Руханият

АСТАНАДА «АБАЙ ӘЛЕМІ» ӘДЕБИ-САЗДЫ ІС-ШАРАСЫ ӨТЕДІ

Астана қаласының Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы    2018 жылғы 23 тамыз күні сағат 11.00-де Абай ескерткішінің алдында «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Абай Құнанбайұлының туған күніне арналған «Абай әлемі» әдеби-сазды іс-шарасын өткізеді.  Бұл туралы Астана қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлайды. 

Шараның басты мақсаты – өскелең ұрпаққа тағылым ретінде Абайдың рухына тағзым ету, Абайдың рухани құндылықтарын көрсете отырып, әдеби мектебін, тіл мектебін, ұлт пен рух мектебін ашу, ұлы ақынның мұрасын жастардың санасына сіңіру.

Бұл күні ең алдымен Абай ескерткішіне гүл қою рәсімі болады. Іс-шара барысында Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген әртісі Кенжеғали Мыржықбай, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Гүлзира Бөкейхан, дәстүрлі ән дүлдүлдері Ерлан Рысқали, Перизат Тұрарова және өзге де елорда өнерпаздары Абай әндерін орындайды, Астана қаласы Мемлекеттік академиялық филармониясының қазақ оркестрі қазақ күйлері мен түрлі композициялар тарту етеді, танымал күйші Айбек Бекбосын Абайдың күйін шертеді, Абайдың образы сомдалып, монологтар ұсынылады, жас ақындар Абай өлеңдерін және Абайға арналған өз жырларын оқиды, абайтанушылар мен ел зиялылары Ұлы ақын өміріне және мұрасына қатысты ойларымен бөліседі. Сондай-ақ, көпшілікке арналып «Абайдың мұрасы – қазақтың ең асыл қазынасы» атты кітап көрмесі ұйымдастырылады.

Хакім Абайдың туған күніне арналған шараға зиялы қауым өкілдері, ардагерлер мен ақсақалдар, ҚР Парламенті және Астана қаласы мәслихатының депутаттары, қала басшылығы, құрылымдық және аумақтық мекемелердің, оқу орындарының, қоғамдық бірлестіктер мен жастар ұйымдарының жетекшілері мен өкілдері, белсенді жастар және қызығушылық танытқан барша жұрт шақырылған.

Осы айдарда

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *