Әдебиет

Детектив жанрының жолашары Кемел Тоқаевтың 5-томдық жинағы жарық көрді

Жақында «Ана тілі» баспасынан Мәдениет және спорт министрлігінің «Әдебиеттің әлеуметтік маңызды түрлерін сатып алу, басып шығару және тарату» кіші бағдарламасы бойынша қазақ прозасында детектив жанрының негізін салып, қасқа жолын қалыптаған қаламгер Кемел Тоқаевтың 5-томдық  шығармалары жарық көрді.

Қазақ прозасында детектив жанрының жолашары бола білген қаламгер шығармашылығы тақырыбы жағынан қазыналы да, тәлім-тағылымы жағынан мағыналы болып келеді.

Жарық көріп отырған бес томдықтың бірінші Кемел Тоқаевтың сүбелі шығармасы «Солдат соғысқа кетті» романы берілді. Романға берілген «Ұлы Отан соғысында 22 жасында ерлік өліммен қаза тапқан политрук Қасым Болтаевқа арнаймын»  деген эпиграфқа қарап автордың бұл шығармасына айрықша шынайылықпен, көкейін тескен тебіреністі күймен қалам тербегенін көреміз. Осы романмен қатар, бұл томға «Түнде атылған оқ», «Тасқын» повестері енді.

Екінші томға берілген қаламгердің кезекті күрделі шығармасы – «Соңғы соққы» романы. Қаламгердің таңдаған тақырыбына терең зерттеу арқылы  барып, өткен өмірдің қиын-қысталаң шағындағы дерегі мен дәйегі, шындығы мен аңызы араласып кеткен оқиғалардың тінін ашуға тайсалмай барғаны тәнті етсе, дәуір тынысына сай дүбірлі оқиғалардың, оған қатысты жандардың қарекеті мен күресінің құпия сырларын аша отырып суреттей білудегі қаламгерлік табандылығы қапысыз шеберлігімен баурап алады. Осы тақырыпты игеру жолында қандай қиындықтар мен кедергілердің барын біле тұра қаламын қайсарлықпен сілтей білуіне қарап, қаламгердің рухани қуатының қандай болғанын бағалауй аламыз.

Үшінші томда «Ұясынан безген құс» романы мен «Қастандық» повесі жарық көрді. Оқырманын баурап әкететін «Ұясынан безген құс» туындысынан да осы бір ізгілікті әрі иланымды ұстанымды көреміз. Мұндағы ағайын арасының татулығы, қызғаныштың құрық бойламайтыны, көреалмаушылық, маскүнемдік, зинақорлық секілді пендеауи қасиеттер мен құндылықтарды оқиғалардың тұздығы ете отырып, Шегебай мен Нояндардың «жымын білдірмейтін жылан» жүрістерін әшкерелейтін мілиса қызметкерлерінің еңбегін боямасыз суреттейді. Мұндағы «Ұясынан безген оңбайды…» сөзі ұлт ұясын қадірлеуге ұласып жатқанын меңзеу – шығарманың тастүйін толғамы. Бұлардың барлығы өмірде болған оқиғалар ізімен жазылған, шытырман оқиғалы шығармалар.

Қаламгердің көп тер төккен тақырыбы, қазақ прозасына тың үрдіс әкелген шығармалары негізінен көпке мәлім – шытырман оқиғалы повестері.. Қаламгердің бұл шығармалары («Сарғабанда болған оқиға», «Көшпенді үйдің қонысы қайда?», «Таудағы жаңғырық», «Көмескі із», «Солдат қабірінің басында») төртінші томнан орын алған.

Бесінші томға Кемел Тоқаевтың «Замандастар сыры» деп аталатын Қасым Қайсенов туралы деректі повесімен бірге жазушының өмірі мен шығармашылығы туралы замандастары мен қаламдастарының естеліктері енді.

Кемел Тоқаевтың   өмір жолы, отбасы, өткені мен көргені жайлы туған ұлы, мемлекет және қоғам қайраткері, қазақ дипломатиясының аса көрнекті тұлғасы Қасымжомарт Тоқаевтың «Әке туралы ой-толғау» эссесі ерекше қызығушылық тудырады және асқан ықыласпен оқылады деп білеміз.  Әке мен анаға деген перзенттік махаббатпен төгілген толғауда ата-анасын сүйіп, оны құрметтеп өткен, олардың жақсылығы мен қуанышын іңкәрлікпен еске алған, оны өмір бойы ұлық тұтып үкілей білген ұлдың сағынышқа толы көңілінің мөлдір моншақтары қағаз бетіне қаз-қалпында түскен, баянсыры әсерлі де айрықша қастерлі. Жүректі тербеп, көңілге нұр құяды, перзенттік адалдықтың осыншалық пәктігі мен парасаттылығы, таңғы шықтай тазалығы еріксіз тәнті етеді. Баяндауы байыпты, толғауы тебіреніске толы өмірбаяндық эссенің жазылуы керемет, одан алар әсер де айрықша боларына кәміл сенімдіміз.

Қыркүйектің 24-і күні, сағат 11.00.-де Ғылым ордасының Кіші залында ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің ұйымдастыруымен  жазушы Кемел Тоқаевтың 5 томдық шығармалар жинағының тұсаукесері өтеді. Тұсаукесерге зиялы қауым өкілдері, ғалымдар мен ақын-жазушылар, саясаткерлер қатысады.

 

Осы айдарда

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *