Театр

Шәмші – элегия

Есімін ауызға алғаннан-ақ ән болып төгіліп, құйылып кете беретін адамдар болады… Шәмші – сондай тұлға! Осы себептен болса керек, Астананың Қ.Қуанышбаев атындағы академиялық қазақ музыкалық драма театры сахнасына ақын Серік Тұрғынбекұлының «Шәмші» элегиясы (қоюшы режиссер – Болат Ұзақов) шығады дегеннен-ақ, қойылым жанрын да, табиғатын да, жалпы, жаңа сахналық жұмыстың ерекшелігін де – әнге әкеліп телігеніміз…

Күткеніміз көп өзгере қоймапты. Премьерада театр шымылдығын әр қазақтың құлағында жатталып қалған сұлу да сырлы Шәмші әндерімен түрдік. Сахна төрінен бізді актер, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Нүркен Өтеуілов Шәмші болып қарсы алды!
Әртіс әлемімен таныс кез-келген көрермен біледі, мойындайды: актер Нүркеннің шығармашылық қарымын, қиял мен талғам диапозонын… Нүркен – сыршыл да терең актер. Актердің кейіптеуінде көрерменімен қауышқан Абай бейнесі – талғам мен парасат биігінің эталонындай. Өнер иесінің тыңғылықты ізденісінің нәтижесінде аталмыш рөл бүгінгі қазақ сахнасының шын мәніндегі Абайына айналып, кезіндегі Қ.Қуанышбаев, Қ.Бадыров, М.Сүртібаев, Ы.Ноғайбаев сынды майталмандар түзген бедерлі бейне галереясын табысты жалғады. Өткен ғасыр сахна қайраткерлерінің өнер өнегесін бүгінгі көрерменмен көркем сабақтастырды. Бұдан бөлек, Нүркен Өтеуілов кейіптеуінде театрсүйер қауым көзайымына айналған: Әбутәліп (Ш.Айтматов,«Ғасырдан да ұзақ күн»), Скапен (Ж.Б.Мольер «Скапеннің айласы»), Сол Бозо – (Дж.Патрик «Қымбатты Памела»), Дон Жуан – (М.Фриш «Дон Жуанның думаны»), Генрих – (И.Штраус «Жұбайлар жұмбағы»), Гамлет (У.Шекспир – «Гамлет»), Марио (А.Вальехо «Күн сәулесі түспеген»), Король (Ж.Ануй «Жалын жұтқан Жанна д Арк»), Жарасбай (М.Әуезов, Қ.Ысқақ «Қараш-қараш» ) және тағы басқа да кейіпкерлерден түзілген мазмұнды бейнелер шоқтығы артистің ішкі көркемдік қуатын айқын танытады. Өнеріне бас игізеді. Оның үстіне, сахнагердің жан дүниесінің ән әлемімен егіз өріліп жатуы да тұсауы кесілер «Шәмшіден» үлкен үміт күттірді.
Қойылым режиссері Болат Ұзақовтың бұл таңдауына қос қолымызды көтере, нық сеніммен қуана келіскенімізбен, біз білетін Нүркеннің шығармашылық мүмкіндігін сахнада жарқырата көрсетуіне пьесаның драматургиялық олқылығы мұрсат бермей, актер қарымын жиі бөгей бергендей, тежей бергендей әсерде қалдырды, өкінішке қарай. Өнер иесі кермедегі жарау аттай кейіпкерінің ол жағына бір, бұл жағына бір шығып көріп, шын жүйріктерше жүйіткуге талпынып-ақ бақты. Бірақ, амал нешік, әдеби негіздің қайшылыққа, жанрлық көркемдікке кедейлігінің салдарынан актер адымы тұсала берді.
Жалпы, соңғы кезде театр үрдісінен жекелей тұлға табиғатын ашуға бағытталған деректі-өмірбаяндық қойылымдардың сахналану тенденциясын жиі байқауға болады. Бір ғана Қаллеки театрының сахнасында Мұқағали, Сәкен, Сара, Әміре, Зере, енді бүгін, міне, Шәмші бейнесімен қауышуымыз – осы ойымызды берік бекіте түседі. Ал «бұл жақсы ма, жаман ба?» деген сауалға келсек, әрине, тұлға табиғаты деректік баяндаудан алшақ кетіп, көркемдік бейнелеу тұрғысынан сахнада барынша сәтті бедерлене алса – сөзсіз жетістік болады. Бірақ өкінішке қарай, көп жағдайда шығарманы деректі-құжаттық негізде, яғни шикі күйінде бере салу, драма заңдылығына сай толыққанды пісірмеу салдарынан көп тұлғаларымыздың сахнадағы бейнесі қарабайыр баяндаудың амплуасынан шыға алмай қалады. Осы талап тұрғысынан келгенде, «Шәмшінің» барынша биографиядан қашып, негізгі екпінді шығармашылық адамының өнер тудырудағы ішкі қайшылығы мен жан дүние аңсарын, мұңы мен сыры, шыбыт шабысы мен адами сезімдерін, арманын, жалпы өнер тудыру жолындағы ішкі психологиялық иірімдерін беруге деген талпынысын оң қабылдадық. Сыршыл сазгер (Нүркен Өтеуілов) мен оның Музасының (Маржан-Нұр Мәкібаева) сахнадағы бейнелі тандемі, Шәмшінің әйгілі әндері арқылы өнер иесінің сезім сырларын, болмысын барынша әсерлі жеткізуге бағытталған ізденістері де көңілге құрмет орнықтырады. Әсіресе, көпшілік сахнадағы Қаллеки театры актерлерінің хор мен хореография бірлігін сәтті қабыстыра отырып, тірі дауыста тұшымды өнер көрсетуі қойылымға өзінше өзгешелік үстейтіндей. Режиссер спектакль жанрын элегия деп анықтай отырып, сол бағытқа сай қойылым атмосферасын да тұрмыстық қарабайырлықтан алшақ әкетіп, барынша философияландыруға, барынша лирикалық сезім бедерін қалыңдатуға, барынша музыка-поэтикалық бояу үстеуге талпынған. Бұған театр оркестрінің орындауында ұсынылған жанды музыка мен актерлердің жекелей де, хор бірлігінде де тірі дауыста орындаған Шәмшінің сырлы әндері сәтті үндесіп, қойылымға ерекше рухани эстетика сыйлаған.
Ән қалай шығады?.. Өлмейтін өнер қалай туады?..
Міне, қойылым бойы осы сауалдарға Шәмші әлемі арқылы барынша жауап іздеуге талпынды. Бұл тұрғыдан келгенде, пьеса авторының сазгермен иық тірестіре жүріп сыйласуы, сыйласа жүріп, шығармашылық әлемін барынша байыптап, барлауы өз жемісін берген. Әйтсе де, бұл артықшылықтар автордың сол естеліктерден ішкі һәм сыртқы қайшылыққа толы толыққанды драматургия
түзуіне негіз болды деуде аздап күмілжіп қалатынымыз және рас. Өйткені, спектакль драма заңына сай біртұтастыққа жете алмады. Қойылым эпизодтары арасындағы драматургиялық линияның әлсіздігі, бір оқиғадан екінші оқиғаға ешбір логикалық қабысусыз оп-оңай ауысып кете салу, эпизодттар арасындағы мағыналық жүйеліліктің ескерілмеуі – спектакльдің мазмұндық қана емес, техникалық шашыраңқылығына әкеліп соққан. Соның салдарынан да қойылым көркемдік біртұтастығын жоғалтқан. Бұған дейін «Мұқағали» драмасын көрерменмен қауыштырған автор Серік Тұрғынбекұлы мен режиссер Болат Ұзақовтың шығармашылық тандемі, өкінішке қарай, бұл жолы бізді таңдай қақтыра алмады.
Қойылымның осындай азды-көпті кемшіліктерін ескермегенде, жалпы, режиссер ретінде Болат Ұзақовтың әр қойылым сайын үнемі жаңалық іздеп, әр актердің ерекшелігін көрсетуге мүмкіндік беретін жаңа рөлдер шығаруға ұмтылатынын театрсүйер қауым жақсы біледі. Мәселен, Д.Рамазанның «Кенесары– Күнімжан» тарихи драмасында – актер Сырым Қашқабаевты (Кенесары), «Абылай ханның арманында» – Қуандық Қыстықбаевты (Абылай хан), С.Тұрғынбекұлының «Мұқағалиында» – Жанқалдыбек Төленбаевты (Мұқағали), міне, енді бүгін Шәмші бейнесі арқылы актер Нүркен Өтеуіловтің шығармашылық ерекшелігін, актерлік қарымын барынша жан-жақты көрсетуге күш салды. Осы қойылымда театрдың камералық оркестрінің мүшесі,
скрипкашы Маржан-Нұр Мәкібаеваны Муза ролімен актриса ретінде танып жатсақ, оны да режиссер еңбегінің жемісі деп бағалаймыз. «Шәмші» қойылымы арқылы біз Қаллеки театрының нағыз академиялық музыкалық дәрежесіне лайық қарымын көрдік. Спектакльдің басынан аяғынан дейін хормейстер Амантай Жұмашевтың жетекшілігімен тірі дауыста жекелей де, хор арқылы да орындалған Шәмші әндері көрерменін шын мәнінде рухани ләззатқа бөлегені сөзсіз. Жеке дауыста ән салған театр артистері: Шах-Мұрат Ордабаев, Гауһар Жүсіпова, Жасұлан Ерболаттың ізденісін де айрықша атап өткіміз келеді. Хореорграф Адыл Эркинбаевтың шығармашылық ерек қолтаңбасы да қойылымды көрікендіре түскендей. Сондай-ақ, бұл жолы біз театр актері Олжас Жақыпбекті музыкалық көркемдеуші ретінде жаңа қырынан таныдық. Демек, қойылым жаңалықсыз емес. Бастысы – талпыныс бар, ізденіс бар, еңбек бар!
Ал жалғыз аксиома – қазақтай халық тірі тұрғанда Шәмші әндері ұмытылмақ емес! Замана алға жылжыған сайын көркемдігін кемелдендіріп, келешек ұрпақ көңіліне берік беки түседі. Қаллеки театры сахнасында күні кеше ғана көрерменімен қауышқан «Шәмші» элегиясы – соның дәлелі!

Назерке ЖҰМАБАЙ.

Қазақ әдебиеті

Осы айдарда

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *