РуханиятТаңдаулы

Жапон жұмбағы

Жапонияда қызық көп, бірақ бәрінен де таңдай қақтыратыны – адамдары

Бірінші жұмбақ

Жапондар. Олар кімдер?

Жапон жазушысы Акутагава Рюноскэнің «Беторамал» деген әңгімесі бар. Стриндбергті оқып отырған жапон профессоры гифу шырағы мен өзінің сүйікті әйелі туралы ойланғанды жақсы көреді. Өйткені, гифу да, әйелі де жапон мәдениетінің символындай көрінеді. Күндердің күні оған бейтаныс әйел келеді. Профессордың бір шәкіртінің анасы. Ол баласының қайтыс болғанын айтып, оған берген білімі үшін рахмет айтуға келіпті. Қолындағы қағазы түсіп кеткен профессор иіле беріп, үстелдің астында әйелдің беторамалды мыжғылап отырғанын көреді. Басын көтерсе, әйелдің жүзі жылы жымиып қана тұр. Түсірсе, әйел тынымсыз беторамалды мыжғылайды. Сол сәттен бастап, профессор оңаша қалғанда әйелі мен гифу шамшырағы жайлы ғана емес, жан-дүниесі жылап отырса да, жүзі жылы жымиған әйел туралы да ойлай бастайды. Өйткені, ол да сезімдерге ерік бермейтін, нағыз жапон мәдениетінің көрінісіндей еді. Өйткені профессор жапондардың жапон болып қалуын жан-тәнімен қалайтын. Сөйтіп отырып, ол Стриндбергті әрі қарай оқи жөнелді. Сөйтсе, швед драматургі бет-жүзі күлімдеп тұрса да, беторамалын мыжғылайтын Париж әйелдері жайлы жазыпты. Және бұған «талғамсыздық» деп баға берген. Осыны оқығанда профессордың тұнығы лайланып қала береді.

Сөйтіп, «Беторамалда» мүлде кереғар, бір-бірімен қабыспайтын екі мәдениеттің айырмашылығы сөз болады. Токиоға табан тірегенде әуежайда жылы жымиып күтіп алған жапондарға қарап, «бұлар расымен де басқа ма?» деп ойлана бердім. Қазақтарда шетелдіктің алдында бір түрлі кіріптарлық, төменшіктеу, қорлану сезімі байқалады. Ал, жапондарда «өзім» («учи») және «бөтен» («сото») деген ұғым бар. Бөтеннің бәріне құлай бермейді, өйткені өзінікін бағалайды.

Акутагавада тағы бір әңгіме бар еді, жапонның сайтанды алдап соққаны жайлы. Және бұл сайтан синтоизмнің, не дзэн-буддизмдікі емес, кәдімгі Еуропа миссионерлерімен бірге еріп келген христиан сайтаны болатын. Сонда бөгде жұрттың дінін қабылдап тұрып, сайтанын сан соқтыратын жапондарда әлдеқандай менмендік бары сезіледі. Олар жымиып, иіліп-ақ тұрып өзгеден өздерін өктем ұстайды.

Жапондар асқан мәдениетті дегенде, олардың бай дәстүр-салты мен рухани-мәдени байлығын айтпайсың. Мәдениет деген – ең алдымен, өзіңді құрметтеу, өзгені құрметтеу, ортаны құрметтеу.  Расында олар өзгеше екен. Қарқылдап күлмейді, айқайлап сөйлемейді, дарылдап іші-бауырыңа кіріп те кетпейді. Мас болып, орынсыз айқай сап жүрген жастарды да көрмейсің. Тіпті, қоғамдық орындарда, метро мен автобустарда телефонмен сөйлеспейді. Себебі, басқа адамның тынышын алуға ешкімнің құқы жоқ. Олар басындағы қиындықтарын да басқаға айтпайды. Отбасы мәселелерін таныстарымен бөліспейді. Өйткені, өз проблемаларыңмен басқа адамның басын қатыруға болмайды. Олар бір-бірімен тек қана жағымды, әдемі әсерлермен бөлісуі мүмкін, олардың әңгімесіне негіз болатын бір-ақ нәрсе – «фурю», яғни әуестік. Біреу икебанамен, біреу балетпен, біреу классикалық театрмен әуестенеді. Жапондардың ұзақ өмірінің тағы бір сыры осында, өзіндік әуестігінің болуында дейді білетіндер. Сонда жұмыс істеуге қашан уақыт табады дейсіз ғой? Ал жапондар жұмысқа жан-тәнімен берілетін жер бетіндегі бірден-бір халық шығар. Олар өздерінің кәсібилігін дәлелдеу үшін күні-түні еңбек етуге дайын. Тым асыра сілтеп, жұмыс орнында құлап қалатындар да бар дейді. Жапондар заңды демалысқа шықпай қоятын болған соң, ірі компаниялар бір ай бойы жұмысын тоқтатып, қызметкерлерін босатып жібереді екен…

Жапонияда қызық көп, бірақ бәрінен де таңдай қақтыратыны – адамдары. Олардың ішкі мәдениеті. Көлік күткенде екі қатар болып ұзыннан-ұзақ өшіретке тұрады. Тоқтаған көліктен түсетіндерді шығарып жіберіп, кіретіндер өз кезегімен аспай-саспай, міне береді. Жанталасып алға ұмтылу, біреудің алдын орап кету, өкшесін басып, итерісіп-жұлысу, қабақ шытысу, ұрсысу деген болмайды.

Жапон көшелерінде сізді таңқалдыратыны – мінсіз тазалық. Көшеде артық-ауыс қоқысты айтпағанда, бір қиыршық құм жатпайды. Әр орындықтың жанында қоңқиып тұрған қоқыс жәшігін де көрмейсіз, бірақ Құдай-ау, адамдар сағызын тастай салуды да ар санайды.

Базарларының бір түрі болады екен. Таңертең келіп, алма, мандарин қойып, жанына таразысын қалдырып, бағасын жазып, кетіп қалады. Қалаған адам керегін өлшеп алып, ақшасын қалдырып жүре береді. Бақша өсіруші кешке келіп ақшасын жинап алып кетеді. Жемістерді тегін әкету немесе біреулер қалдырған ақшаны жымқырып кету деген ой кіріп те шықпайды. Ол елде де кедейлік бар, ол елде де кезбелер бар, бірақ, халық  басқаша тәрбиеленген.

Қоғамдық сана деген болады. Сол қоғамдық сана жағынан бізге әжептәуір өсу керек секілді. Мысалы, бізді күтіп алған құрбымыз айтты: «Жапондар ұрламайды, жапондар кешікпейді, жапондар алдамайды». Бір танысымыз жазып отыр: «Кофеханада телефонымды қалдырып кетіппін. Жарты сағаттан кейін барсам, орнында тұр екен. Таңғалдым әрі қатты қуандым, жолың болды деген осы» дейді. Қазақстанда. Ал, Жапонияда сен телефон түгілі одан зорғысын ұмытып кет, сөмке-сөмке ақша қалдыр, оған ешкім тиіспейді. Сөмкеңді қалдырып, бір сағаттан кейін айналып келсең, сол орнында тұрады (басымыздан өткен соң айтып жатырмыз). Сауда орталықтарына, дәмханаларға кіретін жерде қолшатыр қалдыратын орын болады, кіріп бара жатып салып кетесең, шығып бара жатып алып кетесің. Сонда біреудің дүниесі жоғалсашы. Басқа адамның затын алу деген ой оларға кіріп-шықпайды. Дүкенге барсаң, саудаласуға болмайды. Өйткені жапондар алдамайды, тиісті мөлшерден артық бағаны өздері де қоймайды, өсімқорлық оларға тән емес.

Сонымен, жапондарға қарап, бұлардың сірә ең негізгі қасиеті – ішкі мәдениеті, тазалық сүйгіштігі, не темірдей тәртібі, не ұстамдылығы деп ойлағанбыз. Олай емес екен. Олардың бүкіл тұрмыс-тіршілігін үйлесімде ұстап тұрған бір қасиет бар, ол – жапондардың сұлулыққа құштарлығы. Философ Тэцудзо Тани-кава жазады: «Жапондардың ұлттық мінезінің негізі, тұрмыс-тіршілігін көктей өтетін басты ерекшелігі – эстетикалық қасиеті». Олар үшін өмір де, өлім де, көше де, үй де – бәрі әдемі, бәрі үйлесімді болуы керек. Көшедегі тазалық та, қылық-ниеттегі тазалық та сол, сұлулыққа құштарлықтан келіп шығады.

Біз жекеменшік үйлер орналасқан Кодайра деген ауданда тұрдық. Біздегідей далиып жатқан ауласы жоқ. Бір көлік сыярлық қана орын болады. Есесіне екі үй бір-біріне ұқсамайды. Әр үйдің алдында міндетті түрде гүлдер жайқалып тұрады. Магнолия, камелия ағаштары гүл жарып тұрғаны. Оларда ханами –  гүлдерді тамашалау,  цукими – айды тамашалау және юкими – қарды қызықтау деген ұғымдар бар. Мұның жиынтық атауы – моно-но-аварэ немесе мұңды сиқыр. Сұлулықты көре, байқай білу және оған табыну – жапондардың бәріне ортақ ұлттық қасиеті, керек десеңіз, дәстүрі. Әрине, адамзат баласының бәрі де әдемілікке құштар. Бірақ жапондардай оны дәстүрге айналдырған ұлттар санаулы ғана болу керек.

Өйткені күн сайын құбылып тұрған дүниеден олар сұлулық іздейді. Ал сұлулық – өнер мен табиғатта. Саябақтарының көптігі мен ескі дәстүрлерін қызғыштай қоритыны содан болса керек.

Екінші жұмбақ

Сакураның сыры

Ханами жайлы жоғарыда айттық. Наурыз айының соңғы сенбісі – мейрам. Сакура гүлдейді, бүкіл халық далаға шығып, көктемді қарсы алады. Біз «шиенің гүлі» деп жүрген сакура – шын мәнінде шие емес, оның жемісі болмайды, алдымен гүлі шығып, ол түсіп болғанда барып жапырағы шығады. Әр қалада, әр көшеде неше сакура бар екені, оның қашан гүлдейтіні, қазір қандай болып тұрғаны – бәрін синоптиктер бақылап, ғаламторда жариялап отырады. Жаңалықтарда қай қалада неше талдың гүлдеп тұрғанын хабарлап жатады.

Біз де Токионы сакураның гүлдеген сәтінде көрдік. Шынын айтқанда, бізге таңдай қақтырған – сакураның өзі емес, оны жапондардың соншама аялайтыны. Кейін түсіндік, бұл көктемнің, сұлулықтың ғана белгісі емес екен. Сакураның ғұмыры тым-тым қысқа. Қас пен көздің арасы. Жаратылыстан үйлесім іздейтін жапондар жақсы біледі, өмір де сондай өткінші. Сұлулық та сәттік қана, кірпік қаққандай дерсің. Сакура гүлі қалай тез солып қалатын болса, тіршілік те сондай баянсыз. Аруақтарды құрметтеу үшін сакураның түбіне жиналып, сакэсін ішіп, сушиін жейді. Олардың ескі наным-сенімі бойынша, өлген адам сакураға айналады екен. Кезінде соғысқа аттанған батырлар шие гүлі сияқты өлімге дайын тұратын. Сондықтан да ханами дейтін мерекеден мұң есіп тұратыны бар. Сөйтіп отырып сұлулыққа тамсанады.

Бір кездері біз де сұлу табиғаттың аясында, табиғатпен үйлесімде ғана көшіп-қонып жүретінбіз. Табиғатты ластамақ түгілі, оны өзіңе бейімдемек түгілі, өзіміз соған бейімделіп, тұрмыс-тіршілігімізді соған ыңғайлайтын едік. Әндеріміз де сондай биік, сондай сұлу еді, жүріс-тұрыс, ізет-ибамыз да сондай еді. Бірақ біз өзгердік. Сұлулықты таптап өтіп кететін болдық.

Ал, күнді бірінші болып қарсы алатын жапондар асықпайды. Өмірдің әр сәтін, әр қуанышты, көркем мезетінен ләззат алып, соны бағалауға тырысады. Бақыт баста тұрғанда дүние шыр айналып бара жатса да, кілт тоқтап, сол сәтті салмақтау керек шығар. Ал, сакураның гүлдегенін көру де  бақыт емес пе?!

 

Әсия БАҒДӘУЛЕТҚЫЗЫ

 

Осы айдарда

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *