СаясатТаңдаулы

Мемлекет басшысы РФ, Түркіменстан, Иран және Әзербайжан Президенттерімен кездесу өткізді

Мемлекет басшысы Қазақстанға келген Иран Президентіне ілтипат білдіріп, екі ел арасындағы қарым-қатынастардың әрдайым тұрақты сипатқа және достық пен бауырластыққа негізделгенін атап өтті. Бұл туралы ҚР Премьер-Министрінің ресми сайтында жарық көрді.

 

Мемлекет басшысы Қазақстанға келген Иран Президентіне ілтипат білдіріп, екі ел арасындағы қарым-қатынастардың әрдайым тұрақты сипатқа және достық пен бауырластыққа негізделгенін атап өтті.

«Сіздің саясатыңыз бен жоғары деңгейдегі екі жақты тиімді кездесулеріміздің арқасында елдеріміз арасындағы сауда-саттық пен жүк тасымалы көлемі артып келеді. Әсіресе, ауыл шаруашылығы өнімдерін жеткізу ісі жанданды», — деді Қазақстан Президенті.

Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан мен Иран Каспий теңізі аймағындағы жақын көрші екенін, сондай-ақ 2016 жылғы өзара сапарлар екі жақты байланыстарға тың серпін бергенін айтты.

«Біздің сенім мен өзара түсіністікке негізделген бүгінгі тарихи кездесуіміз Каспийге қатысты барлық мәселені шешіп, Каспий маңы елдері арасындағы ынтымақтастықты нығайтады», — деді Қазақстан Президенті.

Хасан Рухани Нұрсұлтан Назарбаевқа Қазақстанға келуге мүмкіндік туғызғаны және Иран делегациясына қонақжайлық көрсеткені үшін ризашылық білдірді.

«Сізбен кездескенімізге қуаныштымыз. Бүгінгі саммитте оң нәтижелерге қол жеткізіледі деп үміттенемін. Елдеріміз географиялық жағынан ғана емес, сондай-ақ басқа да аспектілер бойынша жақын. Сондықтан біздің мүдделеріміз де ортақ», — деді Хасан Рухани.

Х. Рухани халықаралық жиындарда Қазақстанның үнемі Иранды қолдайтынын және ядролық қару тақырыбы жөніндегі халықаралық уағдаластықты тұрақты түрде сақтайтынын атап өтті.

«Сіздің еліңіз жаһандық аренада, соның ішінде Астана процесі аясында, өте маңызды бітімгершілік миссиясын атқарады. Біздің қарым-қатынастарымыздың стратегиялық сипаты бар және барлық бағыт бойынша дамып келеді. Бүгін Ақтауда Каспий тақырыбы жөнінде маңызды саммит өтеді. Бұл Қазақстанның жоғары беделін тағы да нақтылай түседі», — деді Иран Президенті.

Сондай-ақ, Елбасы Түркіменстан Президенті Гурбангулы Бердімұхамедовпен кездесу өткізді.

Мемлекет басшысы Түркіменстан Президентіне ілтипат білдіріп, халықтарымызды тарихи әрі бауырластық қатынастар байланыстырып келе жатқанын айтты.

«Сіздің Қазақстанға сапарыңыздан кейін біздің сауда қатынастарымыздың жанданғаны байқалады. Алайда, бұл бағыттағы жұмыстарды ілгерілету үшін әлеуетіміз әлі де жеткілікті», — деді Қазақстан Президенті.

Гурбангулы Бердімұхамедов саммитке қатысуға мүмкіндік туғызғаны үшін ризашылық білдіріп, оның ұйымдастырылуы мен өткізілуін жоғары бағалады.

«Бұл күн ғасырлар бойы қалыптасқан өзара қарым-қатынасымызға тың серпін беріп отыр. Қазіргі кезеңде екі жақты ынтымақтастықты одан әрі кеңейту үшін барлық мүмкіндік бар», — деді Түркіменстан Президенті.

Кездесу соңында тараптар осы айдың соңында Түркіменстанда өтетін Арал теңізі проблемаларына арналған отырыстың күн тәртібіндегі мәселелерді талқылады.

Бұдан кейін Мемлекет басшысы Әзербайжан Республикасының Президенті Ильхам Әлиевпен кездесу өткізді.

Нұрсұлтан Назарбаев Әзербайжанның тұңғыш президенті Гейдар Әлиевтің кезінде басталған Каспийдің құқықтық мәртебесін реттеу үдерісі бүгінде тиісті Конвенцияға қол қою арқылы өзінің логикалық мәресіне жеткенін атап өтті.

Қазақстан Президенті кеше өңірдегі барлық елдер, соның ішінде Әзербайжан үшін жаңа көлік-логистикалық мүмкіндіктер беретін елеулі оқиға — Құрық порты мультимодальды хабының ашылғанын айтты.

«Біз бүкіл Қазақстан арқылы жүріп өтетін темір жол және 6 автомобиль жолын салдық. Соның ішінде екі жол Қытаймен шекарада орналасқан. Тынық мұхитының Ляньюньган портында логистикалық терминал тұрғызып, бүкіл Қазақстан арқылы өтетін заманауи автобан салдық», — деді Мемлекет басшысы.

Ильхам Әлиев Нұрсұлтан Назарбаевты Каспийде мультимодальды хабтың ашылуымен, сондай-ақ Қазақстанның қарқынды дамып келе жатқанын көрсететін зор жетістіктермен құттықтады.

«Мен бауырлас Қазақстан жеріне тағы да келгеніме қуаныштымын. Маңғыстау өңірі бізге тарихи жағынан да, географиялық тұрғыдан да жақын. Құрық портының жаңа мүмкіндіктері ынтымақтастығымызды одан әрі нығайта түседі», — деді Әзербайжан Президенті.

И. Әлиев биылғы мамыр айында көлік легі интеграциясын толық қамтамасыз ететін Аляк портының ашылғанын атап өтіп, екі елдің транзит мүмкіндігін пайдаланудың саяси және экономикалық тиімділігіне тоқталды.

«Каспий сыртқы көлік күре тамырына айналды. Көптеген күрделі мәселелер жөнінде келісімге қол жеткізу ісіндегі Сіздің рөліңізді ерекше атап өткім келеді. Біз Конвенцияның барлық ережелерінің орындалуына, Каспий теңізінің өңір тұрақтылығын әрі қарай да қамтамасыз ете беруіне ұмтылатын боламыз», — деді Әзербайжан Республикасының Президенті.

Сонымен қатар, Нұрсұлтан Назарбаев Ресей Федерациясының Президенті Владимир Путинмен кездесу өткізді.

Мемлекет басшысы Ресей Федерациясының Президентіне ынтымақтастық үшін жаңа мүмкіндіктер мен перспективаларға жол ашатын Каспий маңы елдерінің айтулы саммитіне белсенді атсалысқаны үшін ризашылық білдірді.

«Екі жақты қарым-қатынастарымыз барлық бағытта, әсіресе, экономика, әскери-техника және ғарыш салаларында ілгерілеп келеді. Еуразиялық экономикалық одақ аясындағы экономикалық мәселелер де қарқынды дамуда», — деді Қазақстан Президенті.

Владимир Путин Нұрсұлтан Назарбаевты Каспий маңы елдері саммиті жұмысының нәтижелерімен құттықтап, мұның Қазақстанның өзінде болған оқиға ретінде тарихқа енетінін айтты.

«Бұл – жиырма жыл ішінде қол жеткізілген елеулі оқиға. Ұзаққа созылған талқылаулар мен пікірталастардан кейін шешім табылды. Осы шешімнің Каспий маңы өңіріндегі ынтымақтастығымыздың дамуына септігін тигізетіні сөзсіз», — деді Ресей Федерациясының Президенті.

В. Путин екі ел арасындағы өзара тауар айналымының артқанын атап өтіп, барлық ірі жобалар мен бағдарламалар, соның ішінде ғарыш, энергетика және көлік салалары одан әрі дами беретінін, сондай-ақ елдеріміздің оң нәтижелерге қол жеткізетініне сенім білдіретінін айтты.

«Сізге Ресей мен Қазақстан қарым-қатынастарына ерекше көңіл бөлгеніңіз үшін ризалығымды білдіргім келеді», — Ресей Федерациясының Президенті.

Сонымен қатар, тараптар алдағы уақытта өтетін Петропавл қаласында өтетін өңіраралық форумның және Душанбеде болатын ТМД саммитінің мәселелерін талқылады.

Дереккөз: primeminister.kz

Осы айдарда

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *