Әдебиет

«Сен менің жалғызымсың – ҚАЗАҚСТАН!» көрнекті ақын Ғалым Жайлыбайдың «Есіл ағады» жинағы хақында

Сарыбелдің сарнаған самалынан,
«Ерім-айлап» көшірді дала бір ән.
Қан сорғалап тұратын балағынан,
Сонау күннің түнерген қабағынан,
Қаралы жұрт –
қара орман, қаралы маң.
Жалқын іздеп жарықтың
жамалынан,
Қара қобыз зар құсса сағағынан,
Тасы тисе тағдырдың тасадағы
Жас ағады жылдардың жанарынан.
Ата-бабамыздың тартқан қасірет-қайғысы мен аянышты трагедиялық тағдыры таңбаланған. Біреудің ғана емес, бүкіл адамның тауқыметті тағдыры бедерленген. Бұнда бір адамға ғана емес, күллі адамзатқа тән мұңлы сыр бар. Бұл – азалы тарихтың жоқтауы. Және туған тілімізде ғана емес, әлемнің 13-тен астам тілінде «сөйлеген» жыр!
Осы тұңғиық та тұнық, мұңды да сырлы өлең жолдарының авторы, қазақтың көрнекті ақыны – Ғалым Жайлыбай. Ақындық-суреткерлік мәдениеті жоғары, Табиғат-ана сыйлаған дарыны өз қолтаңбасын қалыптастыруына серпін берген. Асылында, ол – қара өлеңнің озық үлгісін көрсеткен, қазақтың қоңыр тірлігімен біте қайнасқан ақын.
Ғалым Жайлыбайдың «Есіл ағады» (Астана, Фолиант, 2016) жинағына кешегі өткен дауылды дәуірдің бүкіл тынысын жеткізген туындылары («Қара орамал», «Тамакөшкен», «Ақсиса», «Киікқашқан», «Жалғыз қарағай» поэмалары) мен соңғы жылдары жазылған лирикалық нәзік жырлары енген.
Ғалым Жайлыбай шығармашылығының негізгі көкөзегі (лейтмотиві) – Отан, ұлы даланың жазиралы белінен шалқар көліне дейінгі әр тасы, бір уыс топырағының ұқтырар тағылымына деген сағыныш сазы. «Есіл ағады» – жүрекке ыстық іңкәр әуезі мен уілі, ұлттық құнары мен бояуы көркем, поэтикалық ерекше тіл кестесі бар, иірім-сазы бөлек, шоқтығы биік шығармалар жинағы. Ақынның шалқар шабыты, көңіл-күйі, суреткерлік интуициясы мен мәдениетін менмұндалап көрсетіп тұратын туындылары – поэ­малары десек қателеспеген болар едік. Эпикалық жанрдың табиғаты турасында ой өрбітсек:
«Қара орамал» поэмасында Қарағанды еңбекпен түзеу лагерінде құрбан болған жандардың азапты тағдыры суреттеледі. Тарихқа көз жүгіртсек, ХХ ғасырда адам баласын азапқа салып, көптеген ұлттарды қырғынға ұшыратқан зұлымдықтың бірі – Сталиндік еңбекпен түзеу лагерлері еді. Бұл тақырыпқа автор батыл түрде қалам тербеген және ұлт тағдырындағы қаралы күндерді шынайы суреттеген. Поэманың «Қара орамал» деп аталуы үлкен символдық мәнге ие. Қара орамал – ананың көз жасы, қасіреті, ауыр қайғысы, қаралы көңіл-күйінің белгісі. Ал ананың мұңы бұл бүкіл ұлттың тауқыметін аңғартады. Шығарма құрылымы бірнеше тарауларға жіктелген. Әр тарауда автор жеке оқиғаны баян етеді. Алайда әрқайсысы бір-бірін толықтырып, тұтас поэманың идеясын ашады.

Ғалым Жайлыбай шығармашылығының негізгі көкөзегі (лейтмотиві) – Отан, ұлы даланың жазиралы белінен шалқар көліне дейінгі әр тасы, бір уыс топырағының ұқтырар тағылымына деген сағыныш сазы. «Есіл ағады» – жүрекке ыстық іңкәр әуезі мен уілі, ұлттық құнары мен бояуы көркем, поэтикалық ерекше тіл кестесі бар, иірім-сазы бөлек, шоқтығы биік шығармалар жинағы. Ақынның шалқар шабыты, көңіл-күйі, суреткерлік интуициясы мен мәдениетін менмұндалап көрсетіп тұратын ­туындылары – поэмалары десек қателеспеген болар едік.

Алғашқы «Қарағанды лагері» бөлімінде автор қазақ халқына ғана емес, жалпы адамзатқа қасірет әкелген Карлагтағы қаралы күндерді тілге тиек етеді. Оқырманға ақынның өзі де осы зұлматты жылдардың куәсі болғандай боп көрінеді. Себебі автор ұлты көрген зобалаңды өз жүрегінен өткізіп шынайы жазған. Мәселен, мына жолдарда автор Қарлагтың зұлматын кестелі сөзбен шебер жеткізеді:
Қасірет кешті адамзат,
мұң қаптады,
Көздің жасын көп күндер
құрғатпады.
Бұлдыр-бұлдыр дүние көз ұшында,
Құйрығындай түлкінің бұлғақтады.
Жұмыр басты пендені жұтып
жатты,
Шындық өлген кезеңнің
шым-батпағы.
…Қарағанды лагері –
«Қарлаг» емес –
Қара ниет қоғамның
ЗҰЛМАТЛАГЫ.
«Қарлаг қақпасы» деген екінші бөлімде автор Қоңыртөбе мен Шерубай-Нұраны азалы жылдардың куәгеріндей жырлайды. Бұдан қазақ даласын қанға боятқан қилы заманның халық жүрегінде мәңгі сақталады деген ой түйеміз:
– Ғасыр дағы…
«Қарабастың» қабағы ашылмады,
Түске кіріп сан ұлттың асылдары.
Қоңыртөбе қоңыр бір күйге түссе,
Шерубай-Нұра шер шертер
қасыңдағы.
Поэманың «Ахметжан Сармантайұлының «58-статья» күйі», «Қызжылаған» деп берілген үшінші, төртінші бөлімінде тар қапастың тауқыметін тартқан бейкүнә жандардың жансөзі айтылған. Арқа жерінде өмір сүрген қайран Ахметжандай күйшінің «58-статья» күйі» – лагерьдегі тұтқынның ішкі-сезімін, толғанысын сипаттайды. Жыр жолдары заман зарын суреттеуден басталады. Бұл жолдардан жырауларға тән терең философиялық пайымды көре аламыз. Сонымен қатар асқақ рухтың, келешекке деген үміті бар оптимист жанның тебіренісі де сезіліп тұрса, төртінші бөлімінде лагерде азап тартқан қазақтың аяулы қыздарының қасіреті бейнеленеді. Қуғын-сүргінге ұшыраған Алаш арыстарының әйелдері мен балалары Ақмоладағы Алжир лагеріне қамалғаны тарихтан белгілі. Автордың «Қызжылаған» деген тақырыпты таңдауы асыл аналардың көз жасы көлдей төгілген жерді суреттеуді мақсат етуімен байланысты болса керек. Автор ұлт қасіретін әйелдің қасіретімен қатар ала отырып, әдебиеттегі ана, әйел образын жаңа қырынан көрсетті. Өйткені түрмеде азап шеккен әйелдердің образы оқырманды бейжай қалдырмай, оның нәзік болмысын тануға өзгеше қадам болғаны анық:
«Ғазауатқа кезігіп ғасыл қайық,
Қырдан асып кеткелі ғасыр ғайып.
Аза бойды қаза ғып Ана біткен –
Аңырайды «Алжирде»
шашын жайып.
Адамзаттың аймаңдай ары осында,
Рахиль Плисецкая… нанасың ба?!
Бейімбеттің қой бақса Күлжамалы –
Рысқұлов Тұрардың жары осында.
Айдыны жоқ аққудай расында,
Жазбай жатып үзілген жыр осында.
Сұлулық пен нәзіктік атаулының
Тілім-тілім еріні… жүр осында».
«Қара орамал» – қазақтың тарихындағы қаралы ғасырдың шындығын суреттеген ­поэма. Шығарманың тілі айшықты, ұғынықты, көркем. Автор сөз соңында Қарлагтың қазақ халқына әкелген қайғы-қасіреті тұтас ғасырдың зұлматы деп қорытынды жасайды:
Ақтаңдақ көрген асылы,
Еменнің біз бір бұтағы.
Қазақтың қара ғасыры –
«Қарлагтың» қара кітабы.
Зұлматты да, шерулі жылдардың шерлі шежіресіндей болған «Тамакөшкен» поэмасының негізгі арқауы – қазақ тарихының қаралы беті болып саналатын 1932-1933 жылдардағы нәубеттің зардабы мен қасіреті. Автор Совет Одағының озбыр саясатының құрбаны болған ұлтымыздың қайғысын жырлауды мұрат етеді. «Қара орамал» поэ­масы қуғын-сүргінге ұшыраған ұлт перзенттерінің аянышты тағдырын суреттесе, «Тамакөшкен» поэмасында қызыл империяның тағы бір қанды қырғыны ашаршылықтың тауқыметін әшкерелейді. Жыр жолдары қазақ халқының дарқан даласының тынысын сипаттаудан басталады:
«Аян ғой бұл фәнидің мәңгі емесі,
Жүзсе де айдынында ар кемесі.
Қуырар табаға сап рухыңды
Жиырмасыншы ғасырдың
қанды елесі.
Ол жайлы Сарыарқаның белі айтады, желі айтады, жаныңды жеп айтады.
Бүгінге аман жеткен ері айтады –
Жазира Жаңаарқаның елі айтады.
Түскенде талапайға тағдырлары,
Ағалар арман айтқан алдымдағы.
…Жусанның жанарынан
жас көргенмін,
Қараған тамырында қанның дағы».
Автор отызыншы жылдардағы қазақ даласында жайылған аштық пен жұттың қасіретін оқырманға дәлелді түрде жеткізу үшін Тама көшін суреттеген. Арқадан ауа көшкен тама көші Қаратауға тартады. Яғни бұл көш керілген кең далада еркін көшіп-қонған жұрттың көші емес, босқан елдің, байлығы мен берекесі кеткен елдің көші еді. Зұлмат империя халықтың құтын қашырып, мал-мүлкін тартып алып қана қоймай, рухын да әлсіреткені, езгені белгілі. Тама көшін суретеу арқылы автор тұтас қазақтың мұң-шерін елестеді:
«Таппадым көш жолынан
көңіл емін,
Не деген түкке тұрмас өмір едің?..
…Бетпақтың бедеу белі бедірейсе,
Елсізде екіндіде еңіредім.
Алланың добы екен ғой, басың,
Адам,
Көзіңнің кеппей қалса жасы –
жаман.
Тағдырың талапайға түскен сонда,
Тәспихтың тасындай боп
шашыраған.
Тұлпарын үлгерместен таң асырып,
Ақ таңда алабұртып, аласұрып.
Бетке алып Қаратауды тартқан
дейді –
Арқадан ауа көшкен, нағашы жұрт.
Ерлері асып талай туды Алаштан,
Тағдырдың тайғақ жолы қуған,
асқан.
Арқадан ауа көшкен қалың Тама,
Бетке алып Қаратауды Шудан
асқан.

«Ақ сиса» поэмасы – қазақтың қабылан азаматы Жаяу Мұсаның тағдырына қойылған жыр-ескерткіш. Жаяу Мұсаның «Ақ сисасы» – қазақ ән өнерінің тарихындағы сүбелі шығарма болса, Ғалым Жайлыбайдың «Ақсисасы» – Мұсадай шерменденің аянышты да аяулы тағдырының өзі. «Өмірді өлеңмен ғана емес, өзінің өмірімен суреттей білу ірі жанды адамның ғана қолынан келмек» деген Мағжанның осы бір сөзі «Ақ сиса» поэмасын оқығанымда, ойыма еріксіз орала берді. Жаяу Мұса мен Шорманның Мұстафасын бір-біріне қарсы қойған кер заман-ай! Әйтпесе, екеуінде туған бір дала, бір заман, бір ата емес пе еді… Шайырдың бұл туындысының сүрлеуі бөлек, заты басқа. Кешегі жыраулардай төгіп-төгіп сөйлей отырып, теперіш көрген есіл ердің тауқыметін отты сөздерімен көз алдыңа елестетеді ғой, шіркін. Және ерекше атап өтер жайт – ақынның поэмаға халық қазынасындағы «Бай Ана» аңызын мысал қылып, үлкеннің сөзіне тоқтап, иланған ағайынның өмірінен сыр шертуі.

Қазаққа төнген нәубет жылдары халықтың ардақты азаматтары Тұрар Рысқұлов, Ораз Жандосов пен Сәкен Сейфуллин елді қауіп-қатерден қорғап қалудың амалдарын іздеп, қажырлы еңбек еткені тарихтан аян. Автор ­поэма желісінде де қайраткерлердің қызметін үлгі ете жырлайды:
«Ақиқаттан жаралғанда әлемі,
Бозторғайдың бебеу қағар әуені.
…Қыран болып қалқу үшін көгімде –
Тұрар болып туу керек әуелі.
Шыр-пыр болып шырылдаса
шығанда ел,
Мұнартады, мұңаядымұнар бел.
…Ботаң үшін бозқасқаңды
айтарсың –
Отан үшін Ораз бол да, Тұрар бол!
Жазирада жолығама жаз алдан,
Мынау халық қайтпаса екен
базардан.
От ішінде Ораз, Сәкен, Тұрар жүр –
Алаш жұртын арашалап ажалдан.
Арыстардың кеудесінде арай бар,
Сол дауылда ғайып болды талайлар.
…От ішінде Бәйсейітің оққа ұшты,
Опат болды оғыланың Жанайдар».
Поэмада қазақтың тарихында қара ғасыр болып сақталатын ХХ ғасырдың зобалаңы кестелі сөзбен шебер жазылған. «Тамакөшкенде» ұрпағына батасын берген қарияның, баласы үшін қан жұтқан ананың да жан сөзі оқырманды тебірентпей қоймайды. Автор поэма түйінін Қазақ еліне деген жылы лебізін білдірумен тамамдайды:
«…Ұрпақ бар аққу құстай таза, әдемі,
Қанатын көкке самғап жазады елі.
Дауылын дәрия өмір жолықтырмай –
Бауырың бүтін болсын,
ҚАЗАҚ ЕЛІ!
Қайғыңның қайрағына
қайралайын,
Түніңде жұлдыз санап,
Ай қарайын.
Сен менің тағдырымсың –
ҚАЗАҚСТАН –
Сен менің жан-нұрымсың,
айналайын!
Аман бол, арда туған халқым, елім,
Жолымен мәңгіліктің тартып едің.
Сен менің жалғызымсың –
ҚАЗАҚСТАН –
Жаратқан жар бола гөр, бар тілегім!»
«Жалғыз қарағай» поэмасы қазақтың біртуар өнерпазы, әнші Әсет Найманбаевтың ғұмыры мен өнегелі өнерін танытуға арналған. Автор арманда кеткен талант иесінің биік өнерін оқырманға әсерлі жеткізіп қана қоймай, тағдырының тауқыметін де сұлу сөзбен жырлаған:
«Ән салса ағындаған, арындаған,
Бұлбұлдай даусы көкте дамылдаған.
Толған Ай толықсытып топқа
салып,
Жорғадай майда қоңыр мамырлаған.
Майыспай дара көрген айбынды
ер кім,
Қайыстай қара өлеңмен қайғыңды
өрдім.
Көмейден меруерт, маржан сауылдатқан,
Еркесі есен ба екен, айдын көлдің?!»
Әсеттің өз дәуірінде даңқы кең далаға жайылған, өнеріне тамсанбаған кісі болмаған. Автор оның Ырысжан мен Кемпірбаймен айтыстарын тілге тиек етеді. Поэманың негізгі идеясы өнерпаз тұлғаның трагедиялы ғұмырын баяндауды мақсат еткен. Әсеттің дарыны мен өнерін көре алмағандар оның өмірін зұлымдықпен қияды:
«Тұлданса тұл тағдырдың тұлдыр іші,
Пісілмей қалды солай жыр күбісі.
…Зорлықпен Жәмішті алған Маса
молда,
Қызыл ит қызғаныштың бұл бір ісі.
Арнасын аялаған ағысты өлең,
Әсет – ән, бал шағына бақ үстеген.
Ақынды адамзаттан артық көрген,
Қызы еді Күзембайдың Жәміш
деген.
Алтайдың асқарында аты қалған.
«Құдайдан тура келсе арманы не,
Ажалды бес теңгеге сатып алған».
Осылайша әнші-ақын сүйегі туған жерге бұйырмай, жат жерде қаза табады. Бұл күллі қазақ елінің қайғысы еді.
«Ақ сиса» поэмасы – қазақтың қабылан азаматы Жаяу Мұсаның тағдырына қойылған жыр-ескерткіш. Жаяу Мұсаның «Ақ сисасы» – қазақ ән өнерінің тарихындағы сүбелі шығарма болса, Ғалым Жайлыбайдың «Ақсисасы» – Мұсадай шерменденің аянышты да аяулы тағдырының өзі. «Өмірді өлеңмен ғана емес, өзінің өмірімен суреттей білу ірі жанды адамның ғана қолынан келмек» деген Мағжанның осы бір сөзі «Ақ сиса» поэмасын оқығанымда, ойыма еріксіз орала берді. Жаяу Мұса мен Шорманның Мұстафасын бір-біріне қарсы қойған кер заман-ай! Әйтпесе, екеуінде туған бір дала, бір заман, бір ата емес пе еді… Шайырдың бұл туындысының сүрлеуі бөлек, заты басқа. Кешегі жыраулардай төгіп-төгіп сөйлей отырып, теперіш көрген есіл ердің тауқыметін отты сөздерімен көз алдыңа елестетеді ғой, шіркін. Және ерекше атап өтер жайт – ақынның поэмаға халық қазынасындағы «Бай Ана» аңызын мысал қылып, үлкеннің сөзіне тоқтап, иланған ағайынның өмірінен сыр шертуі.
Қазіргі уақытта мұқым қазақ елі «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында өткенін танып, болашағын бағамдап, төл тарихына зер салды. Міне, мемлекеттік идеология тұрғысынан алғанда, Ғалым Жайлыбайдың тарихи жырлары тарихи сананы бекітуге, ұлттық сананы ұлттық мүддеге ұйыстыруға, елдігімізді мақтаныш етуге, ерлігімізді паш етуге өз үлесін қосатыны сөзсіз. Ақынның «Қызыл іңір. Қызылжар», «Жасыбай көлі», «Қаратау, саған жеттім», «Астанада. Ақпанда», «Есіл ағады» жырлары «Қазақстанның қасиетті географиясы» деген қастерлі ұғымның мағынасын кеңінен ашатын өлеңдер емес пе?! Сонымен қатар азамат ақынның рухты алдаспан өлеңдері есте жоқ ескі заманда Ақ ордасын көтерген, арғымақтың үстінде жүріп, киізтуырлықты елдің еңсесін тіктеген даңқты бабаларымыздың ерлігін; кешегі атам заманда шаңырағы құлап, елдігі күйреп, өзгеге күні түскендегі бейшара кезімізді еске салатын, тар ­заманда табанына шөңге емес, тас кірген, Алаштың елдік мұраты жолында шейіт кеткен арыстардың қанын, жөргөгінен тұншықтырылған сәбилердің нақақ көз жасын ұлықтаған; Азаттықтың ақ таңы – арайлы Тәуелсіздігіміздің көк туын тіктесуге, керегесін мығым, уығын бекем қылуға мәңгілік қызмет етеді.
Жинақтап айтқанда, «Есіл ағады» жыр жинағы – тұтас бір дәуірдің ­полотносын көрсеткен, қазақтың мойнына құлдықтың қамыты түскен, басына дойыл қамшы тиген қиян-кескі кезеңдегі жұртымыздың басы ауған жаққа үдере көшіп, кір жуып, кіндік кескен сары дала – атажұртын ­тастап, босып кеткені, ел құшағындағы ерке салдың заманының өтіп бара жатқаны… Көзден жас емес, қан аққан ХХ ғасырдың басындағы қаймана қазақтың жаншылған рухы, табан астында тапталған өр-намысы, бәрі-бәрі көркем өрнектей кестеленген ерек жырлар!
Жыр пырағын тізгіндеген дүлдүл шайырдың бұл кітабын аламан бәйгенің мәресінен көрсек деген ниеттеміз.

Елдос ТОҚТАРБАЙ

Дереккөз: Ана тілі газеті

Осы айдарда

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *