Қызық...

Біздің қиял

Қиялмен дамытылған әңгіме

Бүгін мемлекет басшысы Қазақстан халқына арнаған кезекті жолдауын жолдайды.

Сіз бұл жазбаны оқып отырғанда жолдап та қойған болуы мүмкін. Мәселе онда емес. Біздікі жәй өзіміздің қиялымызбен бөлісу. Елбасымыз ана жақта жолдауды жазып жатқанда, жолдауды қатты қолдайтындар мына жақта сол жолдауға деген пікірлерін бұрқыратып отыратын болса керек. Сосын, бірден жолдаудан бұрын жазылған пікірлерін ортаға салады. Алдынала жазбаса да, жолдауды тыңдамаса да пікірлері дайын көкелеріміз тағы бар. Ощым, бәрі сөйлеуге дайын.

Мысалға былай.

Әйгілі депутат Бекболат көке Тілеухан: Абай не дейді? Абай әйгілі қара сөзінде: «Бұл жасқа келгенше жақсы өткіздік пе, жаман өткіздік пе, әйтеуір бірталай өмірімізді өткіздік: алыстық, жұлыстық, айтыстық, тартыстық — әурешілікті көре-көре келдік. Енді жер ортасы жасқа келдік: қажыдық, жалықтық; қылып жүрген ісіміздің баянсызын, байлаусызын көрдік, бәрі қоршылық екенін білдік. Ал, енді қалған өмірімізді қайтіп, не қылып өткіземіз? Соны таба алмай өзім де қайранмын»,-дейді. Көрдіңіз бе, мемлекет басшысы да осы негізде айтты. Осыған дейінгі жүрген жолымызды қорытып, алдағы бағытымызды анықтап берді. Енді бізге осы жолдан айнымау керек. Біз сонда ғана кешегі Асан қайғы бабаларымыз аңсаған жерұйықты табамыз. Бұқар бабамыз: Айналасын жер тұтқан Айды батпас демеңіз. Айнала ішсе таусылмас Көл суалмас демеңіз,-деп бекерден-бекер айтқан жоқ. Осы жолдаудағы негізгі бағыттарды экономика министрі қаперіне алса екен деймін.

Гүлжан Қарақұсова апамыз: Мен тыңдадым. Елбасы айтты. Дамытамыз деді. Біз дами да береміз. Ол үшін, иә, ол үшін бізге бірлік керек. Көрдініз ба. Бұны енді біз қалыққа түсіндіреміз. Жеткіземіз. Меніңше перспективалар керек. Деп ойлаймын.

Мырзатай ата Жолдасбеков: Қасымханның қасқа жолымен, Есімханның ескі жолымен жүрген қазақ бүгін міне Нұрсұлтанның нұрлы жолында келе жатыр емес пе. Айналайындар, осындай басшы берген Құдайдан айналмаймыз ба? Таршылықты да, жоқшылықты да көрдік. Бүгін міне баршылыққа белшемізден батып отырмыз. Бұның барлығы да осы Елбасымыздың арқасы. Кешегі хандар мен билердің заңды жалғасындай болған Нұрекең бұл жолы да көрегендік танытты.

Қуаныш аға Сұлтанов: Бұл жолдау – өткен жолдаулардың жалғасы. Яғни өткен жолдаулар дамытылды, күшейтілді. Уақыт тудырған талаптарға жауап берерліктей толықтырылды. Енді бұның барлығы атқарушы биліктің орындаушылық қабілетіне салмақ салады. Әр жолдау мемлекеттің дамуына тікелей ықпал етіп келе жатыр. Бұл жолдау да солай болады.

Нұртай брат Сабилянов: Мемлекетіміз күннен күнге көркейіп келе жатыр. Бұның барлығы елбасымыздың арқасы. Яғни, жалпы еліміздің дамуына осы жолдау да қатты әсер етеді. Өздеріңіз көрдіңіздер, тыңдадыңыздар. Біз депуттаттар сайлаушыларға, халыққа кездесулерде кеңінен айтамыз.

Әзімбай әкей Ғали: Бұл жолғы жолдауда да мемлекет басшысы өзінің амбициясын көрсетті. Ол қазақ элитасына қадірлі персона. Әлемдік саясаткерлердің арасындағы интеллектуал. Жолдауда құқықтық-саяси реформаларды аттап кеткен жоқ. Суперпрезиденттік вертикаль тағы да өзіндік нәтижесін көрсетті. Меніңше бұл жолы да демократиялық механизм ұмыт қалып отыр. Бірақ, бұл саяси интрига тудырмайды. Сондықтан да провакацияға орын жоқ. Өйткені саяси ассимиляцияның заманы артта қалды. Бұл жолдаудың дәл бүгін жасалуы қандай қажеттілік тудырғанына келетін болсақ, елбасы өзінің стратегиясын нығайтуды ойлаған болу керек.

Бейбіт Сарыбай

Осы айдарда

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *