Аймақ
Қазақстандағы тұңғыш француздық «Leroy Merlin» сауда желісі Қарасай ауданында ашылды
Алматы облысы Қарасай ауданында француздық сауда желісі «Leroy Merlin» гипермаркеті ашылды. Бұл — танымал желінің Қазақстанда іске қосылып отырған алғашқы дүкені. Сауда үйінің ашылу салтанатына Францияның Қазақстандағы елшісі Филипп Мартини, Алматы облысының əкімі Амандық Баталов жəне басқа да лауазымды тұлғалар мен бизнес өкілдері қатысты, — деп хабарлайды Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Салтанатты ашылуда сөз алған облыс басшысы А. Баталов əлемдік деңгейдегі үлкен желінің Алматы облысынан ашылуы жетісулықтар үшін қуаныш екенін айта келе:
— Бүгін, міне, облыс аумағында ашылған ірі гипермаркет жобасы арқылы өңірге 6 млрд. теңге инвестиция тартылып отыр. Мұнда 370 жаңа жұмыс орны құрылды. Көптеген жастар жұмысқа орналасты. Биылдан бастап Елбасының бастамасымен «7.20.25» бағдарламасының негізінде тұрғын үй салу қарқынды жүргізілетін болады. Сол үйлерді тұрғызуда, əрлеуде пайдаланылатын материалдардың барлығы осы сөрелерден табылатынына сенімдімін. Компания жетекшілері қазірдің өзінде отандық 40 тауар өндірушімен келісімшарт жасасып үлгеріпті. Соған сəйкес тауар бағасы да қолжетімді болып, зауыттардан тікелей осы сауда сөресі арқылы тұтынушыға жеткізілуі құптарлық іс. Біз өз тарапымыздан бизнесті дамытуға барынша қолдау көрсете береміз жəне тəуелсіз жас мемлекетіміздің экономикасын бірге көтереміз, — деді А. Баталов. Сөзінің соңында осы игі іске мұрындық болған елші мырзаға, компания басшылығына ризашылығын білдірді.
Францияның Қазақстандағы елшісі Филипп Мартини де өз кезегінде биыл Қазақстан мен Франция арасындағы байланыстың орнағанына 10 толғанын атап өтті. Осы мерейтойлық жылда француздық танымал сауда желісі Қазақстан аумағында алғаш Алматы өңірінде өріс ашып отырғанын тілге тиек етті. Оның айтуынша «Leroy Merlin» гипермаркеттер желісіне 2023 жылы бір ғасыр толмақ. Сол мерзімге дейін Қазақстанда осындай маркалы сауда үйлерінің саны 3-ке жететін болады.
Атап өтсек, «Leroy Merlin» гипермаркеттері бүгінге дейін əлемнің 12 мемлекетінде жұмыс істейді, Қазақстан сол тізімге он үшінші болып еніп отыр. Еуропа елдері, Бразилия, Қытай, Ресей мемлекеттерімен қатар Орта Азия елдері ішінде Қазақстан бірінші болып өз жерінде француздық аталмыш сауда желісіне жол ашты.
Құрылыс жəне əрлеу жұмыстарына арналған материалдар саудалайтын гипермаркеттің аумағы 10 500 м2. Мұнда тауардың 30 мыңнан астам түрі сатылымға шығарылады. Сауда үйінің жанында тұтынушыларға қолайлылық үшін 700 автокөлік сиятын орын белгіленген.
Осы күні гипермаркеттің ашылуына орай келушілер үшін концерт, шоулар ұйымдастырылып, лоторея билеттері ойнатылды.