АқпаратКиноТаңдаулы

Самал Есләмова Канн фестивалінде үздік актриса атанды

Режиссер Сергей Дворцевойдың «Айка» фильмінде бас кейіпкер рөлінде ойнаған қазақстандық актриса Самал Есләмова «Үздік әйел рөлі» номинациясының сыйлығын жеңіп алды. Францияда өткен Канн кинофестивалі мамырдың 19-ы күні кешке аяқталды. Жабылу рәсімінде байқаудың негізгі бөлігінің жеңімпаздары жарияланды.

Петропавлда туып-өскен Самал Есләмова Ресей астанасындағы театр өнері институтының (ГИТИС) режиссерлік факультетін тәмамдаған, қазір Мәскеуде тұрады. «Айка» фильміне дейін ол Сергей Дворцевойдың «Қызғалдақ» фильміне түскен. Бұл фильм бірнеше халықаралық кино байқауының, соның ішінде 2008 жылғы Канн кинофестивалінің «Ерекше көзқарас» байқауының бас жүлдесін иеленген.

«Айка» – Мәскеуде босанған баласын перзентханаға тастап кеткен қырғызстандық мигрант қыз туралы драма. Ол Мәскеуге заңсыз жұмыс істеп жүрген қыздың аяғы ауыр болып қалады, дүниеге әкелген сәбиін перзентанада қалдыруды ұйғарады. Бірақ кейін аналық сезімі жеңген Айка тастап кеткен ұлын іздей бастайды.

«Айка» фильмін түсіруге қатысқан төрт елдің арасында Қазақстан да бар. Баспасөз құралдары Сергей Дворцевойды ресейлік кинорежиссер ретінде сипаттайды, әйткенмен Канн фестивалінде «Айка» фильмі қазақстандық туынды ретінде таныстырылды. Шымкент қаласының тумасы Сергей Дворцевой 1990 жылы Мәскеуге қоныс аударғанға дейін ұзақ жыл Қазақстанда тұрған.

«Айка» фильмі Канн кинофестивалі аяқталар қарсаңда – мамырдың 18-і күні көрсетілді. Көрсетілімнен кейін өткен баспасөз мәслихатында Самал Есләмова сомдаған рөлдің аса күрделі болғанын айтты. «Оған әр секунд сайын қасірет шеккен адамды ойнауға тура келді» деді режиссер.

71-мәрте өткізілген Канн кинофестиваліне Қазақстаннан тағы бірнеше фильм қатысты. «Ерекше көзқарас» бағдарламасында режиссер Әділхан Ержановтың «Әлемнің ерке енжарлығы» фильмі көрсетілді. Сонымен бірге кино байқауына Венера Қайыржанованың «Жасырынбақ», Берік Жахановтың «Асан», Алма Баймұратованың «Pearl», Әсел Аушакимованың «Жаңалықтар» және Жаннат Алшанованың «Маусым соңы» фильмдері қатысты. Ал Ольга Коротько түсірген «Жай ғана қыс» фильмі Тәуелсіз кино және оны тарату ассоциоциясы бағдарламасында көрермен назарына ұсынылды. Бұл фильмдердің ешбірі жүлде алмағанымен, жүздеген шығарманың арасынан іріктелгендері ғана көрсетілетін Канн кинофестивалінде көрсетілуі үлкен жетістік дейді сарапшылар.

Дереккөз:Азаттық радиосы

Осы айдарда

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *