Ақпарат
Апорт – Астанадағы «Жетісу» саябағының басты символы
Астананың 20 жылдығына орай жаңғыртылған «Жетісу» саябағының негізгі элементтерінің бірі алмамен тікелей байланысты. Өйткені бұл идея Қазақстанның, соның ішінде Жетісудың алманың отаны екенін айғақтауды мақсат еткен. Саябақта 400-дей алма ағашы отырғызылған, сол сияқты алма тақырыбымен байланысты декоративтік элементтер шоғыры бар, — деп хабарлайды Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Мұнда Апорт ағашының мүсіні көз тартады. Ол жемісі төлігіп тұрған мәуелі алтын ағаш. «Молшылық» деп аталатын композицияның идеясы тереңде жатыр. Аспалы қос қоржыннан төгіліп жатқан алмалар – Жетісу табиғатының жомарттығының, молшылықтың нышаны.
«Апорт» алаңы «Бақыт» композициясы толықтыра түседі. Композицияда саябақ орындығында отырған қазақ ақсақалы мен оны оның жанында қолына апорт алмасын ұстап, орындықта түрегеп тұрған немересі бейнеленген.
Алдыңғы «Апорт» және «Молшылық» мүсіндерінің авторлары Д.Нұржанов пен К. Гришиненко болса, «Бақыт» композициясын Қ. Жарылғапов пен М. Азмағанбетов дайындаған.
«Апорт» алаңына «Жетісу жүрегі» мүсіне де сән қосып тұр. Жарты алма бейнесіндегі жүрек Астана мен Алматы облысының бірлігі мен рухани сабақтастығын білідіреді. Сондай-ақ бұл мүсіннен ашықтықты, адалдықты, ал алманың дәні бейнесінен өсіп-өркендеуге деген құлшынысты ұғынуға болады.
Композиция қоладан жасалған. Диаметрі 1, 4 метрді құрайды.
Жалпы, Мемлекет басшысының тапсырмасына орай Алматы облысында бақ өсіруді дамытуға, соның ішінде Апорт алмасына ерекше көңіл бөлінуде. 2017 жылдың қорытындысы бойынша облыста 23 мың гектар жеміс-жидек, соның ішінде 1500 гектары – алманың «Апорт» сорты, оның 743 гектары бүгінгі күні жемісін беріп тұр. Ал биылғы жылы Облыста маусым айының соңына дейін 1192 гектар жерге жеміс ағаштары отырғызылса, соның 700 гектары – алма бағы, сол алма бақтың 72 гектары апортқа тиесілі. Атап өтсек, облыста интенсивті бақтарды дамытуға да айрықша назар аударылады. Соның арқасында әр гектарынан қарапайым бақтағыдан қарағанда 5-6 есе көп өнім алуға болады. Өткен жылдың қорытындысы бойынша облыста 2 мың га интенсивті бақ болса, биылғы жылдың бірінші жартысында 408 га интенсивті алма бағы отырғызылған. Жеміс ағаштарын отырғызу жұмыстары жалғасуда және күзгі маусымда да жалғасатын болады.