Аймақ
Қызылағаштық шаруа қант қызылшасының әр гектарынан 700 центнерден өнім алмақ
Алматы облысы Ақсу ауданындағы «Квитко» шаруа қожалығы қант қызылшасы алқабының әр гектарынан 700 центнерден өнім алуды жоспарлап отыр. Бұл озат шаруашылықтың 2016 жылғы өнімі орта есеппен 500 центнерден айналса, өткен жылы бұл көрсеткіш 600 центнерге жеткен. Мұндай толайым табыс мемлекеттің шаруаларға субсидия, гербицид, тыңайтқыш, тұқым, техника тарапынан қолдау көрсетуі мен қызылша өсірушілердің қажырлы еңбегінің бірлескен жемісі. Бұл туралы бүгін Алматы облысының әкімі Амандық Баталовтың Ақсу ауданына жасаған сапары барысында айтылды, — деп хабарлайды Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Бүгін Қызылағаш ауылдық округіндегі «Квитко» шаруа қожалығының қызылша алқабында болған облыс басшысы А. Баталов ауыл шаруашылығы жұмыстарының барысымен танысты. Алқап басында ауданның аграрлық саласындағы шаралар туралы баяндаған Ақсу ауданының әкімі Ә. Далбағаевтың айтуынша, ауданда 6 сервистік-дайындау орталығы бар болса, 2018 жылы қант қызылшасы бағытында 3 СДО құрылған. Жалпы бұл орталықтарға 51 заманауи техника сатып алынып, игілігін шаруалар көріп отыр. Өткен жылы 56800 тонна тәтті түбір жинаған ақсулықтар жерден алар өнімді биыл 71 200 тоннаға жеткіземіз деп жоспарлаған.
Шаруашылық жетекшісі Александр Квитко үкімет қолдауымен алынған қант қызылшасының француздық тұқымынан шығатын өнімнің қанттылығы кемінде 22 % болатынын айтты. Жалпы осы алқаптағы 50 гектар жердің өнімі орта есеппен 700 центнерден айналады деп күтілуде. Үлгі үшін қазып алынған тәтті түбірді таразыға тартқан алқап басындағылар бір түп қызылшаның кемі екі келіден төрт келіге дейін тартқанын көрді. Егер осы алқаптағы әр түбірдің орташа салмағы осындай мөлшерде болса, күтіліп отырған 700 центнер көрсеткіштің орнына өнімнің шығымдылығы 800 центнерден айналуы да ғажап емес. Өз кезегінде облыс басшысы А.Баталов Ақсу ауданының ирригациялық жүйелері толық жөнделіп біткеннен кейін шаруалар егіс алқабы айналымын көбейтуге мүмкіндік алатынын атап өтті.
Еске салсақ, қазіргі кезде Қызылағаш су қоймасын қалпына келтіру жұмыстары жүріп жатыр. Аталмыш нысан іске қосылғанда аудан игілігіне тағы 7 мың гектар суармалы жер айналымға енгізілетін болады. Сонымен қатар Ақсу ауданының ирригациялық жүйелерін жөндеуге биылғы жылдың өзінде 5,9 млрд. теңге бөлініп отыр. Жөндеу жұмыстарының нәтижесінде ақсулық шаруалардың қант қызылшасымен қатар басқа да дақылдар себетін алқаптарының аумағын кеңейтуге мүмкіндік тумақ.