16 жастағы Денис Тен Лондонда өткен Олимпиадада ерлер біріншілігінің ең жас қатысушысы және Олимпиада финалына жеткен Қазақстанның алғашқы мәнерлеп сырғанаушысы болды. Спортшы 2018 жылғы 19 шілдеде көлігінің айналарын ұрлаған тонаушылардың қолынан қаза тапқан еді.
«Тает лед» бағдарламасының арнайы шығарылымында Денис Тенмен жақын араласқан Алексей Ягудин спортшының достарынан, бапкерлері мен танымал сырғанаушылардан сұхбат алды. Олардың қатарында актер Санжар Мәди, режиссер және сценарист Игорь Цай, мәнерлеп сырғанаушылар Максим Маринин, Татьяна Тотьмянина, Максим Траньков, Татьяна Волосожар, Илья Авербух, Денистің алғашқы бапкері Елена Водорезова және Дениспен 6 жыл жұмыс жасаған Ресейдің мәнерлеп сырғанау спортының көрнекті бапкері Татьяна Тарасова болды.
Елена Водоровеза болашақ спортшы бала күнінен мәнерлеп сырғанауды ерекше ұнатқанын айтты. Денистің ең жақын досы, серіктесі әрі менеджері анасы болған еді. Тен әрдайым өз елін мақтан тұтты, Қазақстан халқы мәнерлеп сырғанауды жақынырақ танып, ұнатқанын қалады.
Елена Водорозева Денистің тәулік бойы жаттығудан жалықпай, жұмыс жасағанын, еңбексүйгіштігін ерекше атап өтті. Ол бар өмірін мәнерлеп сырғанауға арнады, әуенді жан-тәнімен сезінді.
Татьяна Тарасова Денисті кез келген бапкер үшін сый деп атады. Оның сырғанаушыға деген сүйіспеншілігі ерекше еді. «Оған бір нәрсені қайталаудың қажеті жоқ еді, естігенін бірден сіңіріп алатын» , — деді Тарасова. Татьяна Анатольевна Денис қаза табардан 2 минут бұрын оның анасымен телефон арқылы сөйлескенін айтты. «Денис мен үшін жай ғана сырғанаушы болған жоқ, ол менің жақын досым еді. Біз жиі сөйлесіп тұратынбыз. Менің берген кеңестеріме үнемі құлақ асатын. Қазақстанға келген кезде міндетті түрде кездесуге тырысатынбыз. Дениспен қайғылы жағдай болардың алдында ғана сөйлескен едік. Мен үшін аталмыш бағдарламада Денисті еске алу маңызды болды», — деді Олимпиада чемпионы және «Тает лед» бағдарламасының жүргізушісі Алексей Ягудин.
Илья Авербух Дениспен алғаш рет Астанадағы Мұз шоуында кездескенін айтты. Спортшы бұл шараны Қала күніне орай ұйымдастырған. «Денистің кез келген сөзі «рахмет» деп, алғыс айтудан басталушы еді. Ол мені өзінің тәрбиесімен баурап алды. Мұзда қандай болса, өмірде де дәл сондай еді. Ән жазды, фильм түсіргісі келді. Шығармашылық энергиясы тасып тұратын. Ойлаған армандары міндетті түрде орындалушы еді», — деп еске алады Илья Авербух. Бағдарламаның түсірілімі Мәскеуде, Сочиде және Алматыда өтті.
8 тамыз күні сағат 17.55-те «Матч ТВ»-дан Денис Тенді еске алуға арналған «Тает лед» бағдарламасының арнайы түсірілімін тамашалаңыздар!
Дереккөз: Қазақпарат