Шетел жаңалықтары

8 наурызға арналған сыйлық

Әйелдерге арналған қысқа әңгіме

Мерекенің қарсаңы болатын. Қыстың табы әлі кете қоймаса да, жаймашуақ күндердің алыс емес екендігінен хабардар еткісі келгендей күн шуағын шашып, даланы нұрға бөлей бастаған. Жұмыстан ерте шыққан Айман кішкентай Мөлдірін балабақшадан алып, серуендеп келе жатты. Былдырлаған Мөлдірдің сан түрлі сұрағына жауап беріп келе жатқан Айман өзін сондай бақытты сезінді. Иә, Айман оқуын сәтті аяқтап, сүйгенін жазбай тапты, отбасылы болып, перзент сүйді. Ата-анасы аман-есен, жұмысы да сәтімен жүріп жатыр. Алдағы өмірінен үмітті әйел өзін алда жүрегін ауыртар жайдың кездесеін қайдан білсін?

Үміт

Сол күні үйге жақсы көңіл-күймен келген Айман баласына мультфильм қосып берді де, ерекше ықыласпен кешкі тамақ қамына кіріскен. Тамағын әзірлеп болып, үстел үстін жайнатып та қойды. Бірақ күйеуі кешікті. Мүмкін шаруалары шығып қалған шығар деп, жатын бөлмесіне барып қисайған. Есіне қазіргі күйеуі Саматпен кездескен күндері түсті. Сол бір сәулелі күндердің естелігі – суреттерін көрмек болып, альбомдар тұрған жәшікке қол созған. Кенет сол жәшікте жатқан қорапқа көзі түсті. Алып қараса, ішінде қымбат тастармен безендірілген, алтын алқа екен. Қатты қуанып қалды. Демек, Самат бұған мерекенің қарсаңында сыйлық алып қойған екен ғой. «Тосын сый жасағысы келген екен, онысының алдын алмай-ақ қояйын» деп, қайта орнына қойды.

Көзі ілініп кеткен екен, «Есік қағып жатыр, мама!» – деген Мөлдірдің даусынан оянды. Есікті ашса, Самат, өзінің сыныптас досы Бектұрды әйелімен ертіп келіп тұр екен.

  • Жаным, біз аяқ астынан кездесіп қалып, біраз бөгеліп қалдық, — деп Самат кешіккенін жуып-шайып жатыр. Айманға Саматтың күліп жүргенінен артық не бар? Бірден күлімдеп қоя берді. Қонақтарын күтіп, жайраң қақты. Бектұрдың әйелі де ажарлы, сүйкімді әйел екен. Күлімдеп, Саматпен қайта-қайта әзіл қағыстырып отырды. Кеш көңілді өтті. Самат достарын шығарып салып келген соң, Айман да құпия жымиып төсегіне жатты. Алайда, ертең алатын сыйлық есіне түсіп, елегізгендей болып ұзақ уақыт көз іле алмады.

 Күдік

8 наурыз күні Самат пен Айман Мөлдірді ертіп, ата-аналарына барып, Мөлдір әжелерін құттықтады. Кешке Мөлдірді нағашы әжесіне апарып қалдырды да, Самат пен Айман достарымен бірге мейрамханаға тартып кетті. Кеше ғана үйлерінде қонақ болған Бектұр мен Сәлима, Қанат пен Райхан – барлығы да гүл-гүл жайнап, мейрамханада кездесті. Айман кешегі сыйлықты Самат оған қашан берер екен деп күтумен болды. Бірақ Самат асығар емес. Бәлкім, мейрамханаға барған соң, достарына көрсетіп мақтанғысы келген шығар деп те ойлады.

Кенет, Сәлиманың мойнындағы алқа көзіне оттай басылған. Дәл өзі. Кешегі қорапта тұрған алқа! Сәлима өз-өзін әрең ұстады. Самат дәл кешегідей Сәлимаға көп қарап, сонымен көбірек әзілдеседі. Тіпті, Айманның түрі бұзылып, мазасы қашқанын да байқаған жоқ. Бұл күдікті тіпті күшейте түсті. Самат дәл осындай иттікке бармаса керек-ті…

Әлі де күдікке жеңдірмеуге тырысқан Айман басы ауырғанын сылтауратып, үйге асықты. Өзінше, «бәлкім, үйге барғанда Самат та маған дәл осы алқаны тарту етер» деп ойлады.

  • Сен мені Сәлимадан қызғанып отырғаннан саумысың? – деді Самат үйге қайтап келе жатқанда.
  • Жоқ, о не дегенің? Мен саған сенемін ғой, — деді бұл өзі де сенгісі келіп.
  • Онда неге мазаң кетті?
  • Білмеймін, басым ауырғаннан шығар. Оның үстіне Мөлдір іздеп қала ма дегенім ғой, — деп күмілжіді.

Үйге келген соң, алқаның дәл кешегі алқа екеніне көзі жетіп тұрса да, дереу альбом салынған қорапқа қол созды. Жоқ! Қорапта алқа жоқ боп шықты. Бұл қалай болғаны? Мазасы қашқан Сәлима мұны Саматтан қалай сұрарын білмеді. Самат болса жуынатын бөлмеде, еш алаңсыз. Тіпті, мерекеге сыйлық туралы ойында да жоқ сияқты. Енді не істемек керек?!

Қалайда сыйлық туралы әңгіме қозғамақ болып шешті.

  • Сәлиманың алқасы қандай әдемі, шамасы қымбат болу керек, — деді Саматқа.
  • Ә, байқамадым, — деді ол алаңсыз.

«Құдай-ау, сонда кешегі мында тұрған алқа қайда кетті? Бұл неге осыншама алаңсыз? Сонда Самат Сәлимаға осынша қымбат сыйлық сыйлап, ол туралы айтқан кезде тіпті, беті бүлк етпеуі қалай? Ол осыншама арсыз ба еді?»

Бәсе, Сәлимаға деген ықыласы ерекше сияқты көрініп еді. Шамасы, әйелдердің еркектер туралы айтатын әңгімелерінің бәрі рас болғаны-ау… Барлық еркектер өз әйелінен басқа әйелге көз салады және оны жасыруға өте шебер дейтін еді. Бізге де сол күн туды ма? Енді қалай өмір сүремін? Мынау қандай масқара? Енді қайттім?». Сәлиманың әбден басы қатты.

  • Айтпақшы, — деді Самат кенет.  Айман селк етіп, өзі күткен сөзді естуге асықты.
  • Иә, иә, не болды?- деді есі шығып.
  • Мен саған сыйлық жасауды ұмытқан жоқпын.

Айманның көзінде үміт оты жарқ етті.

  • Менімен жүрші. – Саматтың артынан жүрді. Ол ас үйге тартты. Үстелдің үстінде жап-жалтыр болып жарқырап, қазіргі кезде әрбір әйелдің арманына айналған заманауи кәстрөлдердің жиыны тұр екен. Айман мұндай ыдысқа бір күні қол жеткізермін-ау деп тіпті де ойламапты. Өйткені, бұл ыдыстар қазіргі кезде Сәлиманың мойнындағы алқадан да қымбат тұрады. Айман абдырап қалды. Жыларын да, қуанарын да білмейді. Бір жағынан ешқашан қолы жетпестей болған бағалы ыдыс алдында тұр, екінші жағынан Сәлимаға алқа сыйлап, өзіне ыдыс сыйлағаны жанына батып барады. Бір сәт бұл ыдыстарды алып, лақтырып, ұрып, жерге құлатып тастағысы келді.
  • Ұнай ма?
  • Иә.
  • Қуанбадың ғой. Өзің үнемі осындай ыдыстарды айта беретін едің…
  • Рахмет.
  • Саған не болған?
  • Ештеңе.

Шешім

Айман екі күн бойы көз ілмеді. Күйеуін бақылайды. Күдікті ештеңе байқатар емес. Онымен бұл туралы ашық сөйлесу керек пе, болмаса, үндемей отбасының жылуын сақтап отыра беру керек пе – қай жағына шығарын білмеді. Саматты әлі де жақсы көреді, сүйеді. Онсыз өмірін елестете алмайды. Оған қоса, әкесін жанынан артық жақсы көретін баласын да аяйды, оны әкесінен қалай айырмақ? Бірақ мына қылығы жанына батып барады. Өзін дәл осылай алдай алатын адаммен бірге өмір бойы қалай жүрмек? Тіпті алдап жүргеніне қымсынған адамның да кейпі жоқ.

Айманның істеген ісі алға баспай, әбден шаршады. Жұмыстағылар да оның күндегіден басқаша күйде жүргенін байқап үлгерді. Бұл мұңымен кіммен бөлісерін де білмеді. Жалғыз досы анасы еді. Бірақ оған айтар болса, көз жеткізбей тұрып, «Баяғыда-ақ соған тұрмысқа шықпа деп құдайдың зарын қылдым, ажырасып үйге кел, ішіме сыйған баламсың, сыртыма да сыясың» дейтінін анық біледі. Не істеу керек?

Екі күннен кейін кешкілік Айман кешкі ас қамына құлықсыз кірісіп жатыр еді, телефон қоңырауы шылдырлады. Сәлима екен. Көп хабарласа бермейтін Сәлиманың бұл қоңырауы да Айманның жүрегін қаттырақ соғуға мәжбүр етіп еді.

— Айман, саған хабарласқандағы мақсатым мынау еді – өткен мереке күні Бектұр маған ақықпен безендірілген алтын алқа сыйлап еді. Сол алқаның ақықтары өте нәзік ұсақ екен де, бір тасы түсіп қалыпты. Өзім түсіріп алмағаным анық. Бектұрға айтсам, ол маған алдын ала көрсетіп қоймас үшін Саматқа беріп қойған екен. Саматтан сұрашы, алқа салынған қорапта соның тасы жоқ па екен? Сол бір таста тұрған ештеңе жоқ та шығар, бірақ Бектұрдың ұзақ жылдан бергі бір сыйлығы еді, екеуміз де ыңғайсыз күйде қалдық.

Айманның жүрегі жарылып кете жаздады. Ал, ендеше! Масқара-ай! Ұят-ай! Екі беті алаулап ұяттан өлердей болды. Міне, мәселе қайда жатыр! Бәрінің байыбына бармай жатып байбалам салмағаны қандай жақсы болған. Дегенмен, осы екі күнгі жанын жеген күдіктің күрмеуі шешілді. Өзі жанындай көретін Саматын босқа жазғырыпты. Түкке тұрмайтын нәрсеге бола отбасы ойран бола жаздапты. Құдай сақтағанда, алқаның көзінің түсіп қалғаны қандай жақсы болды. Әйтпесе, бұл күдіктің қаншаға созыларын, немен тынарын кім білсін? Саматтың сыйлыққа алған ыдыстарын лақтырмағаны, айқайлап жыламағаны қандай жақсы болған?!

Айман өзінің сабыр сақтай білгеніне қатты риза еді.

  • Сәлима, рахмет! Иә, алқаңның көзін іздеп көреміз! Міндетті түрде табамыз! – деді айқайлап. Түкке түсінбеген Сәлима «Не дейді? Рахметі несі? Табамызы несі?» деп абдырап қалды.

Айман  ас үйге барып, ерекше ықыласпен, күмістей жалтыраған жаңа кәстрөлге ет салды.

 

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *