ТеатрТұлғаШоу бизнес
Актер Бекжан Тұрыстың туған күніне орай ақын Бақыт Беделхан өлең арнады
15 ақпанда туған күні болған актерға арнаған ақ тілегін ақын өзінің Facebook парақшасында жария етті.
Бекжан Тұрысқа
(Туған күнінде тулаған ой)
Тәңірім өзі жар болып,
түйсігіне аян-аят түнеткен,
Адамшылық, арлылықты ту еткен,
Аспан-таудың ала бұлтын аунатып,
Қара бұлтын найзағайдай түлеткен
Қазақ дейтін қасиетті елдің ұланы ек,
Тек, сөйлейтін ар-намыспен, жүрекпен!
Айнымаспыз, аунамаспыз, армандай.
Тайқымаспыз, тағдыр салған тарлаудай.
Сол, бабалар салып кеткен жолдардан
Көрінесің, кейде сен,
Анда-санда жалғыз жортқан Арландай.
Талайларды таптап өткен бір кезде
Тасыр-қоғам тар маңдай…
Топан судай тоқтау бермес заманда
Су жол берген әулиеміз жар болғай!
Елуден асқан ер қандай?
Ер көзіне көрінеді екен ел қандай?
Кемелге келіп, не деуге ерік бергенде,
Кертастай болып жіпситін шығар кер-маңдай?
Өмірде мынау, өлместің емі – өнерің;
Деміккен жерде дем болғай.
Кеміккен жерде кең болғай!
Ғайып-ерен, қырық-шілтен де жебесін.
Жел шайқамай дәрияңның кемесін.
Есігіне өткен әрбір күніңнің
Уақыт та қағады екен шегесін.
Жүрегіңнің тіліменен сонда да
Шырылдаған жанды сөйлетіп келесің,
Арды сөйлетіп келесің.
Сен, алдымен,
Ұлағатыңды ұлыңа айттың,..
Ашылғандай бір тыныс.
Жасағандай салт-санаға сілкініс.
Ми солқылдатар салмағы,
Жан-айқайыңды сондағы
Ұға алса, кәне, ұлт-ұлыс?!
«Буырқанса екен,
булығып жатқан бұлқыныс»
деп едің…
Бірақ, сол жартас,.. әлі тым-тырыс!
…Жаңғырып жатқаны болмаса, қарап сыртына.
Қан жүгірген жоқ, сұп-сұр сол — суық сұрқына.
Қаңқа-сүйегі қаудырлап қалған онсыз да
Жаңғыру емес,
жан кіру керек еді рухыма!
Сүйреп кіріп саңылауынан сананың
Бір күнәні бір күнә,
Тәнін тұншықтырған соң,
Шындық қашып бара жатыр, шыр-шыр етіп қылқына!
Өтірігі – өзімшіл,
Айла-амалы – менменшіл.
Берген серт пен уәделері – кердеңшіл.
Іші-сырты мың құбылған шайтандай,
Қоғамның мінін, адамның мұңын айта алмай,
Бір уақыттың босағасында телмірдік.
Көз көргенге көңіл жылап тұрса да
Өзімізді өзіміз – жазмыш солай екен – деп,
сендірдік те көндірдік.
Шырылынан мың тамыры үзілген
Бағанағы шындықты айтам – мұңлықты…
Біз оны емес, ол бізді аяп тұр, мықты!
Періште мен шайтан шулап жүргенінде арбасып,
Өтірік кеп бір мықтыны қылғытты!..
Жә, жарайды.
Кімдер көрмей келеді, кімдер білмей келеді,
Бұндай сұрқай-сұмдықты.
Сосын қолды сілтейміз де,
Қақпанға түскен барыстай,
Бір атылып, бір ақырып,
Шынжырменен де алыспай
Қайта жалғап отырамыз тұтқын-тыраш тірлікті.
…Ұмытып барам, айтпақшы,
Жошы-Анай қунап жатқан күн…
Шүйіншілесіп бірін-бірінен қолдары
босамай шулап жатқан күн,
Алтын құрсақ — шешеміз
қалжа жеп, сені тапқан күн,
Жәй тілек айтпай, аға – деп,
Жан сырымды да ақтардым.
Аяулы болсын әрқашан
Алқымы ағарып атқан таң,
Арқасы қызарып батқан күн!
Авторы Бақыт Беделхан