РуханиятТаңдаулы

Шерханды жоқтау

Халық жазушысы Шерхан Мұртазаны жоқтаған халықта есеп жоқ

Шерхан Мұртаза ақтық сапарға аттанды. Әлеуметтік желілерде жазушысын жоқтаған халықта есеп жоқ. Түрлі естеліктер айтылып, өлеңдер арналып жатыр.  Солардың бірқатарын назарларыңызға ұсынамыз.

Жыла Қазақ,
Етегіңді толтырып,
Сөйлемейді енді қайта ол тұрып.
Тірісінде қадіріне жете алмай,
Өкінеміз алғаннан соң өлтіріп.

Жыла Қазақ,
Көздің жасын көлдетіп,
Өзегіңді өкінішке шөлдетіп.
Дүниенің жалғандығын дәлелдеп,
Арамыздан бара жатыр, ол кетіп.

Жоқта Қазақ,
Жоқтауыңды тоқтатпа,
Көсеу ұстап, ошағыңда от жақпа.
Мына «Бір кем дүниені» тәрк етіп,
Шерхан кетті, түсіп бақи — соқпаққа.

Шерхан кетті,
Шерағаммен шер кетті,
Қайғысымен күңірентіп жер,көкті.
Ары менен абыройын қазық қып,
Қаламымен қалың жұртын тербетті.

Мінез кетті,
Мінез кетіп, мін қалды,
Айтылмаған ақиқат пен сын қалды.
Күңіреніп күрең күзгі күн қалды,
Жұлдыз сөніп,ай тұтылған түн қалды.

Бүгінгі күн,
«Қызыл жебе» сынған күн,
Өкініштің көз жасына тұнған күн.
«Ай мен Айша» басу айтып Қазаққа,
Шерхан ағам екінші рет — туған күн!

Әлібек Шегебай, ақын

Шерхан Мұртаза – қалың қазақтың Шер-Ағасы жәннаттағы бабалар бау-бақшасына бет алды.
Шерхан Мұртаза – Алты Алаштың айбары, қарасөздің қайнары, намыстың қайрағы, қазақтың қаймағы еді.
Шер-Ағаң кетті дегенше, ақиқаттың айбалтасы сынды десейші!
Шер-Ағаң кетті дегенше, шындықтың белі бүгілді десейші! Шер-Ағаң кетті дегенше, кемел сөздің көбесі сөгілді десейші!
Шер-Ағаң кетті дегенше, ел қамын жеген есіл ер, еңіреп өтті десейші!
Ұстазың кетсе, ұсқының кетеді. Дәл қазір біз сондаймыз… Бір кем дүние-ай!

Нұртөре Жүсіп

Шер-ағам да өтті-ау, дүниеден…

Жалауым-жамау, ақ туым –сынық кезде де,
Нар-намысымды шөктірмеп едің өзгеге.
Есеңгіреген елдің еңсесін көтердің,
Есті сөз айтып ең биіктегі езге де.

Алаштың рухын болаттай құйып бойыңа.
Асқақ сөйледің, орман шөккендей ойыңа.
Шер-мұңын айтып елжіреп жүрді ел мен жұрт,
Шер-аға! – дейтін, еңселі есім-сойыңа.

Түбіңде – қызыр,
Үніңде – қыжыл, — сөзің – дүр.
Өзіңнен үріккен сорлылар әлі безіп жүр.
Көзіңнен қорыққан көзқамандар да — көз алды…
Сөзіңнен қорықса, «бір кем дүние» — кезім бұл!…

Ел менен жердің, тіл менен ділдің діңгегі.
Тәуелсіз елдің соқпағы менен сүрлеуі.
Бәрі де сенің жаныңның болды шырылы
Жұлдыз бен Айдай түндегі…

Ай менен Айша , Күн де жылайды бұлт іші…
Дүниенің қашан көрініп еді түр-түсі?
Шер-аға, кейде шерлі түс көріп жылаймыз,
Алты Алашымның оңынан болсын бұл-түсі!…

Бақыт Беделхан, ақын.

Жазушымен қоштасу қазан айының 11 күні сағат 11.00-де М. Әуезов атындағы академиялық театрда өтеді.

 

Осы айдарда

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *