Аймақ
Алматы облысында «Ескерткіштердің электронды картасы» жұмыс істейді
«Рухани жаңғыру» бағдарламасының «Қазақстанның киелі жерлері» жобасы бойынша облыста 58 объект іріктеліп, оның 17-і республикалық және 41-і облыстық тізбеге енгізілді. Бұл туралы бүгін Орталық коммуникациялар қызметінің алаңында өткен брифинг кезінде облыс әкімі Амандық Баталов мәлімдеді, — деп хабарлайды Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Жаңа заман талабына сай цифрлы технологияның мүмкіндіктері пайдаланыла отырып, «Ескерткіштердің электронды картасы» жасалып, оған облыс аумағындағы 2343 ескерткіш кірді. Карта арқылы тарихи, мәдени, табиғи ескерткіштердің, киелі нысандардың толық мәліметін алуға мүмкіндік жасалған.
Заманауи ақпараттық технологияны енгізу кез келген саяхатқа шығуды жеңілдетуге жағдай жасап отыр. Өңірдің туристік бағыттарына орнатылған навигациялы 255 QR сілтемелері және «Жетісу 360» жобасы аясында облыс музейлеріне 3D-тур жасау осыған жарқын мысал бола алады. Кез келген гаджеттен zhetysu360.kz сілтемесі арқылы өтіп, үйде отырып-ақ қызықты виртуалды саяхатқа шығуға болады.
— Жаңа технологияны жетік меңгерген жастар осы іске белсене араласып, өз жобаларын жүзеге асыруда. Мәселен, облысымыздағы Сүлеймен Демирел университетінің студенттерімен бірлесіп «Жетісудың қасиетті жерлері» атты үш тілде iOs және Android мобильді қосымшалары іске қосылды, — деді облыс әкімі А. Баталов.
Оған қоса өңірде «Жетісудың географиялық қауымдастығы» құрылып, Жетісу скретч-картасы жасалған. Осы арқылы әр азамат өзінің жеке картасын түзіп, Жетісу жеріне саяхат жасай алады.