Кеше Талдықорған қаласындағы І. Жансүгіров атындағы Мәдениет сарайында «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауының Алматы облыстық туры жеңімпаздары марапатталды. Өз балаларымен қатар қазақ, орыс, неміс ұлттарының 7 перзентін бауырына басып отырған Карибаевтар отбасы мен меценат, заңгер, білім саласының үздігі Рахымбековтар отбасы бірінші орын иегерлері атанды. Одан өзге байқауға қатысқандар арасында шығармашылық отбасылар, көпбалалы отбасылар, оның ішінде, мұғалімдер, дәрігерлер, механизаторлар, спортшылар, кәсіпкерлер және т.б. еңбек әулеттері бар, — деп хабарлайды Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Марапаттау салтанаты байқауға әр аудан, қалалардан қатысқан отбасылар туралы бейнефильм көрсетуден басталды. Мұнан соң құттықтау сөз сөйлеген облыс әкімінің орынбасары Жақсылық Омар отбасы құндылығы туралы айтып өтті.
— Бұл байқау отбасылар арасындағы жарыс емес, ең алдымен осындай үлгі боларлық отбасылардың бар екенін, оларды жастарға өнеге етуге болатынын көрсету. Отбасы – мемлекеттің тірегі. Сондықтан елімізде отбасыларға көңіл бөлініп, мерейі асқан шаңырақтарды көптің алдында құрметтеп, марапаттау игі дәстүрге айналды. Бүгінгі күні, бір өкініштісі, жас отбасылардың ажырасу фактілері жиі орын алып отыр. Сондай келеңсіздіктің алдын алу үшін, екі жастың бір-бірінің алдындағы жауапкершілігін, отбасы құндылықтарын түсінуі үшін үлгілі отбасыларды мақтан етіп, насихаттап отыруымыз керек, — дей келе марапаттау рәсіміне көшті.
Тағайындалған екі бірінші орынның бірін талдықорғандық Рахымбековтар отбасы иеленді. Отағасы Мықтыбек Рахымбеков мықты заңгер, білім, руханият салаларында демеушілік жасап жүретін жомарт жан. «Білім беру ісінің үздігі» атанған. Жұбайы Қалқа Балжанова да білім беру саласының ардагері. Екеуі екі ұл, үш қыз тәрбиелеп, бүгінде олардың әрқайсысы өмірден өз орнын тапқан. Тағы бір бірінші орынға лайық деп танылған Жамбыл ауданынан келген Каримовтар отбасы көп балалы жанұя. Өзінің 2 баласына қоса 7 жетім баланы өсіріп, жеткізіп, тәрбиелеп отыр. Олар бір шаңырақ астында тату-тәтті, бауырмал болып өсіп келеді. Отағасы Біржан — кәсіпкер. Отанасы Әлия экономист, журналист және дизайнер. Сал және онкологиялық ауруларға шалдыққан балаларға қаражат жинау қорының еріктісі. Екеуі бірлесіп UZYN.kz сайтын құрып, жүргізіп отыр. Жеңімпаздарға 1 млн. теңгеден ақшалай сыйлық және арнайы дипломдар берілді.
Екінші орынды қарасайлық Бекайдар отбасы, көксулық Жүнісовтер отбасы және алакөлдік Дүйсебаевтар отбасы иеленді. Үшінші орын Қаратал ауданынан келген Шаловтарға, Ұйғыр ауданынан Тохтахуновтарға, Кеген ауданынан Бөтеевтар отбасына берілді. Жеңімпаздарға 300 мың және 250 мың теңгеден ақшалай сыйлық пен дипломдар табысталды.
Бұл байқаудың облыстық турына 38 отбасы іріктеліп алынған болатын. Жүлдеге ілікпеген, бірақ сол іріктелгендер қатарындағы отбасылардың барлығына да сый-сияпат көрсетілді. Облыс әкімінің атынан барша қатысушыларды құттықтаған Жақсылық Омар жеңімпаз атанған екі отбасының республикалық байқауда топ жарып шығуына тілектестігін білдірді.
Жалпы, конкурс алғаш өткізілген 2014 жылы байқауға 172 отбасы қатысса, биылғы жылы олардың саны 400-ден асқан. Енді «Мерейлі отбасы» ұлттық конкурсында облыстың атынан Каримовтар мен Рахымбековтар отбасы шығатын болады.
Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі.