ДенсаулықТаңдаулы

Қыста туған балалар

Жарық дүниеге аязды қыста келу – шілденің шіліңгірінде келумен бір емес. Баланы бағып-қағуда сәбидің дүниеге келу маусым мәселесіне де көңіл аударғаныңыз жөн

Ата-аналар әдетте, дүниеге келер сәбилеріне алдын ала есім ойластырып, қай жерде дүниеге келерін де алдын ала шешіп алады. Сірә, баланың дүниеге келер уақыты да бұл мәселемен бірдей маңызға ие болар… Өмірге шыр етіп келген шарана өмірге таңсәріде есік аша ма, әлде түн ортасында келе ме – бұл да болашақ ата-ана үшін қызықты ғой. Бірақ, бүгінгі әңгіме баланың өмірге келер маусымы туралы болмақ. Иә, сәбидің денсаулығы мен болашақта дамып, қалыптасуында ол өмірге келген жыл мезгілінің де алар орны ерекше.

Осы, сәуір-мамыр айларында дүниеге келген балдырғандардың өздерінің қыста туған құрдастарынан не ерекшелігі бар екенін ойланып көрейікші. Біздің бұл кеңестеріміз жаңа ғана «ана» атын иемденіп отырған жас аналарға көмегін тигізеді деп сенеміз. Жас сәбиді таза ауамен қыдыртқанда, күнделікті күтімінде жыл мезгілін ескере отыру артықтық етпейді.

 

Сен өмірге келген маусым…

Даниялық ғалымдар миллионнан астам баланың денсаулығын бақылап, мәліметерді жинау арқылы баланың денсаулығы оның жылдың қай мезгілінде келуіне де байланысты деп тауыпты. Сәуір–мамыр айларында өмірге келген сәбилер желтоқсан-қаңтар айларында дүниеге келген балаларға қарағанда суық тию мен рахит ауруларына сирек ұшырайды екен. Оған қоса бұл балалар желтоқсан мен қаңтарда өмірге келген сәбилерге қарағанда жылдамырақ өседі, себебі таза ауа мен күн көзіне олардан гөрі көбірек шығады емес пе?

Күннің көзі сәбидің сүйек жүйесін ретке келтіріп тұруда маңызды орын алатын D дәруменінің бөлінуіне үлкен ықпал етеді, сонымен қатар, домалақ бездің мелатонин гормонын шығаруына да септігін тигізеді. Ал, мелатонин ағзаның көптеген қызметін арттырады, атап айтсақ, иммунитетті нығайтып, сәбидің бойының тезірек өсуіне көмегін тигізеді. Жазда туған балалар мен қыста туған балалардың бой өлшемдерінің арасында 0,6-ден 2,2 см-ге дейін айырмашылық болады!

Күн суықта дүние есігін ашқан бөпенің бойы қысқалау болғанымен, салмағы артығырақ болуы мүмкін. Және оның толықтыққа бейімдігі баланың бүкіл ғұмырында сақталып қалуы да ғажап емес. Ал, мұның алдын алу үшін қыста туған сәбидің салмағын бір жасқа келгенше назарда ұстап, артық салмақ жинауына мүмкіндік бермеген дұрыс.

Қалыптық көрсеткіштер:

Алғашқы 3 айда бөпе 2,4 кг салмақ қосып, бойы 9 см-ге дейін өсуі тиіс.

Алғашқы жарты жылдықта тағы 2,4 кг қосып, бойы 7,5 см-ге өседі.

Бір жасқа жуықтағанда салмағы 2,4 кг-ға артып, бойы 8,5 см-ге дейін өсуі қалыпты жағдай болып саналады.

Жалпы, жыл бойына баланың бойы 25 см-ге дейін өседі, ал, салмағы 7,2 кг-ға артады.

КЕҢЕС

Бөпені тек омырау сүтімен тамақтандыруға тырысыңыз(жасанды сүтпен тамақтанатын балалар салмақты артығырақ қосады),ал, қосымша тамақ беретін кез келгенде, алдымен ботқадан емес, көкеністерден бастаңыз, тегі, балаға артық тамақ бермеген дұрыс – оныңбалаға  еш қажеттілігі жоқ!

Қыста туған баланың артық салмақ қосып, бой жағынан өз құрдастарынан қалып кетпеу үшін баланы таза ауаға жиі шығарып, денесін шынықтырып, жиі гимнастика, массаж жасауға тырысыңыз.  

 

Үй ауаны

Жас сәбиге жылыжайда жатқандай ауа райының қажеті жоқ, бала жататын бөлме ыстық болмауы керек! Әйтпесе, жаңа ғана іске қосылған «жылу реттеу орталықтары» қалыптан тыс ыстық температураға үйреніп алады, дұрысы — алғашқы 4 аптада қалыпты деп саналатын температура 20–22°С. Ал, 4 аптадан кейін 18–20°С болса жетеді. Егер бұдан жоғары температураға үйреніп алса, бала тоңғақ болады да, жиі суық тиеді. Бізге мұның қажеті қанша?!

 

КЕҢЕС

Баланың бөлмесін әр 3 сағат сайын 10-15 минут бойы желдетіңіз. Бұл кезде сәбиді басқа бөлмеге апара тұрған жөн.

Назар аударыңыз: бөлменің ауасын тазартқан кезде іштегі ауаның алмасуы орын алуы керек! Егер бір ғана желдеткішті ашып қоятын болсаңыз, ол бөлмеге тек қана шаң мен лас ауа жинақталады.   

Бөпе ұйықтап жатқанда, әсіресе, түнде бала бөлмесіндегі температура әдеттегіден 1-2 градусқа төмен болғаны жөн. Температураның аздап төмендеуі ұйықтауға берілген белгі сияқты әсер етеді. Өзіңіз де салқында ұйықтағанның қаншалықты жақсы екенін білетін шығарсыз. Ал, ыстық бөлмеде баланы ұзақ уақыт әлдилесеңіз де ұйықтата алмауыңыз мүмкін, оған қоса емшектегі баланың барлық қиыншылығын бастан кешіруге тура келеді: бала өзін  ыстықтан жайсыз сезінумен қатар, денесіне есекжем шығып, басқа да қызарған жерлері қышып, мазасы кетеді.

Әдете, аналар бөпенің аяқтары салқын болған кезде аяғына шұлық киігзіп жатады. Шындығында бұл баланың тоңып қалғандығын білдірмейді. Мәселенің мәнісі — жылуалмасу мен тер бөлінуді реттейтін вегетативті жүйке жүйесі қызметінің бұзылуында. Ал ол жүкті кездегі, босану үстіндегі немесе алғашқы күндердегі жағымсыз факторлардың әсерінен бұзылуы мүмкін. Кейде бала рахитқа ұшыраған кезде де бұл қызмет қиындап жатады.

КЕҢЕС

Өз дәрігеріңізді бұдан міндетті түрде хабардар етіңіз және бөпеге арнап D дәруменін жазуын сұраңыз: қалыпты жағдайда қабылданатын дәрумен мөлшері мұндай баланың ағзасын толық қамтамасыз ете алмауы мүмкін.  

Дұрыс қыдырамыз

Таза ауа бала денсаулығына бой өсіретін эликсир және әмбебап дәрі сияқты әсер етеді. Ауыз жаппастан жылайтын бала далаға шықса бірден тынышталады, ал ұзақ уақыт бойы тербетіп ұйықтата алмаған балаңыз таза ауада жылдам тәтті ұйқыға кетеді. Таң қалатын түк те жоқ — белсенді түрде өсіп келе жатқан жас ағзаның ммиы үшін оттегі басқаның бәренен көбірек керек!

Сәбиді кез келген жыл мезгілінде таза ауаға шығару керек. Қыста да! Таза салқын ауа тәбетті ашып, суық тию мен рахиттің алдын алады. Әдетте жас аналар сәбиін далаға шығаруға әлі ерте деп ойлайды, бұл қате пікір.

Сәби өміріндегі алғашқы ай — өте жауапкершілікті мезгіл. Балдырған жаңа өмірде өз бетінше өмір сүруді енді ғана бастап келеді. Осынау әлемге ертерек бауыр басып, ағзасы тез үйрену үшін де таза ауа қажет. Бұл әсіресе, құрсақта жатқанда оттегі жетіспеушілігі болған сәби үшін және мазасыз немесе керісінше тым баяу қимылдайтын, әлсіз туған балалар үшін екі есе маңызды.

Негізінде сәбиді күніне 4 сағат таза ауада қыдырту керек.

Қысқы ауада жаздағы ауаға қарағанда оттегі 1,5 есе көп, және баланың ағзасын тынышталдырып, иммунитетті шыңдайтын, жүйке жүйесін қалыпқа түсіретін, іш шаншуларын азайтатын теріс иондарға әлдеқайда бай. Қыста бөпелердің жеңіл дем ала алуының тағы бір себебі: қар улы газдар мен шаңды өзіне жақсы сіңіретіндіктен.

КЕҢЕС

Өмірге жаңа келген сәбиді қыдыртуды перзентханадан келген күннен кейін екі апта өтісімен бастаңыз. Егер бұл кезде күн әлі де жылы болатын болса, одан да ертерек шығуға болады. Алғашқы күндері 10 минутқа шығарып, біртіндеп бұл уақытты соза түсіңіз. Қыс айларының өз ерекшеліктері бар.

Қаңтарда алғашқы қыдыру уақыты 10 °C-та  небары 3–5 минут. Күн сайын осы уақытты тағы 5-10 минутқа соза түсіңіз. Сонда бір ай  ішіндже біртіндеп қажетті 3-4 сағатқа жетіп те қаласыз. Сөйтіп күніне 2-3 рет 1-1,5 сағаттан баланы далаға шығарып, таза ауада қыдыртыңыз.

 

Қандай жағдайда сәбиді таза ауаға шығаруды кейінге қалдыру керек?

Сәби дүниеге келген алғашқы айды ауа температурасы –10 °С-тан төмен болса, онда бірден суық ауаға шығармаған жөн. Ал жасқа толмаған баланы –15 °С-тан төмен ауа райында сыртқа шығармауға кеңес беріледі.

 

Сағатына 15–20 метрге жететін қатты жел тұрған кезде де қыдырудан бас тарту керек. Қатты қар немесе қар аралас жаңбыр кезінде де солай. Ауаның ылғалдылығы 85%-тен асқан кезде. Мұндай ауа райында бала жылдам тоңып, суық тиіп қалуы мүмкін.

Жалпы алғанда, баланы жауыннан қорғайтын қоларбаны жабуға арналған арнайы полиэтилен жамылғылар да бар, алайда, баланы ауа өткізбейтін жамылғылармен тұмшалап далаға шығарғаннан келер қандай пайда бар? Жауабы айтпаса да , түсінікті емес пе?!

НОУ­ХАУ

Баланы тамақтандыра салысымен далаға шығарыңыз: бөбектер қыдырар алдында жақсылап тамақтанып алса, суыққа төзімді келеді.

 

Осы айдарда

1 thought on “Қыста туған балалар”

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *