АймақАқпарат

Астананың 20 жылдығы: Мереке күндері қайда баруға болады

Астана қаласының әкімдігі Астананың 20 жылдығын мерекелеу күндері өтетін спорттық және мәдени шаралар тізімін ұсынды.

2-3 шілде күндері елорда тұрғындары мен қонақтары ІІ Халықаралық «Құралай» қуыршақ театры фестивалі аясында Түркия, Ресей, Эстония, Польша, Тунис, Бельгия елдерінің және астаналық қуыршақ театрының қойылымдарын тамашалай алады. Спектакльдер елорданың қуыршақ театрында сахналанады. 2 шілде күні Қ. Қуанышбаев атындағы мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театрында жас ақындар Қазақстанның елордасын жырға қосады. «Ел тірегі — Елорда» мүшәйрасы сағат 17:00-де басталады деп күтілуде. Дәл осы күні сағат 19:00-де «Бәйтерек» монументінің маңында американдық ACIDIC тобының концерті өтеді. 3-5 шілдеде қалалықтар «Серпер» VІ республикалық қазақ халық аспаптар оркестрі фестивалінің қонағы бола алады. Түрлі оркестр ұжымдары Есіл өзенінің жағасындағы амфитеатрда, «Студенттік», «Астаналық» саябақтарында өнер көрсетеді. Әзілсүйер қауымды 4 шілдеде сағат 19:00-де Nomad city холында өтетін «Назар аудар» театрының әзіл-сықақ бағдарламасы күтеді. Ал «Жастар» сарайының жазғы сахнасында 5-6 шілдеде караокеден қалалық ашық чемпионатта Астана қаласы әкімінің Кубогі үшін сайысқа түсуге болады. Сайыс сағат 15:00-де басталады. Бұл күндері қалалық алаңда көше биінен халықаралық «International Street dance Session in Astana» фестивалі өтеді деп жоспарланған.

6 шілдеде сағат 17:00-де Есіл өзені жағасындағы амфитеатрда қала тұрғындары мен қонақтарының алдында венгриялық «Kurazsi» этно-би ансамблі өнер көрсетпек.

Ал сағат 18:00-де «Астана» концерт залында КСРО Халық әртісі, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, КСРО және Қазақстан мемлекеттік сыйлығының иегері, Социалистік Еңбек Ері Бибігүл Төлегенованың жеке концерті ұйымдастырылады. Осы уақытта «Жастар» сарайының жазғы сахнасында елордалық «Моя любимая Астана» фото байқауының жеңімпаздары марапатталады. Мерекелік концерттер, сондай-ақ Есіл өзенінің жағасында, «Қазақ елі» монументінің маңында, «Бәйтерек» алаңында өтеді. 7 шілдеде қалалық алаңда италиялық «FORWARD» джаз квартетінің концертін және «Энергия музыки» концертін тамашалауға болады. Мәдени аптаны қазақстандық эстрада жұлдыздарының қатысуымен өтетін «Кеш жарық, Астана!» концерті аяқтайды. Ол Есіл өзенінің жағасында 8 шілдеде өтеді. Басталуы сағат 20:00-де. Бұдан бөлек, 2-8 шілде аралығында елорданың саябақтары мен спорт кешендерінде спорттың әр алуан түрінен жарыстар ұйымдастырылады. Олардың арасында бәйге түрінен өтетін «Астана кубогі» де бар.

Дереккөз: inform.kz

Осы айдарда

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *