Аймақ

Алматы облысында балалар неонаталдық хирургиясын дамытпақ

Алматы облысында балалар неонаталдық хирургиясын дамытуға ден қоюда. Бұл туралы кеше облыс әкімі Амандық Баталовтың Талдықорған қаласындағы құрылыс нысандарын аралауы барысында белгілі болды, — деп хабарлайды Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі. 

Облыс басшысы А. Баталов алдымен облыстық көпсалалы балалар ауруханасының жанынан салынған қосалқы ғимараттың құрылысымен танысты. Өткен жылдың мамыр айында басталған ғимараттың құрылысы бүгінде толығымен аяқталған. Қазір мұнда ең озық үлгідегі медициналық құрал-жабдықтар орнатылуда. Бұл ғимарат балалар неонаталдық хирургия бөлімі ретінде қызмет көрсетпек. Мамандардың айтуынша, бұл жаңа бөлім нәресте өлімін азайтуға, түрлі ақаулармен дүниеге келген сәбилерге ота жасау арқылы өмірін сақтап қалуға мүмкіндік береді.

Аурухана жанынан салынған қосалқы ғимарат құрылысының құны – 896,2 млн. теңге. Құрылыс жұмыстарын «Алматы-Construction БМ» жүргізген.

Ғимараттағы палаталарды, жан сақтау, таңу және басқа да бөлмелерді аралап көрген облыс әкімі А. Баталов оларда орнатылып жатқан медициналық құрал-жабдықтардың, жиһаздардың сапасына назар аударып, кереуеттерді ауыстыруды тапсырды. Сол сияқты аурухананың жылыту маусымына дайындығын тағы бір мәрте пысықтау керектігін ескертті. Ауласын толық абаттандыруымен қоса қазіргі қолданыстағы балалар ауруханасын жөндеуді келесі жылдың жоспарына енгізу тапсырылды.

Мұнан соң орталық алаңдағы фонтандарды жөндеу мен жаңа фонтандар орнату ісімен, оның іргелес алаңындағы жұмыстармен танысты. Жетісудың жеті өзенін бейнелейтін жеті субұрқақтың құрылыс жұмыстарымен «Асат Құрылыс» мекемесі айналысуда. Сонымен қатар алаңның айналасы абаттандырылып, мұнда өсімдіктің 200-ге жуық түрі отырғызылатын болады. Бұл көркейту жұмысына «Polesie» ЖШС кірісіп жатыр. Серіктестік директоры Елена Чернецкая облыс басшысына көгалдандыру бойынша атқарылатын жұмысты баяндап берді. Оның айтуынша, мұнда жемісті-декоративті ағаштардың, бұталардың, гүлдердің, көгалдың түстерін және формаларын үйлестіруге баса назар аударылады. Мұнда ландшафтық дизайны шығыс стиліндегі тақырыптық бақ орнатылмақ. Облыс әкімі А. Баталов субұрқақ еденінің төсемелеріне, алаңды көгалдандыру дизайнына, жаяу жүргіншілер жолын төсеу бағыттарына қатысты бірқатар ескертпелер айтып, жоспарға өзгерістер енгізді.

Тәуелсіздік көшесі, 124 үйдің абаттандырылған ауласына барған облыс әкімі А.Баталов мұндағы көптеген кемшіліктерді көрсетіп берді. Аула қоршауының қоңырмен, футбол алаңы қоршауының көкпен боялуы көзге бірден оғаш көрінеді. Ал орнатылған орындық пен қоқыс жәшіктерінің сапасы да көңіл көншітпейді. Футбол алаңының ішкі төсемелеріне қатысты да облыс әкімі тарапынан сын айтылды. Жасалған ескертпелер негізінде мердігер компания жұмысты қайта жасайтын болады.

Осы айдарда

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *