Талантты ешкім қолдан жасай алмайды. Тіпті оны біреуден сұрап алуға, ақшаға сатып алуға да болмайды. Ол тек Жаратқаннан берілетін қасиет. Әкенің қанымен, ананың сүтімен келетін дара сипат. Құдайдың ондай талант берген адамдары мәдениеттің көгінде жұлдыз болып жарқырап, халықтың қадірлісіне айналары хақ. Қазақ мәдениетінің актерлік әлемінде бағы жанған Нұрмұхан Жантөрин, Асанәлі Әшімов, Ыдырыс Ноғайбаев, Құман Тастанбеков, Досхан Жолжақсынов қатарлы кино және театр өнерінің майталмандары Қазақтың ғана емес, Қырғыз елінің де бөліп жарғысыз ардақты адамдарына айналып кеткелі қашан!.. Өйткені, бұл кісілер алып шыққан таңғаларлық тамаша образдар күні бүгінге дейін көрермендердің жүрек төрінде. Ұлы қазақ елінің өнер керуені үзілген емес. Театр және кино саласының біз атап өткен заңғар биіктерінің өкшесін баса бір шоғыр шашасына шаң жұқпас жүйріктер құйрық тістесіп құйындатып келеді. Дәл осындай бүгінгі күні қазақ мәдениетіне үлкен үлес қосып өнер өлкесінде өрісін тауып, өнегелі жолын жалғастырып жатқан жастар туралы толғанғым келеді. Дәл осы топта оқ бойы озып, өз ортасынан суырылып шыққан жастың бірі – Мемлекеттік «Дарын» жастар сыйлығының иегері – Әділ Ахметов.
Мен Әділді алғаш 2012 жылы 22 тамызда Бішкек қаласында өткен Қазақстанның Қырғыз еліндегі мәдениет күндерінің ашылу салтанатындағы «Гала-концертте» көрдім. Концертті жүргізуші ретінде жарқ етіп шыға келгенде оның қоңыр даусы, сахнаға үйлесе кеткен келісті сымбаты, сымдай тартылған бойы, биік мәдениеті, бірегей білімнен туындаған білікті сөзі жұрттың назарын бірден аударды. Әне сол жігіттің сұлтаны болып жалпыға жылы қабылданған азаматты «нағыз сахна үшін жаралған жан екен-ау!» – деп бағаладым тамсанып. Кейін білдім, Әділ Ахметов бауырымыз қазақ сахна өнеріне жаңалық алып келген Астана Жастар театрының негізін қалаған даңқты режиссер Нұрқанат Жақыпбайдың ең мықты шәкірттерінің бірі екен. Нұрқанат Жақыпбай ағамыздың шығармашылықтағы жинақталған мол тәжірибесінің тасқындап тұрған кезінде мәдениеттің мәртебесін арттыру мақсатымен 2007 жылы Астана Жастар театрын ашқан болатын. Театрдың труппасы өз қолында оқыған Әділ секілді талантты жастардан жасақталыпты. Қаншама қиыншылықтарға қарамастан Нұрқанат аға жанкештілік танытып театр ашты. Ол ә дегеннен талғамы биік, тартысы терең таңдаулы спектакльдер қойып, нағыз шедевр болған қойылымдарымен көзге түсті. Атап айтар болсақ, әлемдік деңгейдегі атақты Шыңғыс Айтматов пен қазақтың біртауар перзенті Әбіш Кекілбаевтың «Шыңғыс хан» спектаклімен театр шымылдығын ашты. Небір атақты актерлер сомдаған күрделі рольді енді ғана 23 жасқа келген Әділ Ахметке жүктейді. Әділдің мұқият ізденуі, шымырлап толысқан актерлік мүмкіндігі арқасында жер-жаһанды дірілдеткен Шыңғыс ханның жаңа қырлары ашылып, қойылғаннан бері он жыл бойы репертуардан түспей жалғасып келеді. Актердің ішкі дүниесі арқылы Шыңғыс ханның шын бейнесі сомдалып, көрерменнің көз алдында өзгеше мінез қалыптасты. Оның қаһарлы кәрі мен залалды зәрінен өзге ой-әлемі, көзқарасы, дүниетанымы, жүрегіндегі құпия сыры, аяулы сезімдері суреттеледі. Осы күнге дейінгі Шыңғыс хан жайлы сыңаржақты көзқарастардан өзгеше күйге бөледі. Өте жоғары деңгейдегі поэтикалық шешімдерге иек артқан бұл спектакльде Әділ Ахметовке 2010 жылы орта Азияның халықаралық ІІІ театр фестивалінде «Шыңғыс ханның рөлін ең мықты сомдағаны үшін» деген сыйлық бекер берілмесе керек!..
Сол жылдың сәуір айында Түркістан және Шымкент қалаларында қазақтың тұңғыш режиссері Жұмат Шаниннің 125 жылдығына орай «Театр көктемі» халықаралық фестивалі өткен. Фестивальге Қырғыз Ұлттық академиялық драма театры менің қаламымнан туған «Қорқыт ата» драмасын алып барғандықтан арнайы шақырумен мен де қатыстым. Алғашқы күні Астана Жастар театрының В.Шекспирдің «Асауға тұсау» комедиясын тамашаладық. Бұл қойылым мен үшін үлкен жаңалық болды. Олай болатыны, бұрынғыдан мүлде өзгеше жаңа идея, жаңа тәсілмен сахналаныпты. Нағыз жастардың театры осындай болу керек деген үлгіні алға шығарып, аталмыш театрдың әртістері әсерлі қойылым жасады. 1593 жылы жазылған Шекспирдің атақты шығармасына қазақ режиссері Нұрқанат Жақыпбай мүлде басқаша сипат енгізіп, сырын тереңдетіпті. Театрға көрерменді өзіне баурайтын элементтерді қосып ансамбль мен қимыл-қозғалыстар тығыз бірлестіріліпті. Ол көзді арбап, көңілді толқытып, өзіне тарта түсті. Актерлердің пластикасы, драмалық образ жасалуы, қойылған билері шеберлікпен өрілген спектакль өзінің жан-жақты ерекшелігімен сілтідей тындырды. Қалай соңына жеткенімізді сездірмей бір деммен аяқтады. Айлакер Катарина – Айнұр Рахипованың асау мінезін кім ауыздықтар екен деп отырғанда келісті Петручио – Әділ Ахметов сахнаға шыға келеді. Алғашында билеп келген актердің қимылының икемділігі, бойының ұзын болғанына қарамай өте бейімділігі, қаншалаған трюктарды орындаса да дәл орны-орнымен жасағаны, құлаққа жағымды үнімен қиялдағы күрделі образ нағыз Петручионың бейнесін таныдық. Вероналық көпес Петручио әкесі өліп, әйел іздеп шығып, мінезі шаһар асау қыз Катаринаға жолығады. Оны ауыздықтап сабасына түсіріп махаббатын білдіріп өзіне басыбайлы бағындырып алады. Ер мінезді кесек бітімді Петручио образын өз кезінде Кеңестер одағының Халық әртісі Валерий Гаркалин және кәдімгі Гитлердің бейнесін мықты сомдаған атақты неміс актері Фриц Диц те ойнаған болатын. Ал, Қырғыз сахнасына келер болсақ, өткен ғасырдың 80-жылдары бұл шығарма режиссер Парк Рубинштейн тарапынан қойылып, Катаринаны Қырғызстанның Халық әртісі Жамал Сейдакматова, Петручионы Еңбек сіңірген әртіс Болат Шалтаев өте жоғары санатта ойнап шыққанын түсірілімдерден тамашалап, ризалығымызды әркез айтып жүрміз. Бұларды мысал етіп естеріңізге салып отырғаным, біздің Әділ Ахметов сомдаған Петручио тіптен бөлек. Кей адамға киімнің құйып қойғандай жараса кететіні секілді, кейбір рольде табылған әртіске сондай жараса кетеді. Ал кейбіреуге аққа жамаған қара матадай мүлде жараспай тұрады. Біз, драматургтер пьеса жазып отырғанда «осы образды анау әртіс ойнаса бап келер еді» деп көз алдымызға келтіріп отыратынымыз бар. Есіл ер, қайран Шекспир де бұл рольді әдейілеп Әділге жазған секілді елестейді. Олай дегенім, роль өз иесін шынайы тапқан. Петручио Әділге, Әділ Петручиоға киіле қалғандай көрдік.
Актердің тағы бір ерекше рөлдерінің бірі Қырғыздың Халық жазушысы Сұлтан Раевтың «Меккеге қарай ұзақ жол» драмасындағы императордың образы. Бұл өте күрделі, тартысқа толы, психологиялық, философиялық шығарма. Негізінде Әділдің жаратылысы, ішкі жан әлемі сондай нәзік, сыпайы, кішіпейіл адам. Ал, анау императордың ролінде ол өте қатал, қаһарлы, көзқарасы бірбеткей тоңмойын патшаның бейнесін жасаған. Дәл осындай ойынды жазушы Әбіш Кекілбайдың «Нартәуекел» драмасындағы Абылай ханның образынан да көруге болады. Қазақстан Жазушылар одағының Төрағасы Нұрлан Оразалиннің «Шырақ жанған түн» драмасындағы Таңат, Талаптан Ахметжанның «Сұлу мен Суретші» драмасындағы суретшінің бейнесін қайталанбастай сомдағаны үшін Астана Жастар театрының тарихындағы дәуірлік көріністер қатарына жатқызуға болар еді. Өйткені ол образдарды шынайы, шырқау шыңына шыққан бейнелер деуге болар еді. Аталған образдарда жасандылық мүлде жоқ, кейіпкердің жан әлемімен әртістің ұқсауы илеген қамырдай басы бірігіп тұтасып кеткен тығыз дүниеге айналыпты. Әділ Ахметовтің актерлік ауқымы, қамту мүмкіндігі өте орасан. Қандай бағыттағы роль болса да, ол мейлі комедия, ол әлде трагедия болсын, лирикалы немесе эпикалы болса да талғампаздықпен танып, орны-орнымен ойнап шығады. Қысқасы, күнделікті Әділ мен кейіпкер Әділді мүлде жақындата алмай қаласың. Демек, ол өзін-өзі қайталамайды. Драмалық терең тартыстарға құрылған Шыңғыс Айтматовтың «Жан азабы» драмасында зорекер жуандардың, адамның жанын тітіркендіріп аза бойын қаза қылатын қаһарлы жаудың жалмауыз бейнесін мізбақпай тұрып жеткізеді. Гогольдің «Ревизор» комедиясындағы қала бастығы Антон Антонович – Ахметов бейнесі Хлестаков – Дәурен Серғазинмен сахнадағы балықтай ғана «сөйлеп» көрерменді күлдіріп ішек-сілесін қатырады. Міне, бұл салыстырулар біз сөз етіп отырған актердің жан әлемінің өте бай, өнерді сүйегіне сіңірген сұңғыла адам екенін көрсетеді. Негізінде актер Ахметовтің мінезінде мырзалық, ақсүйектік тек, мәдениет, қырағы көз, сергек сезім бар. Мұндай сипаттарын КСРО-ның Халық әртісі, қырғыз ұлтының ұлы Сүйменқұл Чокморовқа ұқсатуға болар еді. Чокморовтың «Көксерек» фильміндегі Аханғұлы, Әділдің «Кек» көркем фильміндегі Дүйімқараға ұқсап кетеді. Біз Чокморовты «қырғыздың келбеті Чохморовтың тұрпатындай» деп мақтанамыз. Әділ Ахметов те, Құдай бұйыртса, «қазақтың келбеті Ахметовтың түр-түсіндей» деп айтатын дәрежеге жететініне сенеміз. «Анаға апарар жол» фильміндегі Ілияс, «Астана менің қалауым» фильміндегі Ерлан, «Қара шаңырақ», «Парыз» телесериялдарында Дәурен мен Асанның бейнелерінде нағыз қазақтың ер мінезін, тұрпатын, Алаштың алып ұлдарының айбарын асырып тұр.
Әділ сомдайтын образдар, Әділ бағындырар биіктер әлі алда. Әлемдік театр мәдениетін дамытуда және қырғыз қаламгерлерінің шығармалары бойынша қойылған спектакльдерде образдарды мықты сомдағаны үшін, Қырғызстанның Мәдениет министрлігі Астана Жастар театрының актері Әділ Ахметовті «Құрмет грамотосымен» марапаттады. Ендеше, сол жетістігі құтты болсын! Орда бұзар отыздан енді асып, қамал алар қырыққа бет түзеді. Ат-атағы алысқа тарап, қаншама фестивальдарда лауреат болып мінбелерден көрінген, абыройы Алаш жұртына ғана емес, көрші мемлекеттерге де белгілі болған Әділ бауырымызға көз тимесін дейміз!.. Алдағы уақытта ойымыздан орын алатын, тарихқа таңба басатындай образдарды сомдайтынына сенеміз.
Қайрат ИМАНАЛИЕВ, Қырғызстанның Еңбек сіңірген қайраткері, Ш.Айтматов атындағы Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, драматург
Қазақ әдебиеті