Афиша

Елорда тұрғындары мен қонақтарына заманауи балет кеші ұсынылады

Желтоқсанның 1-2 күндері, «Астана Балет» театрында өтетін заманауи балет кешінің бірінші бөлімінде, қараша айында премьерасы өткен «Махаббаттың ғайып болған дарабоздары» («Love’s Lost Idols») балеті қалың көрерменнің сұрауы бойынша екінші мәрте көрсетілмек.

Көрермен қауым зор қошеметпен қабылдаған қойылымда америкалық хореограф Николо Фонте адам баласын атам заманнан мазалап келе жатқан: «Бәрі өткінші екенін біле тұра, қалайша ғашық болып, қалай өмір сүру мүмкін?» деген сұраққа жауап іздейді. Көркем, кейде тіпті, экстремалды би тілімен театр әртістері: «Сендерге бар керегі – осы шақта, дәл осы жерде өмір сүру. Дәл осы сәтті сезініп, оған ғашық болу. Артқа қарайлай беру – бекершілік», деп тұрғандай.

«Астана Балет» театрының шақырылған хореографы Рикардо Амаранте осы балетмейстермен Еуропада жұмыс істегенін, оның қойылымдарына деген көрермен қауымның ынта-ықыласына куә болғанын айтқан еді. Қазақстанда да, оның қойылымына деген қошемет ерекше болды. Спектакльді тамашалаған жұртшылық әртістерді сахнадан жібермей, балеттің  жалғасын талап еткендей болды. «Астана Балет» театры көрермен көңілін жықпады.

Кештің екінші бөлімінде көрсетілетін тағы бір эмоционалды әрі қызықты қойылым да көрермен ықыласына бөленген, Лало Шифрин мен Астора Пьяццоллоның музыкасына Рикардо Амаранте қойған «A FuegoLento». Премьера 2016 жылдың 5 қазанында өткеніне қарамастан, әлі күнге дейін өзектілігін жоғалтпаған, қайталанбас пластикалық тілі үшін сыншылар тарапынан жоғары бағасын алған, театр репертуарын байыта түскен туынды.

«A fuegoLento» бозбала мен бойжеткен көңіл жарастырған шақта бөленетін сезім күйін тануға мүмкіндік береді: бастапқы қызығушылықтан жан-тәніңді баурап алар құштарлық сезіміне дейін. Бұл балет, адам баласының махаббат сезіміне алғаш еліткен тұстағы күйін сипаттайды. Оттай лаулаған сезім бара-бара тәніңізді ішінен өртеп, жаныңызға тыным бермейді. Әр сахна – танго ырғағына еліткен құштарлық сезімінің би тілімен баяндалған көркем көрінісі.

Қойылымның эмоциялық қуатын арттыру үшін балетмейстер бразилиялық самбо биінің элементтерін қолданады. Театр репертуарындағы өзге спектакльдерден осы туындыны даралап тұрған да нақ осы дүние. Бұл қойылымды көрермендер де, әртістер де сүйеді.

Естеріңізге сала  кетейік, биыл «Астана Балет» театрының V-ші, мерейтойлық маусымында да көрермен қауымның көңілін жадыратар тың дүниелер ұсынылмақшы. Жақын арадағы премьераға дайындықты «Астана Балет» театрының бас балетмейстері Мукарам Авахри бастап та кетті. Бұл – «Бейбарыс» балеті болуы ықтимал.

Бас балетмейстер бізге болашақ қойылымның екі бөлімнен тұратынын, сюжеті берік екенін айтты. Мұнда көркемдік және сахналық шешімдер тең дәрежеде қолданылатын эксперимент деуге де тұрарлық екен. Премьераның нақты қай күні өтетіні әлі белгісіз.

«Бұл кинобалет болады-ау деп ойлаймын. Меніңше, біздің театрымыз үшін мұның өзі мол тәжірибе болады. Негізгі мақсат – құлдан әміршіге дейінгі өмір жолын жүріп өткен тарихи тұлғаның ғұмырнамасын сахнаға шығарып, көрермен назарына ұсыну», — дейді Мукарам Авахри

Дереккөз: ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің ресми интернет-ресурсы 

Осы айдарда

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *