысты әділ, риясыз бейнелей алмайды» деп таңғала жазды «Париж апталығында» атақты француз композиторы Поль Ле Флем. Осылайша әлем жұртшылығы Әміренің өнері арқылы қазақ халқын таныды.

Қазақтың ұлы әншісі Ә.Қашаубаев туралы «Әміре» фильмін Мәдениет және спорт министрлігінің тапсырысымен Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясы Ә.Өтемұратовтың «Dar Play» компаниясымен бірлесіп түсірген.

Фильм Еуропа жұртшылығына қазақтың қара домбырасы мен дәстүрлі ән орындау өнерін таныстырған біртуар әншінің қысқа да жарқын ғұмырын баяндайды. Кинотуындыда Әміренің 1925 жылы Парижде өткен ­«ЭКСПО» көрмесіндегі қайталанбас өнері, Мұстафа Шоқаймен кездесуі және танымал америкалық композитор Жорж Гершвинмен достығы көрініс тапқан.
ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы фильмнің тұсаукесерінде тарихи тұлға жайында түсірілген «Әміре» секілді фильм­дер шетелдік көрер­мен­­нің елімізге деген қызығу­шы­лығын арттыратынын атап көрсетті. «Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев­тың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарла­ма­лық мақаласында рухани жаңғырудың басты шарты – мәдениетіміз бен ұлттық кодымызды сақтап қалу. Онсыз рухани жаңғыру құр жаңғырық болып қалады» деп баса айтты. Еліміз жүргізіп отырған саясатта мәдениетке көп көңіл бөлінеді. Өскелең ұрпақты тәрбиелеу, ұлттық мәдени мұраны насихаттау мақсатында киноөндіріске идеологиялық мән берілген. Осы орайда еліміздің дара әншісі Әміре Қашаубаев туралы түсірілген көркем фильм көрермен назарына ұсынылып отыр. Еуропада бірінші болып қазақ әнін әуелеткен Әміренің тұлғасы қазақ өнері мен жалпы қазақ үшін аса маңызды» деді министр баспасөз мәслихатында.

 

 

Осы айдарда

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *