Мамырдың 4, 5, 6 күндері Абай атындағы Қазақ мемлекеттік опера және балет театрында «Астана Балет» театрының гастролі өтеді. Осы күндері астаналық ұжым өз репертуарындағы дүниелерді паш етпек. Соның ішінде, ұлттық нақыштағы қойылымдар, әлемге әйгілі неоклассикалық балеттер мен қазіргі заманғы авторлық туындылар.
Гастроль бағдарламасы:
4 мамыр – 20-шы ғасырдың асыл қазынасы, П.И.Чайковскийдің музыкасына хореограф Джордж Баланчин қойған «Серенада» бір актілі балеті.
Антракттан кейін – Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері Мукарам Авахридің ұлттық тақырыпқа қойған «Жусан» спектаклі.
5 мамыр – би әлемінде жарты сағаттың ішінде төңкеріс жасаған «In the Middle, Somewhat Elevated» балеті (хореограф Уильям Форсайт).
Екінші бөлімде, отандық хореограф Мукарам Авахридің Фазил Сай музыкасына қойған «Саломея» спектаклі көрсетіледі.
6 мамыр – «Love Fear Loss» – Эдит Пиаф әндерінің музыкасына қойылған – махаббат ұраны деуге тұрарлық балет пен түрлі мәнердегі нөмірлерден құралған «Astana Ballet Gala» бағдарламасы.
Антракттан кейін хореограф Рикардо Амарантенің (Бразилия) бразилиялық самбо элементтерін қолданған «A fuego lento» атты неоклассикалық бір актілі балеті көрсетіледі.