Театр
Берік Айтжанов — Әуезов театрының актерлік құрамында
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Құлагер» Ұлттық киносыйлығының иегері Берік Айтжанов қазақ өнерінің қарашаңырағы – М.Әуезов атындағы Қазақ Мемлекеттік академиялық драма театрына қайтып оралды.
Т.Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық өнер академиясында Қазақстанның халық артисі, профессор Есмұхан Обаев пен Талас Өмірзақовтан білім алған ол, 2004 жылы Әуезов театрында кәсіби сахнадағы шығармашылық жолын бастады.
Ол театрда – М.Әуезовтің «Қарагөзінде» Сырым (реж. Б.Атабаев), С.Балғабаевтың «Сағыныш пен елесінде» Арман (реж.Ә.Рахимов), И.Сапарбайдың «Сыған серенадасында» Абзал (реж. Е.Обаев), Т.Мәмесейіттің «Бәкей қызында» Сейіт (реж. Ә.Рахимов), М.Әуезовтің «Қилы заманында» Әубәкір (сахналық нұсқа Н.Оразалин, реж. Ә.Рахимов), И.Сапарбайдың «Қыз мұңында» Жарқын (реж.Е.Обаев, Т.Аралбай), И.Ғайыптың «Мен ішпеген у бар ма?..» реквиемінде Абай (реж.О.Кенебаев), М.Байджиевтің «Қылмысында» Темір (реж. О.Ақжарқын-Сәрсенбек), А.Чеховтың «Апалы-сіңлілі үшеуінде» Вершинин (ауд.Ә.Бөпежанова, реж.Р.Андриасян, А.Кәкішева) және т.б. мінездері қым-қиғаш, болмыс-бітімі бір-біріне ұқсамайтын кейіпкерлердің сахналық бейнесін жасап, көрерменнің сүйіспеншілігіне бөленген актер.
Берік Айтжанов отандық кинематографиядағы: «Час волка» (Қалтай), «Махамбет» (Махамбет), «Застава» (Селим), «Мұстафа Шоқай» (Байдрахман), «Ағайындылар» (Шыңғыс), «Город Мечты» сериалы (Руслан), «Ликвидатор» (Әрсен), «А»-ға оралу» («Возвращение в «А») (Марат), «Жаужүрек Мың бала» (Әбілқайыр хан), «Тракторшының махаббаты» (Жасұлан) образдарымен көрерменін тауып, кино саласындағы өзінің жолын қалыптастырды.