АймақАқпарат

Астанада Алматы облысының кеңейтілген ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі өтті

Астаналықтар мен астана қонақтары ақ таңнан «Қазақстан» спорт кешенінің жанында өтіп жатқан Алматы облысы тауар өндірушілерінің ауыл шаруашылығы жәрмеңкесіне асықты. Бұл жәрмеңкеге облыстың 17 ауданы мен 3 қаласының шаруалары жалпы сомасы 270 млн. теңге болатын 470 тонна сапалы азық-түлік әкелді.  Алматы облысының Мәдени күндері мен Астананың 20 жылдығына орай ұйымдастырылған жәрмеңкеге Алматы облысының әкімі Амандық Баталов, Астана қаласының әкімі Бақыт Сұлтанов, ҚР Парламенті Мәжілісі төрағасының орынбасары Владимир Божко және Парламент Сенатының депутаттары қатысты, — деп хабарлайды Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Екі күн қатарынан өткен кеңейтілген жәрмеңкеде астаналықтарға нарықтағыдан төмен бағада сапалы өнімдер ұсынылды. Атап айтқанда 17,0 тонна ет өнімдері, 21,9 тонна сүт өнімдері, 12,4 тонна балық, 106,1 тонна көкөніс, сол сияқты 43,4 тонна жеміс-жидек, 43,3 тонна картоп және басқа да азықтар апарылды. Жалпы саны 48 түрлі өнімді жәрмеңкеге келушілер ризашылықпен сатып алды.

— Азық-түліктің бағасы арзан. Мен Ескелді ауданының сатушысынан ет сатып алдым. Енді көкөністер мен жеміс-жидек қараймын. Осындай жәрмеңкелер жиі болып тұрса деймін, — деп өз әсерімен бөлісті астаналық Серікбай Байтасов.

— Мені, әсіресе, ет пен картоптың бағасы қуантты. Алматы облысының өткізетін жәрмеңкесіне жиі келемін. Және әр келген сайын ет сатып аламын. Тауардың түрі көп, қалағаныңның бәрін табасың, — дейді жәрмеңкеге келген Надежда Лужникова.

Келушілерге Жетісу өңірінің шығармашылық ұжымдары концерт қойып, көңілін көтерді.

 

Мұнан соң Алматы облысының Мәдени күндері бас қаланың 20 жылдығына орай жетісулықтар жаңғыртып, қайта ашқан «Жетісу» саябағында жалғасты.

Паркты аралап көргеннен кейін облыс әкімі Амандық Баталов құттықтау сөз сөйледі.

— Құрметті астаналықтар және қала қонақтары! Баршаңызды бас қаламыздың 20 жылдығымен шын жүректен құттықтаймын. Астана қаласындағы Алматы облысының күндері аясында ұйымдастырылып отырған «Жетісу» паркіндегі шараға қош келдіңіздер. Мемлекет басшысы атап өткендей, бүгінде «Астана – бейбітшілік пен жасампаздықтың ордасы» болып отыр. Астананың өсіп-өркендеуіне барлық өңірлер атсалысуда. Бұл қатарда Алматы облысының тұрғындары да белсене үлес қосып келеді. Дәстүр бойынша бас қаланың туған күніне орай жетісулықтар «Арай» саябағын қайта жаңғыртып, «Жетісу» деп атап, астаналықтаға жаңа келбетте тарту еттік. Елбасы өзі келіп көріп, жақсы бағасын берген осы саябаққа әрбір астаналық, қаланың әр қонағы келіп, Жетісудың көрнекті табиғатының бір бөлшегімен танысуға мүмкіндік алғанына қуаныштымыз. Шарын шатқалы, Балқаш көлі, Таңбалытас, Есік қорғандары — бәрінің бір-бір үзігін осы саябақтан таба аласыздар. Осының бәрі Астананың сәулетіне үйлесімде жасалды. Бізді қолдағандарыңызға ризашылығымды білдіре отырып, Астананың 20 жылдығымен тағы бір мәрте құттықтаймын! — деді А. Баталов өз сөзінде.

Шара саябақты салуға атсалысқан азаматтарды марапаттау салтанатымен жалғасты.  Алматы облысы әкімінің Құрмет грамоталары құрылыс және мердігерлік компаниялардың басшылары мен жұмысшыларына, инженерлерге, сәулетшілерге, мүсіншілерге тапсырылды. Осы мамандардың бірлескен жұмысының нәтижесінде, жауаптылығы мен шығармашылық қызметінің арқасында парктің жаңа тынысы ашылды.

Жетісулық өнер ұжымдарының концерттік бағдарламасы қойылып, астаналықтардың назарына ұсынылды. Олардың қатарында М. Төлебаев атындағы халық аспаптар оркестрі, «Алтынай» мемлекеттік халықтық би ансамблі, «Сүйінбай сазы» фольклорлық-этнографиялық ансамблі, «Жерұйық» тобы, «Үшқоңыр» триосы да болды.

Атап өтсек, елорданың 20 жылдығына орай Талдықорған қаласында Астана даңғылы, сондай-ақ Алакөл ауданында «Астана» саябағы ашылған болатын.

 

Осы айдарда

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *