Тұлға
Әсеттей сал, ән салсаң…
Түркияда «ТҮРКСОЙ» халықаралық ұйымының ұйымдастыруымен ақын, әнші, сазгер Әсет Найманбайұлының 150 жылдық мерейтойы жоғары деңгейде аталып өтті.
Қарашаның соңғы күндері… Түрік елінің аспанында Алаш әні асқақтап тұрды. Жалпы, Түркі халқының мәдени кеңістігі ән әлемімен етене жақын. Қазақ халқы сияқты түріктердің дүние есігін ашқан сәттен бұ дүниемен қош айтысар сәтіне дейін орындалатын барлық әдет-ғұрып, салт-дәстүр әнмен әрленіп, сазбен көмкерілген. Қазіргі заманда да түрік ән өнерінің шетел асып, танымал болуына түрік сазының түбі терең тамыры себеп болып отыр.
Қазақта дәстүрлі әндер сабақтастығы осы күнге дейін қалай дамыса, дәл солай түрік халқының «ТҮРКҮ» (TÜ RKÜ ) сөйлеу (‘söylemek’ – қазақ тіліндегі «сөйлемек» етістігі түрік тілінде «ән айту» деген мағынаны білдіреді) дәстүрін ерекше атап айтқан жөн. Түркүні, дәл қазақтың дәстүрлі әні сияқты, дауысқа ғана салмай, ең бастысы жүрекпен, шын көңілмен айту ләзім. Ескіден түркү ғашықтардың сезімін білдіру үшін, туған жер, ел, ағайын-туысқа деген көңілді, пәлсафалық толғаныстарды баяндау үшін орындайды. Сонымен қатар, халық арасында ТҮРКҮ жанға ем, шипа ретінде де қолданылған. Адамға көңіл айту, халдегі адамды жұбату, сағынышты басу – мұның бәрі ТҮРКІНІҢ магиялық сипатын айқындайды.
Соның ішінде тарихта ізін қалдырған танымал ТҮРКІ санатшылары да аз емес. Мәселен, Абдурахман Қызылай, Ахмет Сезгин, Ариф Шентүрк, Байрам Араджы, Мухаррем Ерташ және ұлы Нэшет Ерташ сынды бірталай түрік халық санатшыларының есімдері белгілі.
Түркі халқының ата жұртында дүниеге келген әнші-композитор, ақын Әсет Найманбайұлы да исі түркі әлеміне ортақ тұлға. Түркі жұртының ұлы санатшыларының сарындарын тыңдағанда санамызға сақи заманның сағынышы, құмбыл тарихтың құба белдерінен талып жеткен бабалар аңсарын іздейтініміз сондықтан шығар. Қазақ әншілері мен түрік санатшыларының өнеріндегі үйлесімділік, рухани жақындық, туыстықтың сыры да бабалар қанымен, аманатымен келген қасиет пе деп ойлаймыз.
Әуелі әлемдегі ең алып шаһарлардың бірі көне һәм жаңа Ыстамбұлда, келесі күні ресми астана Анкара қаласында қазақтың әйгілі әншісі, ақын, сазгер Әсет Найманбайұлының халықаралық дәрежедегі конференциясы болып өтті. Дәлірек айтсақ 29 – қарашада Ыстамбұл шаһарындағы қазақтар көп шоғырланған Зейтінбұрын ауданындағы мәдениет үйінде өткен рухани шараға келгендердің шоғыры көп болды. Сонау Үрдін (Иордания) елінен Ыстамбұл қаласын қоныс аударған Салық ақсақал Әсет кешіне түгел отбасымен келіпті. Арғы тегі Кіші жүз Адай болып келетін Салық ақсақал нағыз батыр адам екен. Келген күні Қазақстаннан келген бауырларын үйінде қонақ қылып, қазақы дәстүрмен алдымызға дәм тартқан. Сол күні Салық Қазақтың аңызға бергісіз әңгімесін тыңдағанбыз. Ол бөлек әңгіме. Сонымен Зейтін бұрында өткен Әсет Найманбайұлының 150 жылдық мерей тойына арналған рухани шара өте биік деңгейде өтті. Кеш мазмұнына тек ғылыми конференция деп айдар тағыу, бір жақты болар еді. Делеагация құрамында ғалымдармен қатар, әнші – өнерпаздардың, ақын – жазушылардың, тарихшы – заңгерлердің болуы кеш мазмұнын барынша қоюлата түсті.
Кешті Ыстамбұл қаласындағы Қазақстан Республикасының Бас консулы Еркебұлан Сапиев сөз сөйлеп ашып берді. Қазақстан Тәуелсіздігін алғашқы таныған елдер қатарында бауырлас Түрік елінің тұрғандығын жақсы білеміз. Алаш халқының Азаттық алғанына да міне, ширек ғасырдан астам уақыт болыпты. Осынау жылдар бедерінде туысқан екі халық тек саяси-экономикалық тұрғыдан ғана емес рухани-мәдени бағыттада қыруар жұмыстар атқарғаны белгілі. Соның бірі Түркі тілдес халықтардың тарихы мен мәдениетін бір шаңырақ астына топтастырып, жалпы Түрік руханиятының орталығын ашу болатын. Бұл сапардың да негізгі сол ТҮРКСОЙ ұйымының шақыруынан, қолдауынан туындап отырғанын айтып өткен ләзім. ТҮРКСОЙ-дағы Қазақстан өкілі Асқар Тұрғанбаев аталмыш кездесудің барлық жоспарын тап-тұйнақтай етіп ұйымдастырып қойыпты. Ыстамбұлдағы Қазақ білім беру және зерттеу қоғамының президенті Серкан Дінчтүрк, тарихшы, профессор Әбдуақап Қара, Қазақстаннан барған талантты ақын, Қазақстан Жазушылар Одағы басқармасы Төрағасының бірінші орынбасары Ғалым Жайлыбай халықаралық деңгейде өтіп жатқан бұлбұл көмей әнші Әсет Найманбайұлының түркі дүниесінде алар орнын айтып, ізгі тілектерін білдірді. Алаштың айтулы ақыны Серік Ақсұңарұлы Көк Тәңірі, Көк бөрі, Көк Түріктер заманынан сөз қозғай келіп өзінің әйгілі «Қасқырдың монологы» жырын оқығанда залдағы халық дүр сілкініп, бір рухтанып қалғандай болды. Осы жолдардың авторы, филология ғылымының докторы, Қарағанды Мемлекеттік университетінің профессоры Қойлыбай Асанұлы «Әсет — түркі дүниесіне ортақ тұлға» деген тақырыпта баяндама жасады. Филология ғылымының кандидаты Бибіғайша Темірбаева «Әсет шығармашылығының өміршеңдік мұраты» атты ғылыми баяндамасын тыңдаушылар өте жылы қабылдады. Бұл жерде сөйленген сөз бен ғылыми баяндамаларды түркі тіліне мазмұн, мағынасын бұзбай аударып отырған профессор, ғалым Әбдуақап Қараның шеберлігіне еріксіз тәнті болдық.
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, әнші-сазгер Амантай Жұмашев, Астана филормониясының әншісі Нұрай Танабаев, күйші Ержан Арқабай, айтыс ақыны Бекарыс Нұриман сияқты өнерпаздар кеш барысында өз өнерлерімен көпшіліктің ықыласына бөленді. Әсіресе, Әсет туған киелі Ақтоғай топырағының төл перзенттері Амантай мен Нұрайдың өнері Қазақ әнінің абыройын Түрік аспанында асқақтата түскені үлкен мерей болды. Әсеттің «Қысмет», «Інжу-маржан», «Қоңыр қаз» әндерімен қатар, Шәмші әндерінің шырқалуы ұлы өнер сабақтасығының сарқылмас бұлақ екендігін танытты.
Келесі күні, қарашаның 30
жұлдызында әнші-сазгер, ақын Әсет Найманбайұлының Түрік елінде өткен шығармашылық кеші ресми астана Анкара қаласында одан әрі жалғасты. ТҮРКСОЙ-дың штаб пәтерінде өткен бұл шараға Қазақстанның Түркиядағы елшісі Абзал Сапарбекұлы, ТҮРКСОЙ халықаралық ұйымының бас хатшысы Дүйсен Қасейінов, Етимесгут ауданы мэрінің орынбасары Аладдин Сонат қатысып, Әсет өнерінің бүгінгі ұрпаққа қажеттілігі мен туысқан екі ел үшін рухани маңыздылығына тоқталды.
Анкарадағы кездесу кеші үлкен салтанатпен өтті. Ыстамбұлда халық қошеметіне бөленген Қазақстандық өнерпаздардың бойлары үйренген бе тіптен арқаланып алыпты. Шешендер шешіле сөйлеп, әншілер асқатата ән салды. Бұл кездесудің бір ерекшелігі Әлемдегі бауырлас түрік халықтарының біраз өкілдерінің бас қосуы дер едік. ТҮРКСОЙ-дың шаңырағында түркі тектес мемлекет өкілдерінің болуы, сондай-ақ, Анкарадағы елшіліктерден келген азаматтар Әсет әндерін тыңдап, өлеңдерін естіп бір жырғап қалды.
Кеш соңында сөйлеген Әсет ақынның ұрпағы, осы сапардың рухани һәм қаржылық демеушісі, белгілі заңгер–тарихшы Бақытбек Сыздықов Түркиядағы Қазақстан елшілігіне, ТҮРКСОЙ ұйымы басшылығына алғысын білдіріп, Абзал Сапарбекұлы мен Дүйсен Қасейіновті, түрік азаматы Аладдин Сонат мырзаларды Әсет Найманбайұлының 150 жылдық мерей тойына арнайы шығарылған мерекелік медальдармен марапаттап, келген қонақтарға қазақы дәстүр бойынша кәде сыйлар таратты.
Сапар сәтті болды. Түріктің түңілігін әнмен түрген Әсет рухы тым-тым биікте асқақтап тұрды. «Ән салсаң Әсеттей сал әуелетіп» деген Айбоз әншінің сөзі санамызда тағы бір жаңғырды…
Қойлыбай Асанұлы.
Астана – Ыстамбұл –
Анкара – Қарағанды.
Қазақ әдебиеті.